1Кездесулер тарихынан
Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан Погода в Казахстане


     E-mail адрес: admin@kangly.kz

  КЕЗДЕСУЛЕР ТАРИХЫНАН 

Ас беру солай басталған...

   Қаңлылар қазақ халқын құраған тайпаларлың ішінде ең алғашқы болып мұсылман дінін қабылдаған. Одан бұрын Көк тәңіріне табынса керек. Жазушы Нығмет Мыңжани «Қытайдан табылған «Сүй патшалығының тарихында» қаңлылар ата-бабаларының аруағына арнап, құрбандық шалып, мінәжат етеді. Қаңлы елінде ата-баба мазары бар. Әр жылы маусым айында барлық бектіктер жиналып, ата- бабаларына шек (құрбандық) береді» деп жазады.

   Сол ата-бабалардың бұрыннан келе жатқан дәстүрін бүгінгі ұрпақ қайта жаңғыртты. Қазығұрт баурайындағы Бәйтерек-Келдібек кесенесі басында жыл сайын маусым айының бірінші сенбісінде аруақтарға ас беріледі. Бұл дәстүр 2002 жылы басталды.

   Алғашқы Ас беру Бәйтерек-Келдібек кесенесінің ашылуына орай ұлан-асыр мерекелік шара ретінде өткізілді. Оған Қаңлы ұрпақтары ғана емес қазақтың бүкіл тайпаларының өкілдері шақырылды. Мүбәрак мерекеге 2000-нан астам адам қатысты. 80 киіз үй, 300 орындық жазғы шатыр тігілді. Шанышқылы бауырлар біз де руласпыз деп 5 киіз үй тікті. Дала думанға бөленді. Қаңлы тарихынан театрландырылған көріністер көрерменді тарих қойнауына жетеледеді. Сахнадан қазақ халқының мақтаныштары, қаңлы тайпасының өкілдері Әл Фараби, Қорқыт Ата, Асан Қайғы, Қайырхан, Түркен хатун бірінен кейін бірі өтіп жатты.

   Жиынды жергілікті қаңлылардың төрағасы Нұрмұхаммед қажы Әжіметұлы ашты. Аруақтарға бағышталып құран оқылды. Академик Әбдуали Қайдар қаңлы этносы мен оның тармақтары хақында баяндама жасады. Жазушы тараздық Бақтияр Әбілдаев, өзбек ғалымы Шаниязов қаңлы мемлекетінің Орта Азиядағы ең байырғы іргелі ел болғаны жайлы пікірлерін ортаға салды. Аудан әкімі Ә.Көбеев, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Төлеметов жүрекжарды лебіздерін білдірді. Толымбек Әлімбек, Жұмабек Мұқанов, Болат Шарақымбай сияқты ақындар өлең өріп, жыраулар жыр төпелетті. «Жұлдыздар» тобы, Шәкира Сенбиева, Мейрамкүл Тантабаева тәрізді талантты әншілер қатысқан Гала-концерт талайларды тамсандырды. Ары қарай екі күн бойы бәйге мен көкпар ойындары өткізілді. Жеңімпаздарға арнап 2 жеңіл автокөлік, 100 бас ірілі ұсақты мал, 1,5 млн теңге тігілді. Бұл шаралардың ойдағыдай өтуіне Дәрібай Шалаев, Ералы Дадабаев, талдықорғандық Қайып Жұмабаев айтарлықтай үлес қосты.

   Бұдан кейін ас беру өзіндік дәстүрге айналды. Содан бері Ас берген аудандар мен қалалар реті төмендегідей: 2002 жылы –Шымкент қаласы
2003 жылы – Түркістан ауданы
2004 жылы – Сарыағаш ауданы
2005 жылы – Түлкібас ауданы
2006 жылы – Жуалы ауданы
2007 жылы – Шардара ауданы
2008 жылы – Тараз қаласы
2009 жылы – Алматы қаласы мен Алматы облысы
2010 жылы – Астана қаласы
2011 жылы – Бостандық ауданы (Өзбекстан)
2012 жылы – Қазығұрт ауданы
2013 жылы – Сарыағаш ауданы
2014 жылы – Жуалы ауданы.
2015 жылы – Қызылорда облысы өткізбек.