Тұлғалардан тағылым
Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан Погода в Казахстане


     E-mail адрес: admin@kangly.kz

ga5

  ТҰЛҒАЛАРДАН ТАҒЫЛЫМ 

Д.Қонаевтың анасы туралы ақиқат

     Димаш Ахметұлы Қонаев дүниеден өтіп, артындағы қазақ жұрты одан алыстаған сайын «асқар таулар алыстан көрінеді» демекші, Димекеңнің бар болмысы, таңғажайып тұлғасы биіктеген үстіне биіктей түсуде. Алайда осы адам төңірегінде әлі күнге неше түрлі аңыз, қисынсыз әңгімелер өріп жүр. Бірақ бұл әңгімелердің ешқайсысы Димекеңнің биік адамгершілік қасиетіне, кісілік келбетіне нұқсан келтіре алмайды.

 

        Димекең Қазақстанның ең жоғарғы билік лауазымдарында 45 жыл болса, соның ширек ғасырын Қазақстан Компартиясы Орталық  комитетінің бірінші хатшысы, КСРО Жоғары Кеңесінің мүшесі, республика Жоғарғы Кеңесінің алқа мүшесі, 21 жылдан астам  КОКП Орталық Комитеті Саяси бюро­сы­ның мүшесі қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасы Министрлер Кеңесін екі рет бас­қарды. Ел мен жерге сіңірген еңбегі үшін  үш мәрте Социалистік Еңбек Ері ата­ғын, 8 рет Ленин орденін алды. Мұн­дай бас айналарлықтай аса жоғары ма­рапатқа одақтас республикалар басшылары ішінде одан басқа ешкім жете алған жоқ.

    Өкінішке қарай айналасындағы алып-қашпа әңгімелердің бір дені Димекеңді татар қылып шығарады. Немесе шешесі татар болған дейді. Әйтеуір жақсылығын қазаққа қимайды. Оның «арғы тегі татар» деушілер кішкентай Димашты әкесі Меңдіахмет орыс мектебіне барғанына дейін «Гаспринский мектебі» деп аталатын медресеге оқуға бергенде ондағы анкетаны толтырушылар ұлтын «татар»  деп көрсеткеніне сілтеме жасайды. Өйткені әлгі мектеп татар мектебі болып саналалатын. Димаштың «татар» деп жазылуы әжесінің яғни  әкесі Меңдіахметтің шешесі Хадиша Сағалбайқызының татарға жиен болуынан. Яғни Хадишаның анасы Меңдіахметтің Верныйда өзі приказчигі болып жұмыс істеп жүрген көпес Ысқақ Ғабдуалиевтің әпкесі болып келеді.  

   Жазушы, қонаевтанушы Ораз Қауғабай Димекеңнің мұражайында оның атасы Жұмабай Қонайұлының  қазақ екенін дәлелдейтін мұрағат материалы бар екендігін көлденең тартады.  Онда 1912 жылы 30-қарашада Верный қаласында Жұмабайдың қайтыс болуына байланысты оның мұрагерін тағайындау жөнінде мәселе бойынша Верный қалалық соты шығарған шешімде Жұмабайдың «қырғыз» яғни қазақ екендігі тайға таңба басқандай етіп жазған:  «..надь имуществомь умершего киргиза Нижне-Илиского волости Джумабая Кунаева... учредить опеку и опекуномь назначить сына покойного – Минди-Ахмет Кунаева» делініпті онда. Ол кезде қазақтарды «киргиз» деп, қырғыздарды «кара киргизы» деп атағаны мәлім. Жазушы «Бұл – Димекеңнің тегі таза қазақ екенін дәлелдейтін бұлтартпас дерек емес пе?!» дейді.  

