Тұлғалардан тағылым
Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан Погода в Казахстане


     E-mail адрес: admin@kangly.kz

ga5

    ТҰЛҒАЛАРДАН ТАҒЫЛЫМ 

 Қараш би

     Жетісу жерінде ел-жұртқа белгілі  Қараш есімді үш адам болған екен. Оның алғашқысы Қараш Жарылқапұлы. Ол 1715 жылы туып, 1813 жылы 98 жасында дүние салыпты. Жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен  батыр. Ұлы Жүз Шапырашты руының Есқожа тармағынан. Қараштың батырлығымен қоса қазақ-қырғыз арасына тату көршілік қарым-қатынас орнатып, ел бірлігін сақтаудағы әділеттілігімен де аты шыққан. Ұрпақтары осыдан бірнеше жыл бұрын  Жамбыл ауданы Ақтерек ауылынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, бейітінің басына ескерткіш орнатты.Ұзынағаш селосында көше аты да берілген.     

     Тағы бір Қараш Алакөл маңын мекендеген наймандардың ұрпағы екен. Өзі әйгілі палуан көрінеді. 1893 жылы туып, 1932  жылы қайтыс болыпты. Бірақ кейінге жеткен деректері өте аз.

      Ал біз әңгіме еткелі отырған Қараш би шамамен 1826 жылы туып, 1889 жылы 63 жасында қайтыс болған Қаңлы Қараш. Біз сөз еткелі отырғанымыз  осы Қарашқа қатысты. Ол Қаңлы тайпасының Танта атасынан  тарайды. Қараш Теңізбайұлы  Жетісу жерінде қазіргі Еңбекшіқазақ  ауданындағы Түргеннің сайы мен Бақай тауының аралығында, Шелек өзенінің орта ағысы бойын билеген би, шешен адам болыпты. Бұл аралықта қазір Түрген, Қаракемер, Маловодное, Жаңатұрмыс, Киікбай, Тескенсу, Ащысай, Қаратұрық, Қорам, Қаражота, Ақтоған, Шелек сияқты елді мекендер бар.  

     1854 жылы көктемде Алматы тұрағы  Ресей  патшалығының  қолына көшкеннен соң  бұл өңірде  отаршылдық саясат белең ала бастады. Жетісу өлкесін, оның ішінде Алатаудың теріскейін ежелден мекендеген  қаңлы тайпасының  Еңке, Танта, Ерезен, Қаспан аталарынан тарайтын ұрпақтар үлкен қысымға  тап болады. Ауылдары бірнеше рет казак-орыстардың шабуылына ұшырайды.

Патшалық билік тәртібімен бекітілген жері болмағандықтан қаңлылар жайылым жағынан қиындықтарға кезігеді.

              

    Алатау бөктерін мекендеген басқа ру тайпалар оязға (уездной правитель) барып өздеріне жер бекіттіріп алып жатқан соң Қараш би де барған көрінеді. Өзі отырған ата-бабасының жеріне өзі ие бола алмай бара жатқаны жанына батыпты.  Мына Алматы бұрын қаңлының  орталығы  болған деп дәлелдеп, жер сұрапты. Ондағы айтқаны – мұсылманшылық тарай бастаған бабтардың заманында мұнда Әлім-Ата (Алым Ата) деген қаңлы әулие бабамыз  өмір сүрген депті. Алым-Атаның ұрпақтары тұрған мекен аты кейін Алматы болып кеткен дейді. Дәлелі қисынды болған соң ояз қаңлыларға бұрынғы тұрған жерлерінің бір бөлегін: Түрген сайы мен Бақай жотасының арасын, Шелек өзенінің ортаңғы ағысын бекітіп беріпті. Бақайдың жотасындағы Шымбұлақ, Қарағайлыұлақ, Үйтас, Асыдағы Төржайлау  – жайлауы болыпты да, Сүгірдің сайы, Теректі деген жерлер күздеуі болыпты. Ал Қаратұрықтың сайы, Қайыңды, Шолақтың сайы, Иөңкінің сайы, Киікбайдың сайы, Түргеннің сайы – көктеуі, Қоржынтоғай, сонау Аяқ-қалқанға дейін Шелек өзені мен Іленің сол жағы қыстауы болыпты. Мұның алдында  жер алып алған басқа ру-тайпалардың басшыларына екі-үш жыл  қатарынан сиырының бұзауын ақысына төлеп қыстау мен жайлау сұрап мазасы кеткен қаңлылар сөйтіп бір ес жиып қалыпты.         

