1Кездесулер тарихынан
Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан Погода в Казахстане


     E-mail адрес: admin@kangly.kz

СӨГҮТТЕГІ ИОРУК МЕРЕКЕСІ

Жыл  сайын қыркүйек айының  екінші аптасының соңында Түркияның  Ескишеһир қаласының маңындағы Сөгүт қалашығында Иорүк мерекесі өтеді. Ол Орталық Азиядан шыққан Қайы Қаңлы тайпасының бір бөлегінің Анадолы жеріне табан тіреуінен басталады екен. Бұл әрі олардың көсемі Ертұғрыл Ғазиді еске  алуға арналған шара. 2011 жылы қыркүйек айының ортасында қазақ зиялыларының бір тобы арнайы шақырумен Сөгүтте болып қайтқан болатын. Осы оқиғаға орай  журналист Марат Тоқашбаевтың  жазбасы сайт оқырмандарына ұсынылады.

Марат ТОҚАШБАЕВ, журналист

 

 

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында  Нұрмұхаммет Әжметов деген кәрия бар. Бұрын ұзақ жылдар партия, кеңес қызметін атқарған, облыстың бес ауданында бірінші басшы болған кісі. Сөгүтте жыл сайын Иорүк мерекесі өтетінін естіп, маған хабарласқаны бар. Өзі Қазақстанның Түркиядағы қазіргі елшісі Жансейіт Түймебаев арқылы Сөгүт қаласының басшыларымен де сөйлесіп, келісіп қойыпты.  «Туысқандарға барып қайталық!» дейді. Ұсынысты мен де құп алдым. 

 Қыркүйектің 8-і күні Ыстамбұл әуежайынан бізді күтіп алған көлікпен Сөгүт қаласына тартып кеттік. Қазақстандық делегация құрамында Нұрмұхаммет Әжметов аға жеңгеміз Зәмзәгүлмен, Шымкенттегі «Бәйтерек-Қазығұрт» қоғамдық қорының президенті Келесбай Ержан, сот судьясы Шара Дүйсебековажәне осы жолдардың авторы бар делегация қатысты. Жол ғажап. Тегінде Түркияда іссапармен жиі боламын. Бірақ әр келген сайын түрік елінің экономикалық қарқынына, қалааралық трассаларды маңызды туристік инфрақұрылым ретінде керемет серпінмен дамытып жатқанына куә боламын. Бес жүз шақырым тез-ақ өтті. Сөгүт қалалық мэриясының мейманханасында әкімшілік қызметкерлері күтіп алды. Айнадай тап-таза қала екен. Қаланың көрікті жерлерін араладық. Ертесіне Сөгүттің жыл сайын осындай мерекелер өткізетін орталық шатырында той басталды.


Орналасқан мейманханамыз көшенің қарсы бетінде екендігіне қарамастан салтанатқа сәл кешігіп келдік.  Жұрт көп. Иін тірескен халық. Көгалда мойнына қызыл бант байланған қой  арқандап қойылыпты.  Театрландырылған көрініске әзірленгендей жиналғандардың көбі  көне  заман үлгісіндегі киімде. Әскери музыканттар тобы да тұр. Қазақи шапан, ақ қалпақ киген біздер де ортаға беттедік. Жиналғандар қоғадай жапырылып жол беріп жатыр.

Төңіректе құттықтаған сөздер:

  – Мерхаба!

  – Хош гәлдініз!

–       Салам алейкүм!

–       Уаликүм ассалам!

–       Иорүк байрамы мубәрак олсун!

Біз тобымызбен ортаға шықтық. Басшылармен амандасып жатырмыз. Сонау алыс Қазақстан жерінен келгенімізге бәрі қуаныш білдіріп жатыр. Ары қарай  иорукшылар (жорықшылар) биі жалғасты. Аймақ уәлиі  ... барша жұртқа құттықтау лебізін арнады. Шала-пұла білетін түрікшеміздің арқасында ұққанымыз мынау болды:  қазіргі Түрік Республикасының  бастауында тұрған Османлы империясы Ертұғрыл ғази заманында дүниеге келген. Сонау Орталық Азиядан шыққан  қайы түркілер тобы 1281 жылы Анадолы жеріне табан тіреді. Моңғолдарға қарсы шайқаста түркілердің  көрсеткен көмегі үшін Селжүк билеушісі Алаеддин Кейкубат оларға Сөгүтті қыстау, Доманішті жайлау етіп беріпті. Иорүк мерекесі міне содан бері тойланып келеді екен. Мерекеге жыл сайын түркі мемлекеттерінен қонақтар шақырылатын көрінеді. Бұл жолы қонақтар Қазақстаннан келген (бұл бізді айтып отырғаны).


Жұртшылық қол соғып бізге қошемет көрсетіп жатты. Түркияның орталық телеарналарының операторлары, газеттердің фототілшілері жапа-тармағай түсіріп жатыр. Бізбен суретке түскісі келгендер де көп болып шықты. «Туысқан түрік халқының ортасына келіп,  аяқ астынан жұлдыз болып кеттік қой» деп күлеміз. Жиынның соңында паркте әлгі байлаулы тұрған бантикті қой құрбандыққа шалынды. Ертұғрыл ғази кесенесі басында құран бағышталды.

  Алла тағала нәсіп етіп осы мекенде бұдан 730 жыл бұрын Ертұғрыл ғази салдырған кішкентай мешітте болдық. Іші 20 шаршы метрдей ғана. Алайда бұл ғибадатхана мұсылманшылықта таратуда зор рөл атқарыпты. Мешіт имамы қызықты бір әңгіме айтып берді. Жорықшылар осы жерге тұрақтағанда оларды  жергілікті рұмдықтар қонысынан шағын өзен ғана бөліп тұрады екен. Ертұғрыл мешіт  салуды ойластырғанда сұрақ туындайды: ғибадатхананы өздері жаққа салған дұрыс па, әлде рұмдықтар жаққа салған дұрыс па?  Ойлана келе ол мешітті рұмдықтар жаққа салғанды жөн көреді. Сөйтіп әлгі кішкентай ғана мешітті салады. Мұсылман қауымы намаз уақыты жақындағанда әдетінше дәрет алады. Мұны көріп рұмдықтар таңдана сұрақ қояды: «біз қолдарыңды, аяқтарыңды жуғандарыңды көрдік. Қолмен лас нәрсе ұстайсың, аяқпен лас нәрсе басасың  – мұны түсіндік. Ал не үшін ауыз шаясыңдар?». Ертұғрыл түсіндіріп береді: «Ауызбен кейде біреуге тілің тиеді. Көңілін қалдырасың. Сондайды болдырмау үшін аузымызды жуамыз». Әлгі сөзді естіген кісі  мұны бүкіл ауыл-аймаққа жаяды. Рұмдықтар өздері көріп, көздері жеткен соң  мұсылман дінінің тазалығы мен артықшылығына деген ықылас- ынтасы артып топ-тобымен мұсылманшылыққа өтеді. Сөйтіп Сөгүт жері исламның орнығуына да қызмет еткен екен.   

 

    

Ертесіне қала әкімшілігінің алдындағы алаңда мерекенің ресми салтанаты өтті. Ішіміздегі ақсақалымыз Нұрмұхаммет Әжметов  қазақстандық делегация атынан сөз сөйлеп, жиналғандарды      Иорүк мерекесімен құттықтады. Қазақ халқы ел егемендігін алғаш таныған мемлекет ретінде  Түркияны айырықша құрмет тұтатынын айтты. Бұл туыстық төркіні әріде жатқандығын,  Османлы империясының негізін қалаған Ертұғрыл ғазидың әкесі Сүлеймен шаһ пен оның серіктері қазақ топырағында өмір сүрген қайы қаңлы руынан шыққандығын көлденең тартты. Бұл түрік ағайындар үшін үлкен жаңалық болды.

 


 Бірінші шегініс

ХШ ғасырдағы моңғол шапқыншылығы бүкіл әлемнің бет бейнесіне айтарлықтай өзгерткені мәлім. Моңғолдар батысқа қарай бет түзеді. Орталық Азияны тапап өтіп Еуропаны жайпады.  Жеңіліс тапқан  немесе  қырылып кетуден қорыққан ру-тайпалар  шеткеріге ығысты. Шапқыншылық салдарынан  Орталық Азиядан батысқа ойысқан түркілер жаңа жерлер іздеді.  Қаңлы тайпасының Қайы қаңлы руы XIII ғасырдың орта тұсында  Сейхундария  (СырДария) бойынан  Махан өңіріне (қазіргі Түркменстан жеріне) келіп бірнеше жыл  аялдайды. Оларды бастап шыққан Сүлеймен бай ұлдарына  (кей деректерде Гүндіз Алып делінеді)  үнемі басқа шұрайлы қоныс керектігін құлақтарына  құйып отыратын. Мұны Хайма ананың  да құлағы шалушы еді. 

     Қоныс алу үшін де, оны қорғау үшін де күш қуат керек. Сондықтан ежелден жауынгер көшпелілердің бұл ұрпағы садақ тарту, найза шаншу, басқа ұрыс тәсілдерін үнемі жетілдіріп  отырды. Батысқа қарай жорық жолында Сүлеймен Фрат (Ефрат) өзенінен өтерде суға кетіп өледі. Батырдың төрт  ұлының екеуі бұл уақиғаны бақытсыздыққа балап кері қайтқанды жөн көреді. Қалған екі ұл  Ертұғұрыл мен Дұндар елін бытыратпай, көшті кері қайтармай шешесі Хайманың қолдауымен 440 шаңырақ  әкелерінің  арманын  іске    асыру үшін жорық жолын әрі жалғастырады.   

     Қолды Ертұғұрыл басқарды.  Олар алдымен Қаражадаға, одан Сөгүтке келеді. Дәл осы Сөгүтте алты ғасырлық   Османлы империясының    негізі қаланды. Қайы қаңлылар Сейхундария бойынан шығып арбасының дөңгелегін шиқылдатып, мал шалдырта жүріп  Сөгүтке жеткенше оншақты жыл  уақыт өтсе керек. Мұндай деректер Османлы тарихшыларының  көрнекті өкілі Нешриддиннің жазбаларымен де растала түседі.   

      Бұлар Сөгүтке жеткенде қиян-кескі ұрыстың  үстінен шығады. Дұндар мырза «Не істейіз?» дегенде  Ертұғрыл ғази «Қайсысы жеңіліп жатса соған көмектеселік» дейді. Қайы қаңлылар бұрыннан мұсылман болатын. Сондықтан Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) жолынан, өздерінің ғұлама туысы әл-Фараби (870 жылы Отырарда туған)  мен Қожа Ахмет Иассауидің (1103 жылы Сайрамда туған) имани ілімдерінен  хабардар еді. Сондықтан олар үшін әділдік, әлсіздерге көмек қанына сіңген қасиет болатын. Ұрысты бақылап тұрған бұлар біраз уақыттан соң соғысушылардың ойсырай жеңіліп бара жатқан жағына болыса кетеді. Тасадан тап берген тың күш қойсын ба, екінші жақтың тас-талқанын шығарады. Сөйтсе соғыс осындағы Селжүк патшасы Алаетдин Кейқуаттың әскері мен бұл жаққа да жеткен моңғол қолының арасында жүріп жатыпты. Жеңіліп бара жатқанда қол ұшын беріп, көмектескені үшін  Ертұғрылға Селжүктердің патшасы  Кейқуат қатты риза болады.  Патша Қайы қаңлыларға әуелі қазіргі Анкара маңындағы Қаратауды береді. Артынан   румдықтардан  өздеріне қаратып алған жаңа жер Сөгүтті қыстаулыққа, Доманішті жайлауға береді.

      Қайы қаңлылар содан әр жылы жазда Доманіш жайлауына шығып, қыркүйекте Сөгүтке қайта түсетін. Мырзалары Ертұғұрыл Ғазидің қолбасшылығында "Әуелі – қоныс, артынан – жеңіс" тұжырымын ұстанды, аймақта тұрақтап қалуды  көздеді. Бұл олардың ежелгі атамекенін еске салатын. Ертұғұрыл ғази  жайлаудан қыстауға аман-есен оралғандарын халқына "ет пен қаңлы палауын" сыйлау жолымен тойлатқызатын. 727 жыл бұрын Ертұғұрылдың тірі кезінде басталған бұл әдетті Қайы қаңлы руы ол 1281 жылы өлген соң да дәстүр ретінде жалғастырды. (Бұл деректер Әбдуали Қайдаридің «Қаңлы» кітабынан алынды.Алматы «Дайк пресс», 2004 ж).

 

       Түркияның белгілі мемлекет қайраткері Дәулет Бахчели мырза Османлы дәулетінің осы бастапқы кезеңі туралы:  «Түрік тарихының марапатты беттерінен орын алған Османды мемлекеті дүние тарихындағы ең ірі мемлекеттердің бірі екендігі шүбәсіз. Бұдан 720 жыл бұрын селжүктердің қолбасшысы сипатында Ертұғырыл Ғази салған негіз  Қайы қаңлы ұрпақтарының әлемде алып бір империя  құратынын әрине білмеуші еді. Алайда ол Анадолыда түрік дәулетінің іргетасын  қалаудың және ағайын арасындағы қақтығыстарды жоюдың қажеттігін өте жақсы білетін. Сол үшін де өзі және кейін билікке ие болған ұлы Осман Ғази мен немерелері батысқа қарай бет алып, қандастар қақтығысынан аулақтануды жөн санаған. Кейін келе күшті бір мемлекет тек бірлік арқылы қаланатындығына сенгендері себепті, өзге түрік бектіктерін де бір тудың астына топтастыруға  күш салды. Сөйтіп Шығыс, Орта Европадан  Орта Шығысқа, Қырым мен Кавказдан  Солтүстік Африкаға дейінгі ұлан-байтақ  кеңістікте  билік құрған Османды (Османлы) мемлекеті пайда болды» дейді («Еуразия» журналы,№2, 2002 ж). 