     Димекеңнің әжесі – Хадиша татарға жиен болғандығынан  басқа татарға тағы бір қатысы – әйелі Зухра апамыздың татар қызы екендігі. Әйелі татар қызы болғандығы үшін күйеуін татар еді деу еш қисынға келмеді. Дінмұхамед Ахметұлы «Өтті дәурен осылай» деген эссе кітабында өзінің ата-тегін  айқын көрсетіп береді. Үйсіннен Ақсақал (Абақ), одан – Қараша би, одан Бәйдібек туады. Бәйдібектің үшінші әйелі Зеріптен туған Жалмамбеттің Ысты деген бел баласы –Ысты тайпасының бастауында тұр. Димекең өзіне дейінгі жеті атасын  «Жолын –  Нұрмамбет – Азынабай– Қонай – Жетібай – Жұмабай – Меңліахмет – Дінмұхамед» деп таратады. Көріп тұрсыздар, ата-бабасынан тартып Димекең таза қазақ!

      Шаруа баққан бұл тұқым  кісі есігін сағаламай, өз еңбегін емген. Осы күнгі Қапшағай өңірінен Күрті өзенінің оң жақ жағалауын, негізінен Іленің сол қанатынан мына Құйғанға дейінгі жерді қоныс етіпті. «Ертеректе бұл жерлер Жетісу губерниясы Верный оязы Төменгі Іле болысы атаныпты. Қазіргі  Алматы облысының Балқаш пен Күрті аудандарының жері» (13-бет) деп еске алады кітабында Димекең.

    Димекең бұрынғы Верный, қазіргі Алматы қаласында туған. Олардың отбасы Сарқант көшесінде Иванов дегеннің (Үлкен станицада ) үйінде тұрады. Дінмұхаммед сол үйде 1912 жылы 12-қаңтарда дүниеге келген. Гаспринский мектебінен кейін Чернышевский атындағы  №19 мектептің бірінші сатысында оқыған.

    Димекеңнің әкесінің толық аты-жөні – Меңліахмет Жұмабайұлы Қонаев. Қонай – төртінші атасы. Әкесі Меңліахмет 1976 жылы тоқсан жасына үш ай жетпей дүниеден озды. Жіңішкелеу, көзінің нұры таймаған, парасатты кісі еді. Көкбазарға келіп, қымыз ішіп, замандастарымен әңгімелесіп отыратын. 1970 жылы маусым айында мен қызмет етіп жүрген Алматы облыстық «Жетісу» газеті Фурманов көшесі мен Совет (қазіргі Қазыбек би) көшелерінің қиылысындағы бұрынғы мекенінен Көкбазардың жанындағы (Жібек жолы, 50) тоғыз қабатты Редакциялар үйіне қоныс аударды. Көкбазардағы  кәриялардың арасына барып әңгіме тыңдап, қымыз ішетінім болатын. «Мына кісі Қонаевтың әкесі» деп сыбырлағандардың  сілтеуімен алғаш көргенмін. Анадай жерде күзетшісі милиционер жігіт бақылап тұратын.  Димекеңнің әкесін ешкім Меңліахмет демейтін, бәрі Ахмет кәрия деуші еді. Кәрия  сол жерге қымыз ішуге келетін Мұқаш Байбатыров, Сейілбек Елебеков, Бидахмет Шарманов, Төлеутай Балақаев сияқты үлкендермен әңгіме-дүкен құратын. Мыңбай Рәш, Жүсіп   Қыдыров,  Сабырхан Асанов сияқты қаламгер ағаларымызды да алғаш сонда көріп танысқанмын. Ахмет кәрия  сол жерде әсіресе әйгілі әнші Жүсіпбек Елебековтың  бауыры Сейілбек Елебековпен, жүрген жүрісінің өзі бір сән, әрі әртіс, әрі суырып салма ақын Мұқаш Байбатыровпен сұқбаттасатынын жиі байқайтынбыз. Әңгімесінде балаларының бәрін оқытқанын, бәріне жоғары білім әпергенін мақтан етуші еді. Әсіресе Димаш баласын айтқанда «халықтың адамы ғой» деп жүзі нұрланып кетуші еді. 