     Ресей бодандығына өткен соң патша өкіметінің баяғы 1822 жылғы  «Сібір қазақтары туралы Жарғысына» сәйкес  Жетісу жерінде де болыстық билік (волостной правитель) енгізіледі. Әр ру өзінше дербес болыстық құрып жатты. Қараш та Іле Алатауының теріскейін мекендеген қаңлылардың  басын қосып жеке болыстық жасауға ұмтылады. Болыс болу үшін онда кемінде мың түтін болуға тиіс еді. Қармағындағы жұрттың саны болыстыққа жетіңкіремей тұрғанда аз ғана уақыт ішінде Қазығұрттың баурайындағы тайпаластарға адам жіберіп екі жүздей  түтін қаңлы көшіріп келген. Сөйтіп жергілікті қаңлылар жеке болыс болыпты. Оның үстіне Қараштың дақпыртын естіген бұрыннан ата жегжаттығы бар Ақ қыстық Жайынның 500-дей түтіні тағы келіп қосылған. Сөйтіп Бақай болыстығы үлкен болыстықтардың қатарына қосылған. Сонда үш мүшелге де толамаған Қараштың  жұрт арасында беделін көтерген әділдігі екен. Сондықтан да болар, Қызылбөрік пен Қыстықтың өз басшыларынан теперіш көргендері  Қараш биді паналайтын болыпты. Қараш би болса жетім-жесірдің есесін ешкімге жібермеген, әділдігімен аты шығыпты. Қараштың әділдігі туралы кезінде Тезек төре де  хабардар болған. Көнекөздерден жеткен «Қараштың үйінде Шоқан төре де болған» деген дерек бар. Бұл сірә, Шоқан Уәлихановтың 1856 жылы мамыр айында Қаратұрық, Шелек арқылы Ыстықкөлге  бара жатқан сапары кезінде болса керек.    

Қараш бидің  әділдігі құлағына жеткен генерал-губернатор Колпаковский Қараш биді шақыртып бірнеше рет кездесіпті. Үлкен жиындарға қатыстырыпты. 1890 жылы туған тескенсулық Әлжан Шібікеұлы деген кәриядан жеткен кейбір деректерде Қараш би тіпті Жетісу қазақтарының тұрмыс- тіршілігіне қатысты бірқатар этнографиялық мүлік-заттарды генерал-губернаторға сыйға тартқан делінеді. Бүгінде Санкт-Петербургтің әйгілі Эрмитажында сақтаулы тұрған қазақ тұрмысына қатысты жәдігерліктердің кейбірі Сол Қараш сыйлаған заттар болуға тиіс. Тіпті Қараш би өзінің Қатабердин деген бағбан туысы арқылы Алматыда қазына бағын (Казенный сад) орнатып жатқан ағайынды Баумдарға  Түргендегі тау алмасының, өріктің  көшеттерін беріп жіберген деген де деректер бар.     

      Жетісу қаңлыларының бір бөлегі Іленің түстігін мекендесе, енді бір бөлігі Іленің теріскейін яғни оң жағалауын: Арқарлы,  Сарыөзек, Қаспан, Жәркент маңдарын мекендеген.  Жетісу қаңлыларының ішінен Шелек,  Сарпық (Сарбұқа) сияқты батырлар шыққан. Жалайырдан шыққан көрнекті ақын Мәулімбай Саяқбайұлы бір жырында:

Ел қылып Ақбұйымның басын құрап,

Әділ боп өткен екен Құлжабай да.