 


Сөйтіп Сөгүт  пен Доманіш түрік тарихында маңызды орынға ие айналды. 1289-жылы Селжүк патшасы   Ертұғырыл мырзаның батырлығымен көзге түсіп жүрген кіші ұлы Оспан (Осман) мырзаға рұмдармен шегарадағы уәлаяттың билігі беріледі.  Осы кезде Білежікте Әбдібәли деген шайық өмір сүретін. Ол төңірегіне иман нұрын шашқан жан еді. Мықтылар мен мырзалар одан тәрбие, білім және мінез-құлық (ахлақ) сабағын алатын. Сөгүтте Ертұғрыл Гази, Білежікте шәйық Әбдібәли  Ұлы Осман империясы бәйтерегінің ұрығын сепкен деуге болады. Өйткені  Ертұғрыл Гази кіші ұлы Османға шайық Әбдібәлидің қызы Бал ханымды алып берген. Осы некеден жарты дүниеге алты ғасыр билік жүргізген, әлемде бұрынды-соңды кездеспеген ең ұзақ өмір сүрген Османұлдары хандығы дүниеге келді. Сонымен әлемдегі ең ұлы өркениет қалыптасты. Осы теңдесіз өркениеттің алғашқы шырағы Сөгүтте алауланып бірте-бірте Бурса, Едірне, Стамбұлға, одан ары қарай үш құрлыққа тараған. Ұлы байтерек тамырының осыншама кең жайылуының себебін  мына сөздердің түйінінен тіпті айқын ұғуға болады. Ертұғұрыл Ғази ұлы Осман Ғазиға былай депті:

Бері қара, ұлым,

Мені ренжіт, шайық Әбдібәлиді ренжітпе,

Ол біздің тайпамыздың нұры,

Таразысы ақша шашпайды.

Маған қарсы шық, оған қарсы шықпа.

Маған қарсы шықсаң, қайғырып мұңаярмын,

Оған қарсы келсең, көздерім саған қарамас,

Қараса да көрмес болар.

Сөзім Әбдібәли үшін емес,

Аймағымыз үшін.

Осы айтқанымды өсиет деп біл...

 

      Бұл ел бірлігін көздеген  көсемнің кейін ұлы империя құратын ұлына арнаған жүрек сөзі, Әбдібәли арқылы рухани тазалыққа шақырған шынайы өсиеті болатын. Бұған қосымша Шайық Әбдібәли де күйеу баласы Қайы қаңлы Осман мырзаға шекара уалаятының  басшысы болып тағайындалған кезде мынадай өсиет айтқан:

Әй ұлым, билеушісің!

Бұдан былай алу бізден, ынтымақ сенен.

Ренжу бізден, төзу сенен.

Әлсіздік, жаңылысу, мәз болу бізден, әділет сенен.

Қырын қарау, бейпіл ауыздық,

Қақсыз баға бізден, кешіру сенен.

Бұдан былай бөлу бізден, қосу сенен.

Жалқаулық бізден, ояту, жігер беру сенен.

Әй, ұлым! Сабыр сақтай біл!

Уақыты толмай гүл ашылмайды, соны ұмытпа!

Адамдарға үйрет,  мемлекетін жасасын.

Әй, ұлым! Жүгің ауыр, жұмысың жапалы, күшің қыл үстінде

Бір Аллаң  қолдаушың болсын!

 

         Ертұғрыл ұлы Осман Ғази әкесі мен қайын атасының сөздерін жадынан еш шығарған емес. Ол ең алдымен өзінің  құтты қоныс іздеген ата-бабаларының асыл армандарын орындауға  ұмтылды. Ұтымды дипломатиямен, қажет жерде күшпен Осман ғази өз иелігін кеңейте берді.  Қайы қаңлыларды сөйлейтін тіліне қарап айналасындағы және бағынышты елдер түрік деп те атайтын болды.  Жеңістер бірінен кейін бірі жалғасты. Жапырағын жайған Османлы бәйтерегі  Франсия, Балкан, Хижаз аймағы, Мысыр, Морокко, Тунис, Алжир, Жерорта теңізі, Еуропа, Қырым және Үнді мұхитына дейін созылды.  Осы керемет өркениеттің бесігі Сөгүт болған. Өздерін Қайы қаңлының ұрпағы санаған түркінің қабырларында жатқан ұлы перзенттері ғасырлар бойы адамдарға рухани күш беріп келді. Кейін қараусыз қалған Сөгүт жері  II Әбдулхамит хан тұсында қайтадан өңделіп, онда  Хамиддие мешіті мен медресесі салынды.

 


      Империяның Анадолы аумағының бір түкпірінде түрік билігінің арқасында негізі қалануы өте маңызды тарихи оқиға. Үш құрлықты қамтитын шекарасы бар Оспан құрған (өздері Османлы атап кеткен) түрік мемлекеті тек әскери қуатымен, соғыс тәсілдерімен ғана күшті емес еді. Османлылардың жеңіс рухы керемет болатын. Қайы қаңлылардың ынтымақты бірлігі жоғары болды. Өздеріне қараған аймақтарда түріктер отарлау ойында болмай әділ билік орнатты. Бағынған елдердің дамуы мен көркеюіне еселеп үлес қосты. Мұсылманшылық пен әділдік Османлы дәулетінің даңқын арттырып,  мемлекеттің үлкеюінде, әлемдік державаға айналуына негіз қалады. Жаңа мәдениеттің қалыптасып, жетілуіне жол ашты. Осы арада заңдылық пен  әділетке арқа сүйеген, нәсілге, тілге, дінге бөлінбейтін мемлекет құру    арқылы   бүкіл әлемге үлгі көрсетілген еді.
         Бүгінгі күні сол орасан кең аумақта Османлы мәдениетіне қатысты теңдесі жоқ көптеген ескерткіштер сақталып қалған. Қазір әлемде кезінде  Османлы империясының қоластында болған   үлкенді-кішілі 56 мемлекет бар. Жеті ғасырдай үздіксіз өмір сүрген Османлы дәуірі түрік ұлтының келешегі үшін өмірлік  тәжірибе сабақтарына толы.

       Соның бәрі Ертұғрыл ғазидің  жеңістерінен басталады. Бұл Сырдария бойынан басталған ұзақ жорықтың  соңғы қадамы, соңғы жеңісі болса, Османлы империясының  іргетасы қалануына себеп болған алғашқы қадам, алғашқы жеңіс еді. Сөгүттегі  мерекенің халық арасында йорук (жорық) мейрамы аталуы да  сондықтан. Оның тарихы ауыздан  ауызға, әкеден балаға хикая ретінде жалғасып отырды.  Осы арадан әлемде заң және әділет таратқан, нәсілге, тілге,  дінге бөлінбеген бір мемлекет құру    арқылы    үлгі көрсеткен еді.

     Біз де Ертұғрыл ғази кесенесіне келіп құран бағыштадық. Ол 1281    жылы дүние салыпты. Оның көзі тірісінде бастатқан мерекелері  әлі   жалғасып  келеді.   Бұл  салтты  өткізу  үшін жұртшылық әр жылы қыркүйек айының екінші жексенбісінде Ертұғұрыл батырдың кесенесіне жиналады. «Шипалы палау», "тәтті шелпек" сияқты тағамдар тартылады. Жиналған жұрт сөйтіп Жорық мерекесін тойлайды.  Османлы сарайының ең сенімді әскерлері бұрын Сөгүтте таңдалатын. Олар патшалардың ең жақындарының ішіндегі ең лайықтылары болды. Сөгүт шын мәнінде дамыған құрылыстың да,  кейін  азаттық үшін айқастардың да бесігі болған. Мұстафа Кемал Ататүріктің:  "Сіздер ол жерде жауды ғана емес ұлттың бақытсыздығын да жеңдіңіздер" деуі тегіннен тегін емес.

 


       Ұлы Ататүрік 1930-шы жылдары  "Ояу бол, дайын тұр, Кеңестер одағы тарайды, бір сәтте тәуелсіз мемлекеттер қатарына бір сыпыра түркітілдес елдер қосылатын болады"  деген екен. Сол көргендік бүгінде жүзеге асты. Тәуелсіз мемлекеттер қатарына 1991 жылы Қазақстан да қосылды. Қазақстандағы тек қаңлылар ғана емес күллі қазақ халқы Османлы империясының құқықтық мұрагері Түркия елін мақтан етеді.