      Сол Меңліахмет кәрияның  құдай қосқан қосағы, Димекеңнің туған анасы  Зәуре –Шелек ауылындағы ағайынды Байыр, Дайыр деген кісілердің Байырының  қызы. Ұлы Жүздің ең байырғы тайпасы Қаңлының Еңкесі, оның ішінде Баубек батырдан тарайды. 1988 жылы 12-қаңтарда таң ертең жұмысқа келе жатып, ол кезде республикалық «Білім және еңбек»  журналында қызмет істейтінмін, Димаш Ахметұлын бүгінгі туған күні екені есіме түсіп, тәуекел, құттықтап шықсам қайтеді деген ой келді. Дереу бір шоқ қалампыр гүлін сатып алдым да М.Төлебаев пен Виноградов көшелерінің қиылысындағы Димекеңнің үйіне келдім. Колбиннің аузынан түкірігі жерге түспей республиканы билеп тұрған, ал Димекең өзінше бір үй қамағындағы кезі. Сыртта бір милиционер  тоқтатты:

–      Қайда барасыз?

–      Димаш Ахметовичті туған күнімен құттықтауға!

–      Кім боласыз?

Аты жөнімді, қызметімді айттым. Ол ілгері бастады да анадай жердегі будкадан екі-үш кісі шықты. Оларға да келу себебімді түсіндірдім. Талап етулері бойынша қызметтік куәлігімді көрсеттім. Телефон соғып хабарлады ма, іштен бір жігіт шығып мені соңына ертті. Қабырғалары неше түрлі оттықтарға толы бір бөлмеге кіргізді де тоса тұруымды өтінді. Әйнек қорап ішінде Димекеңнің мылтықтары тұр. Бірер минуттан соң Димекеңнің өзі кірді. «Ассалаумағалайкүм!» деп қазақша амандастым. Ол кезде жұрт былай амандаспайды. «Сәлеметсіз бе» дейді де қояды.

     – Аға, туған күніңіз құтты болсын! Елімізге зор еңбек сіңірген адамсыз. Бүкіл қазақ жұрты Сізді айырықша құрметтейді. Бас қоса қалған жерде айтатын әңгімесі – Сіз. Өміріңіз ұзақ болсын! Халқыңыз Сізбен бірге!– деп құдды бүкіл қазақ халқының атынан сөйлеуге біреу өкілдік бергендей құттықтап жатырмын. Бұл мәскеулік бас прокуратураның  айырықша істер жөніндегі тергеушілері Гдлян, Попов дегендердің Димекеңді бір жылдан астам уақыт қоғамнан оқшаулап тастаған кезі болатын. Ойым Димекеңе осындайда қазақ жұртының оны ұмытпағандығын, қайта аса қадірлейтіндігін жеткізу, сөйтіп рухани тірек боларлық бірдеме айту болатын. 

   Димекең қолымды алып, орындыққа нұсқады, аты жөнімді сұрады. Аты-жөнімді, журналист екенімді айттым.

–      Қай жерденсің, балам?

–      Аға мен Шелектенмін.

–      Е, Шелектен болсаң Ахметжан Шымболатовты білесің бе?

–      Иә, білемін!  Октябрь революциясы жылдарында Жетісуда совет өкіметін орнатуға белсене атсалысқан кісі ғой, – Димекең маған ұмсына түсті:

–      Ол кісі менің нағашы ағам еді...

–      Райкомның алдында Ахметжан Шымболатовтың  ескерткіші тұрушы еді, жақында Шелекке барсам, ол ескерткішті алдыртып тастапты, – деп білгенімді айтуға мен де асығып жатырмын.

   Бұрын Димекеңнің шешесі Шелектен екендігін білмейді екенмін. Бұл жағдай мені таңқалдырды әрі қуантты.

– Шелекте, бұрын Қоянды деген жер екен, Байыр Шымболатов  деген кісі болған. Ахметжан мен менің шешем Зәуре екеуі сол кісінің балалары. Ахметжан менің шешемнің туған інісі. Шешем Зәуре Байыровна 1886 жылы туған, ал Ахметжан Байырович 1901 жылы туған. Ахметжан еті тірі, үлкен қызметтер атқарған кісі болатын. Менің комсомолға өтуіме ақыл берген…

       Димекеңмен ұзын ырғасы 20 минуттай сөйлестім. Бір жігіт кіріп еді «бұл Ернар, інім Асқардың баласы» деп таныстырды. Сыртта келген тағы бір адамдар тұр екен. Алла тағала нәсіп етіп келесі 1989 жылы 12-қаңтарда туған күнімен құттықтап Димекеңе кіріп шығудың тағы сәті түсті. Онда да жарты сағатқа жуық сұқбаттастық. Содан ұққаным Димекең анасын өте құрметтеген жан екен. Арабша сауаты бар, құранды жетік оқитын Бәтимә деген нағашы әжесінің ықпалымен шешесі Зәуре де дінге өте жақын болыпты. Балаларын иманды етіп тәрбиелеуге тырысыпты.

     Димекеңнің қарындасы Сара Қонаеваның айтуына қарағанда анасы Зәуре Байырқызы он екі құрсақ көтерген. Меңліахмет Жұмабайұлының шаңырағында ең алғаш дүние келген – Әмина (Айтжан Түркебаевтың жұбайы), екінші қыздың аты – Мәймуна (Камал Қадыржановтың жары),  Нұрмұхаммед деген ұл болған екен, мектепке барып жүрген кезінде қайтыс болған. Дінмұхаммед – отбасындағы төртінші бала. Одан кейін қатарынан Наиза, Набила, Фазила, Гаухар деген төрт қыз дүниеге келген. Назила мен Фазила неміс-фашистерімен соғыс басталған кезде оқып жүр­ген оқуларын тастап, өздері сұранып, соғысқа кеткен. Одан кейін Гаухар  (атақты сәулетші Бәсеновтың әйелі). Зәуре апамыз Гаухардан кейін Едіге деген ұл туған екен, ол кішкентай ке­зінде көлденең жұрттың көзі тиіп шетінеп кетіпті. Едігеден кейін туған қызы Сара. Сара мен Димекең екеуінің арасы он бес жас. Сарадан кейін Асқар деген ұл және ең кенже Роза атты қыз бар.

   Зәуре апамыздың арғы тегін таратар болсақ, Байыр – Баубек ұрпағы. Баубектің Аюке, Сары, Шелек, Өмірзақ, Байұзақ (Маймақ), Тойлыбай, Шынту  деген сегіз ұлы болған. Өмірзақтан Шымболат, Шымболаттан Байыр мен Дайыр туады. Зәуре апамыз сол Байырдың қызы. Жетісуда кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан Ахметжан Байырұлы Шымболатовтың туған әпкесі. Аюкенің баласы Аманжол (таудағы Аманжолдың асуы соның атынан-М.Т.) Алашорда үкіметінің Жетісу облысынан сайланған депутаты, Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың сенімді серігі, әйгілі Садық Аманжоловтың әкесі. Баубекұлы Шелек жоңғар қалмақтарына қарсы күрестерге қатысқан, Суықтың суынан (Шелек өзенінің көне аты) дұшпан өткізбеуге тырысқан. Қайтпас қайсар мінезді, өте қаһарлы кісі болыпты.

      Димекеңнің туған қарындасы Сара Қонаева әке шешесінің үйленуі хақындағы қызықты бір хикаятты былай деп баяндайды:

    –Атамыз Жұмабай – арабша сауатты, қажылыққа барған, діндар адам еді. Әкеміз Мең­ліахметті де өзінің жолын қуса деп армандап, арабша да үйретіпті. Бірақ әкеміз молда болмаймын деп, он төрт жасында оқуын тоқтатады. Ол кезде орысша оқуға жағдай жоқ, Верныйдың атақты саудагері Ысқақ дегенге есік алдын сыпыратын қызметші болып жұмысқа орналасады. Одан қоймаға жүкші болып ауысады. Өзі зерек адам еді, сол жерде сатушылар­мен араласып, ананы-мынаны сұрап жүріп, сауда ісін үйрене бастайды. Ақыры кіші сатушы болып жұмысқа алынып, одан өз алдына саудагер атанады. Ысқақбайдан несиеге ақша алып, үй де салған екен. Ол үй қазіргі Абылай хан көшесі мен Гоголь көшесінің қиылысында болған. Кейін Кеңес өкіметі орнағанда ол үйді тартып алған да, әкем отбасымен көшіп кеткен. Содан ұзақ жылдар бойы Алматының айналасындағы Есік, Шелек жақтарда тұрған.

      Жұмабай атамыздың әулиелік қасиеті болған. Қажылықтан келе жатқанында менің нағашымның, яғни болашақ құдасы Байырдың үйіне түседі де, шешемізді көреді. Ол кезде анам он үш жаста, әкем он бес жаста екен. Үйге келеді де, әкеме: «Саған келіншек болар адамды таптым», – дейді. Сол жылы екеуі ақ отауға кіріпті. Он үш жасар қыз, өзге жұртқа келгеннен кейін қанша мықты дегенмен қиналады ғой. Сөйтіп, мұңайып жүрген бір күнінде Жұмабай атамыз: «Қайғырма, шырағым, сен әлі-ақ бақытты боласың», – деп жұбатқан екен.

      Шешеміз, марқұм асыл жан еді. Ел еркелетіп «періште» дейтін. Періште десе, дегендей еді. Балалары – біздің өзімізге ешқашан сен демей өтті ғой. Арабша білетін. Үйде араб тілінде бірнеше діни кітаптар болатын. Соны оқып, бізге қазақша мазмұнын айтып отырушы еді. Заманның ауанына қарамастан, бізді діндар қылып өсіруге тырысты.

    Жұмабай атам кейін Димекең туғанда да немересін қолына алып тұрып: «Маңдайы жарқыра­ған кең, көзі шоқтай екен жарығымның. Бұйыртса, елі сүйген адам болады», − деп, батасын берген екен. Әлгінде Жұмабай атамыздың қажылыққа барғанын айттым. Ол кезде қазіргідей емес, жол ауыр. Жеті айдай сапар шегіп, Ауған мен Үндіні басып, жаяу-жалпылап, ауыр жолды бастан өткеріп, елге аман оралғанымен, ауыр науқас жұқтырып келеді. Содан ол кісі менің әкемнің қолында тұрған». Сара қызының айтуына қарағанда анасы – Зәуре апамыз баласынша күтіп, атасын жақсы қараған. Қыздарының бәрі анасының еңбекқорлығын, туыстарға бауырмалдығын, өте адал жан болғандығын айтады. Ол кезде Бақай болыстығына қарайтын Шелектегі туыстарына жылына кемінде бір рет барып қайтады екен.

     Зәуре Байырқызы мен Меңліахмет Жұмабайұлы жетпіс жылдан астам  уақыт бірге ғұмыр кешеді. Зәуре апамыз 1973 жылы сексен алты жасында дүние салды.
     Жігіттің үш жұрты бар дейді ғой. Соның бірі – нағашысы. Димекең нағашы ағасы Ахметжан Байырұлы Шымболатовтың есімін әрдайым құрметпен еске алатын. Ахметжан комсомолдың алғаш ұйымдастырушыларының  бірі, сондай-ақ Жетісу өңірінде, Верныйда Кеңес өкіметін орнату күресіне қатысқан азамат болатын. Кейін Түркістан компартиясы Алматы ояздық комитетінің хатшысы, Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Орны толмас өкініш сол, нәубәт тұсында –1938 жылы жазықсыз қуғынға ұшырап, қаза тапты. Қайтыс болғаннан кейін 1954 жылы толық ақталды. Қоярда-қоймай Қонаевты комсомол қатарына өтуіне кеңес берген осы аяулы азамат еді. Зәуре апамыздың немере туысы Садық Аманжолов пен бауыры Ахметжан Шымболатов қазақ халқының маңдайалды азаматтарының қатарында болды.

Қазақта «Мал таппайтын еркек жоқ– құрарын айт, бала таппайтын әйел жоқ– тұрарын айт» деген мақал бар. Сол айтпақшы, қазақ халқына Димекеңдей асыл ұл сыйлаған «алтын құрсақ ана» Зәуре апамыздың жаны жанатта, рухы шат болсын!

  

Марат ТОҚАШБАЕВ

журналист