Қаңлыны бір заманда билеп еді

     Өлмесе Мәшеке мен Жамбай қайда? – дейді ғой. Мәшеке мен Жамбай кезінде Жетісу қаңлыларын билеген әрі батыр, әрі би бетке ұстар жандар болыпты.

Жұрт арасында Қараш айтыпты деген мынадай сөз бар:

«Албаным сыйлар ағам деп,

Шапыраштым сыйлар жағам деп.

Қос қанатым тұрғанда

Жұрт ішінде  бағам көп».

Қараштың батырлығы мен билігіне қатысты бір әңгімені Шелек ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы, ұзақ жылдар ағарту саласында қызмет еткен, мектеп  директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болған Рақымғали Ыбрайымов ақсақал айтады. Ол өз кезегінде 1951 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында оқып жүрген кезінде бір кісіден естіп жазып алыпты. Оның қысқаша мазмұны мынадай:

   Балқаш бойын мекендейтін Арғында Ұзақ дейтін батыр болыпты. Сол әлдебір егеспен Іленің оң жағындағы Жалайырдың Байшегіріндегі бір қарт бидің  тігерге тұяғын қалдырмай бар малын барымталап айдап кетіпті. Артынан іздеп барған жоқшыларды қайта-қайта сабап қуып жібереді екен. Содан Іленің бойында Қаралыкөпір деген жерде отырған Байшегір биі кісі салып Қарашқа сәлем айтыпты. Сәлемінде: «Атқа қонып дау даулайтын жайым жоқ, бірақ мыңға тарта кәдімгідей үлкен қол жинап қойдым. Босқа қан төгіспелік. Сен ара ағайын болып Ұзаққа барып есемді алып бер!» депті.

   Қараш қарт бидің сәлемін қабыл алып, жолға шығуға бел байлайды.  Бірақ нөкерлікке төрт-ақ адам алыпты. Төртінші адамы Ерезен Мастақтың он төрт жасар баласы Қажан екен. Бала болғанмен етженді, сүйекті болса керек. Оның әкесі Мастақ та, ағасы Ақжол да Балқаш бойынан жолбарыс алып жүрген кісілер екен. Қажан ағайынды екі жігіттің кішісі екен. Ұзақ батырдың ауылына жеткенде Қараш би атқосшы болып жүрген Қажанға:  «Балам, сен үйге кірме. Ертоқым мен аттарымызға қара. Бұлар бізді сыпырып алып жаяу қалдырып жүрмесін. Мен өзім шақырмай келме!» деп ескертіп сыртта қалдырыпты.

   Ұзақ батыр ол кезде аты шығып қалған Қараш биді жақсы қарсы алыпты. Жалайыр Байшегірге қатысы жоқтығын, ара ағайындықпен келгенін сезсе керек. Қонақ етіп, алдына астаумен ет тартыпты. Іштің жыланын қайтарып, мол етті «сен же, мен же» десіп отырғанда Ұзақ батыр: «ей, мынау қонақтардың сыртта қалып қалған адамдары жоқ па?» десе  қызметшілері «бір бала бар екен, сол кел десек келмейді» депті. Ол тапсырма орындап тұр ғой.  Қараш би арнайы белгі беріп шақыртады.

    Балаң жігіт үйге кіріп келгенде Ұзақ батыр  орнынан ұшып тұрып, жинаулы жүктің артына тығылыпты. Қажан бала «отырыңыз, отырыңыз!» деген қолпаштаумен астаудағы етке тойып, бір аяқ сорпаны сіміріп, үн-түнсіз орнынан тұрып кетеді. Сөйтсе Ұзақ батырдың киесі қасқыр екен. Жолбарыс киелі бала кіріп келгенде қасқыр киелі Ұзақ батыр өрешенің ішіне кіріп кеткені сол көрінеді.

