1Кездесулер тарихынан
Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан Погода в Казахстане


     E-mail адрес: admin@kangly.kz

 КЕЗДЕСУЛЕР ТАРИХЫНАН  

 Ас-Керуен

   Сүйікті Отанымыз Қазақстан тәуелсіздік алып, қазақ жұрты оңы мен солын тани бастаған кезде арғы тегін мүлде жоғалтып ала жаздаған алуан ру-тайпалардың ұрпақтары өздерінің ата-бабаларын іздей бастады. Сол тұста кезінде Оңтүстік Қазақстан облысында бес бірдей ауданның тізгінін ұстаған Нұрмұхамбет Әжметов кәрия «Ана тілі» газетінде жарияланған ру-тайпа шежірелеріне орай Қаңлы тайпасының өзі жинаған шежіресін жібереді. Бірақ ол газетте шықпай қалады. Шежірені бір ізге түсіру мақсатымен 1993 жылы ол Қазығұрттан Құдаш Өсербаев, Керім Тасанбаев, Сарыағаштан Әлібек Ермеков, Келестен Әнуар Тұрдалин, Бейсенәлі Қырғызәлиев, Түлкібастан Тұрсын Оразалиев сияқты білікті, жөн білетін азаматтарды шақырып кеңес құрады.

   Осы азаматтар түгел сол 1993 жылы «Бостандықта Еңке баба бейіті бар екен» деген хабарды естіп, Сарыағаш ауданындағы «Жеңіс» кеңшарының директоры Танабай Шыңбасовтың жол бастауымен Өзбекстандағы Бостандық ауданы «Тараз» ауылына барады. Шежіре жинақтаған Әбдез деген кісінің еңбектерімен танысады. Сонда кездескен Дүйсенбі деген ақсақалдың сілтеуімен Сайлық деген жерден ауыл ішіндегі, екі үйдің орнындай қоршалған қорымға барады. Шет жағында үюлі тастар жатыр екен. Білетіндер «Еңке бабаның бейіті осы!» деп көрсетеді. Келгендер құран оқып бата жасайды. Бір хиуалық жігіт шырақшысы екен. Осы маңдағы «Ақташ» шипажайында емделіп жатқанда түсінде біреу: «Сен мені аттап кеттің ғой» депті. Содан шошып оянып, таңертең төңіректен сұрастырса, білетін кісілер жақын жерде әруақты Еңке баба жерленген әулие бар депті. Әлгі жігіт алып жатқан емін тастап, әке-шешесін алдыртып, өзі жергілікті бір қызға үйленіп, сонда шырақшы боп тұрып жатыпты.

   Арнайы сапарлап келген ағайын сол жерде ақылдасып Еңке бабаға кесене салуды ойластырады. Жобасын Абыл деген азамат жасайтын болады. Бұл туралы ойларын дереу Алматы облысы Шелек ауданының әкімі, Еңке баба ұрпағы Елеусіз Сұлтанғазиевке хабарлайды. Осыдан кейін Еңке баба кесенесіне байланысты бірталай шаруаны Алматы облысындағы туыстар мойындарына алған. Солардың жұмылуымен, сондай ақ оңтүстікқазақстандық Жауғаш Белсебаев, Тастемір Лесбаев, Тілләбек Мұсабаев, Тұрсын Оразалиев, Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Құдайберген Мырзахметов және тағы басқа ондаған азаматтардың қаржылай қолдауымен, жұртшылықтың көмегімен құрылыс салынып бітеді.

   1994 жылы 20-маусымда Алматы облысы Шелек ауданының сол кездегі әкімі Елеусіз Сұлтанғазиев бір топ туысқандарымен келіп құдайы беріп кетеді. Қасында ағасы, аудандық білім бөлімінің бастығы Рахымғали Ыбырайымов, кеңшар директоры Құдайберген Орымбетов (кейін бірнеше аудандарды басқарды, марұм) және бірнеше адамдар болады.

   1994 жылы 10-шілдеде Бостандық жерінде (Өзбекстан) Еңке баба кесенесі салтанатты түрде ашылды. Алматыдан жазушы Қалаубек Тұрсынқұлов, жазушы-журналист Марат Тоқашбаев, тележурналист Тыныс Өтебаев, Шелек ауданының әкімі Елеусіз Сұлтанғазиев, Жамбыл облысынан Талас ауданының әкімі Ералы Дадабаев бастаған делегация, Оңтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарынан, Шымкент және Ташкент (Өзбекстан) қаласынан барлығы 700-дей ағайын-туыс келді. Оларды Бостандық ауданында тұратын Д.Қалыбаев, С.Ахметов, Ж.Андаков, Қ.Мырзамұратов сияқты қаңлы бауырлар, Қамбар, Бейсен, Ағабек, Алдаберген сияқты мекеме, шаруашылық басшылары күтіп алды. жиналғандар бір бірімен танысып, төс қағыстырып, көздеріне жас алып жатты.

   Жоғарғы шыршықта тұратын 104 жастағы Бапыш баб кәрия Еңке баба аруағына бағыштап құран оқыды. Жанында кезінде Өзбекстанда, Оңтүстік Қазақстан облысында жауапты қызметтер атқарған, Социалистік Еңбек Ері Егембай Тасамбаев отырды. Соңынан Ас берілді. Асты Қ.Мырзамұратов басқарды. Тәшкендегі Қазақ мәдени орталығының бас ақыны Әшірмай Мұсаұлы қаңлы тайпасының тарихы мен игі жақсыларына арнаған жырын әуелетті.

   Бұдан кейін Қазығұрттағы Бәйтерек-Келдібек кесенесі бой көтерді. Ас беру біртіндеп дәстүрге айналды.

   1997 жылы Талдықорғандық кәсіпкер Қайып Жұмабаев балаларымен бірге «Алтын емел» деген жерде төртінші атасы Тоқтышақ әулиеге ас берді.

   Сол жылдарда Алтын Емелде сол өңірде би болған Жанбай бабаға, Түркістанда қалмақ басқыншыларына қарсы ерен ерліктер көрсеткен Назарұлы Жалаңтөс батырға (Алшын Жалаңтөс батыр басқа), Бостандық ауданында Алпыс, Құмырсқа аталарға ас берілді.

М.Алматин