   Таң ертең жолға шығарда тағы да дастарқан жайылады. Сол кездің салтында дастарқан мәзіріндегі құрметті дәмнің бірі – тары-жент. Қараш би үлкен ағаш қасықпен тары алып жейді.  Жейді де әлгі қасықты Ұзақ батырдың алдына шалқасынан тастайды. Ұзақ та сол қасықпен  тарыдан екі асап, қасықты төңкеріп қайтарып Қараштың алдына қойыпты. Сонымен таңғы ас ішіліп болып, екі жақ бір біріне амандық-саулық тілесіп Қараш баба еліне қайтады.

Сонда жолда бірге келе жатқан серіктері «Ой, осыны да би деп әкелдік пе. Бітірген түгі жоқ!» деп күңкілдесіпті. Қараш би жолай Қаралыкөпірде отырған Байшегірдің қарт биіне жолығып: «Малыңның  көзі барының көзі келеді, көзі жоғының құны төленіп келеді. Қыл құйрығың жоғалмайды» – депті. Байшегірдің қарт биі сынайын дегені болар: «Ендеше мал келгенше жат» деп малдың қайтуын күткізіп жатқызып қояды.

    Шынында да көп ұзамай Ұзақ батыр малын түгел айдатып әкеліп береді. Оған Байшегірдің қарт биі қатты риза болып «Қараштай биі бар қаңлыға да күн туар» депті. Сөйтсе  Қараш би Ұзақ батырмен бар дауды бір қасықпен ғана шешкен екен. Мәнісі Қараш бабамыз тарыны бір асап қасықты  Ұзақ батырдың алдына қойғаны «Сен осы маңдағы рулардың шырқын бұзып осылай барымталап жей бересің бе, жоқ әлде доғарасың ба?!»  дегені екен. Алдыңғы кеште жолбарыс киелі Қажан  баланы соңынан кіргізуі Ұзақ батырдың сесін қайтару көрінеді. Әрі сөйтіп үлкен қолдың соғысуға дайын тұрғанын да аңғартқан. «Асқанға–тосқан» болатынын сезген Ұзақ батыр алдына қойған қасықпен екі рет асап, оны төңкеріп қайтарғаны: «мына тіршілікте көршілерге істеген қиянатым  жетер, мен енді осымен доғарып, алғанымды қайтарайын. Сонымен іс тамам болсын!» дегені екен. Сөйтіп Қараш баба үлкен дауды бір қасықпен-ақ шешіпті. Осы мысалдың өзі-ақ  Қараш бидің тапқыр, саясаткер, әділ төреші жан болғандығын әйгілейді.

   Шежіре деректерінде Қаңлы Қарашты Қара қаңлыдан таратады. Оның ішінде Танта. Тантаның ішінде Құдайберген. Құдайбергеннің баласы Теңізбай. Теңізбайдың баласы Қараш. Қараштың Жантай деген баласы да ұзақ жылдар болыс болған. Халыққа жайлы, елге сыйлы кісі болыпты.

    Қараш баба 1889 жылы жылы қайтыс болады, оның бейіті  қазіргі Еңбекшіқазақ ауданындағы Тескенсу ауылынан шыға берісте, Алматы Құлжа тас жолының сол қапталында,92-шақырымында, бұрынғы «Ащысай» кеңшарының сиыр базы орнының шетінде. Бейіті кезінде қызыл кірпішпен өрілген екен. Кеңес тұсында әскерлер жаттығу кезінде бейітті нысана етіп атқылап қиратып тастаған. Мүжіліп шағын төмпешікке айналып бара жатқан соң Қараш бабаның ұрпақтары жиналып лайықты күмбез тұрғызды.  

Марат ТОҚАШБАЕВ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы