Тұлғалардан тағылым
Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан Погода в Казахстане


     E-mail адрес: admin@kangly.kz

  ТҰЛҒАЛАРДАН ТАҒЫЛЫМ 

 Болған Ана

     Жезқазған қаласынан  оңтүстігінде,  40-45 шақырым жерде, Сарысу өзенінің жағасында биік төбенің басында Болған Ананың күмбезі тұр. Жанында тағы бірнеше күмбездер бар. Еңселісі де, үлкені де, осы күнге қирамай жеткені де Болған Ананың кесенесі. Ол кім? Неге ол кісіні жұрт әулие санайды?

     Болған бикенің жарты әлемді жаулап алған атақты Шыңғыс ханның немересі екендігі, ол сонау 1211 жылы қаңлы мемлекетінің ханы Сығанақ-тегінге (кейбір тарихи туындыларда Суқнақ деп жазылған) ұзатылғандығы туралы бұдан сегіз ғасырдай бұрын-ақ талай ғұламалар араб, парсы, түркі тілдерінде жазған болса, одан кейінгі тарихшылар да бұл тақырыпты аттап кете қойған жоқ. Осыған қарамастан кеңестік, коммунистік заманда Шыңғыс ханды жарты әлемге қырғын салған жауыз, басқыншы болғаны алға тартылып, күрмекпен бірге күріш те күресінге тасталғаны сияқты Болған Ананың ешқандай кінәсі болмаса да ол туралы кеңінен жазуға, құрметтеуге көпшіліктің батылы бармады. Тіпті сол Болған Анадан тараған ұрпақтары да өздеріне өмір берген осы асыл жанның атын да айта алмай, есімі естен шыға бастаған еді.

    Шыңғыс хан 1206 жылы таққа отырғанда  милитаристік бағыт ұстанғаны белгілі. Шыңғыс ханның осы жаһандық жаулап алушылық саясатына көнбеген наймандар ханы Күшлік еді. Ал, осы найман хандығының құрамында қаңлылар да болғандығы тарихта өз ізін қалдырған. Бұдан қаңлылар мемлекеті болмады деген пікір тумауы тиіс. Өйткені, қазіргі заманға есептегенде 2600-2800 жылдық тарихы бар қаңлылар Темучин есімді монғол ханзадасы Шыңғыс деген атаумен қаған тағына отырғанда қаңлылар төрт мемлекеттің құрамында еді. Ең алдымен олар Дешті Қыпшақ мемлекетінің құрамындағы басты тайпа болатын. Атақты Әмір Темірдің өмір жолын жазған тарихшы Шарафуддин Яазди өзінің «Зафарнама» атты кітабында Дешті Қыпшақ алты ұлыстан тұратындығын, олардың ең бастысы қаңлылар екендігін жазғандығы белгілі. Ал, Дешті Қыпшақ деген атауға орай былайғы жұрт бұл мемлекетті тек қыпшақтар ғана тұратын ел деп ұғатындығы өкінішті. Шындап келгенде «Дешті Қыпшақ» атауы парсы тілінен аударғанда «қыпшақтар даласы, елі» деген ұғымда.  Қазіргі Үндістан түбегіндегі Бангладеш мемлекеті парсыша «бенгалдар елі» дегенді білдіреді.

Қаңлылардың екінші тобы Хорезм мемлекетінің құрамында болды. Хорезмде түркмендердің, тәжіктердің ата-бабалары қаңлылармен үзбей соғыста болғандығы Иран тарихшылары Жувейнидің, Рашид-ид-диннің шығармаларында кеңінен жазылған. Хорезм шахы Текеш ұзақ жылдар соғысу нәтижесінде 1181 жылы қаңлылар ханы Алп-Дерек өзінің хан атағынан бас тартып, бағынышты инал болуға, қызы Түркенді шахқа жұбайлыққа беруге, мұсылман дінін қабылдауға мәжбүр болғаны белгілі.

    Ал, қаңлылардың екі жарым мың жылдық қара шаңырағын сақтап қалған Озар хан Жетісудан Ертіс бойына дейін, Шу мен Талас арасын билегендігі де тарихи деректерде анық жазылған. Қаңлылар мемлекетінің сол кездегі астанасы Баласағұн қаласы болса, Жетісуда Алмалық Тәңір тау мен Талқы тауы арасында Қорғастан 18 шақырым жерде қазір үйінді болып жатыр. 

   Атақты Хиуа ханы, тарихшы Әбілғазы БаҺадур өзінің «Түрік шежіресі» атты кітабында 50-60 мың қаңлы Хорезм шахқа жақындай көшіп кеткенде басқалары Талас пен Шу өзендерінің жағасында, Жетісуда қалып қойды деп жазады. Бұл қалған қаңлылардың саны 10 мың үй, яғни әр отбасында 5-6 адамнан болғанда 50-60 мың адам деген сөз. Қаңлы мемлекетінің қара шаңырағында, жұртында қалған елді парсы тарихшысы Жувейни Озар хан («Бұзар» деп те жазылады) басқарды деп көрсетеді. Сол Ата Мәлек Жувейни өзінің атақты «Тарих-е жаһангошай» атты еңбегінде: «Қарақытай елдерінде нық аяқ тірегеннен кейін (Күшлік) бірнеше рет Алмалықтың ханы Озармен шайқасты. Соңында оны аңға шыққанда ұстап өлтірді...

   ... Алмалыққа келгенде (Озар) бұрынғыша аңға шықты. Аңда жүргенде кенеттен Күшліктің нөкерлері оны тұтқындап, Алмалықтың қақпасына алып келгенде Алмалық тұрғындары қақпаны тарс жауып тастады. Содан соғыс басталды. Осы арада моңғол әскерінің келе жатқан хабарын естіген олар Алмалықтан қайта оралғанда жолда оны өлтірді.

Озар қаншама ержүрек болса да Құдайдан қорқатын жаны таза адам еді. Сопыларға қатты құрметпен қарайтын... Одан кейін оның ұлы Сығанақ-тегін әкенің орнын басып, Түшидың (Жошының) қыздарының бірі оған некеленді. Арыстан ханды (Арслан ханды) Қиялыққа жіберіп, оған да бір қыз (берді) айттырды. (Тегерандағы «Бамдат» баспасы, 1-том, 48 және 58- беттерден. Парсы тілінен аударған Ислам Жеменей). В.В. Бартольд «Туркестан в эпоху монгольского нашествия» кітабында Озар Күшліктің қолынан  өлгеннен кейін  Шыңғыс хан Жошының қызы Болған бикені Сығанақ (Суқнақ) – тегінге бергенінін нақтылай түседі. Бұл кезде Шыңғыс хан қаңлылармен аса достықта, ынтымақта болған.

    Осы дерекке байланысты Шыңғыс хан қаңлы ханына өзінің қай немересін берді, оның аты кім? Ал, жоғарыда келтірілген дәйексөзде айтылатын Жошының екінші қызын алған Арыстан хан кім? деген сауал туатындығы заңды. Бұған сол Алмалық қаласында туып, өскен, Сығанақ-тегіннің қол астында болған, қаңлыдан шыққан тұңғыш қазақ тарихшысы Жамал Қарши өзінің «Әл-Мулхакат би-с-сурах» атты кітабында қаңлы ханына Жошы хан жұбайлыққа берген қыздың аты Болған бике  екендігін атап көрсетеді. Жамал Қаршиды ұстаз санаған, одан үш ғасырдай кейін өмір сүрген Мұхаммед Хайдар Дулат оның еңбектеріне үнемі сілтеме жасап отырғанын да жақсы білеміз. Осы Жамал Қарши кейін Сығанақ-тегін мен Болған-Ананың ұлы Елбұтарды тәрбиелеген аталық қызметін атқарғандығын жазған. Ел-жұрттың әлі күнге дейін аузында сақталған аңызға қарағанда Болған Ана тоқсан жаста дүниеден өтіп, артында көп ұрпақ қалдырған. Ал оның жұбайы — қаңлы ханы Сығанақ-тегіннің мазары да Сарысу өзенінің төменгі жағында Талмас ата күмбезі деген Ұлытаудағы Болған Ана кесенесі

атаумен сақталған. Бұл жерде айта кететін бір жай — ертеде ел билеген хандардың өз есімінен бөлек қосымша аты да болған. Мәселен, Темучин, яғни Темірші монғол ханзадасының туғанында қойылған есімі болса, кейін қаған тағына отырған соң аты Шыңғыс болып өзгертілгендігі сияқты қаңлы ханзадасы Талмас әкесі Озардың орнына отырған соң Сығанақ-тегін аталуы әбден мүмкін. Дешті-Қыпшақта Сығанақ деген қала болғандығы белгілі. Сығанақ — ертедегі түркі, тіпті қазіргі түрік тілінде де «баспана» және «жертөле» деген мағынаны білдіреді. Ал, біздің қазақта бір әулеттің сүйектерін қойған моланы «сағана» десе, «қағанағы қарық, сағанағы сарық» деген мәтелдегі «сағанағы сарық» деген екі сөз «үйінде ештеңе жоқ» деген ұғымда қолданылады. Бір айта кететін жай — қаңлы ханы Сығанақ-тегін Шыңғыс ханға жанама  бағынышты болған. Қағанмен одақтас яғни терезесі тең билеуші ретінде болғандығын атақты шығыстанушы В. Бартольд өзінің Шыңғыс хан заманын зерттеген монографиясында да, жеке мақалаларында да атап көрсеткен болатын.

      Болған бике бүкіл әлемді жапырақтай қалтыратқан Шыңғыс ханның немересі болғандықтан қаймана қазаққа ұзартыла салмағандығы, саяси саудада қолданылған ірі адами капитал болғандығы күмәнсіз. Болған Ана қаңлы мемлекетінің ірі билеуші тұлғаларының бірі ретінде жұбайы өмірден өткен соң хан тағында отырғандығы да ел аузында сақталуы тегін болмаса керек. Оның беделі өзінің төркін жұртына да жүргендігіне мына бір дерек айқын дәлел бола алады. Шыңғыс хан шапқыншылары алты ай бойы Отырарды ала алмай шерменде болғаны тарихтан белгілі.Отырарды ерлікпен қорғаған Түркен Хатунның інісі Қайыр хан Шыңғыс ханның көп жауынгерлерін өлімге ұшыратқан ғой. Міне, сол  өшін Шыңғыс хан Қайыр хан мен Түркен Хатуннан алған. Бірін зынданда ұстап,  көмейіне қоғасын құйып, азаптап өлтірсе, Түркен Хатунның мойнына шынжыр салып, итаяқпен ас беріп, шах пен Қайыр ханға жоқтау айтқызғысы келген. Осы кезде Болған Ананың дауысы естіледі. Болған Ана өзінің қайын әпкесін тұтқыннан босатып, иелік беріп, үлкен адамгершілік жасаған. Түркен Хатун осы қорлықтан құтылған соң 1233 жылы яғни Шыңғыс хан мен Жошы хан қазасынан соң 6 жылдан кейін өмірден өткен.

     Жоғарыда Жошы ханның екінші қызын алған Арыстан хан кім екендігі туралы да Жамал Қаршидың кітабында жазылған. Арыстан хан қарахандар әулетінен шыққан, Тараз бен Қашқарды билеуші. Оның арабша аты-жөні — Әбу-Фатх Мұхаммед-ибн-Жүсіп. Бұл Арыстан хан әуелі Тараз қаласының оңтүстік жағындағы Аса өзенінің жағасында мазары тұрған Айша бибіге үйленген. Айша бибі қаза тапқан соң қарақытайлармен соғыста олардың қолына тұтқынға түскен. Найман ханы Күшлік қарақытайлармен соғысып, гурханын жеңген соң Арыстан ханды тұтқыннан босатқан. Қалың ягма (жалайыр) елін билеген осы Арыстан ханды да өзіне жақын тарту мақсатымен Шыңғыс хан оған Жошының екінші қызы Белеңді жұбайлыққа бергенмен, олардың бұл өмірі ұзаққа созылған жоқ. Арыстан хан Қашқарға барған соң оны сол қаланың әмірлері өлтіріп, Белең жесір қалып, әпкесі Болған Ананың қасына келген. Сондықтан да бұрын-соңғы жазушылар Сығанақ-тегін Жошының екі қызына бірдей үйленген деп жаңылып жүр. Мәселен, атақты Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Бұрынғы заманда Түркістанда Талмас ата деген әулие болған. Бәйбішесінің аты — Болған,  тоқалының аты — Белең. Кенже тоқалының аты — Ақбикеш. Болған-Ана Сарысудың бас жағында, Белең ана Сарысудың аяқ жағында, Ақбикеш Қаратауда қоныстанған.

Болған Ана, Талмас Ата молалары Сарысу бойында. Екеуі бір жерде. Көмілген жері Болған Ана аталып қалған. Белең Ананы өзі мекен қылған жайында деседі. Ұлытау, Кішітаудың о жақ, бұ жағынан жеті өзен Сарысуға құяды — жеті Кеңгір дейді. Сол өзендер құйған жерді Қаражар дейді. Одан төменгі жерді Белеңнің бойы дейді. Ақбикеш Қаратауда қайтыпты. «Басымды Темірқазыққа қаратпа, аяғым Әзіретсұлтанға қарай созылады. Күнбатысқа да қаратпа, аяғым Талмас Атаға қарай созылады», — деп, өзін тікесінен-тік тұратын қылып көмдірген. Моласына шошақ тас қойдырған». Мәшһүр Жүсіп Көпеев бұл деректерін ел аузындағы әңгімелер негізінде жазғандығы көрініп тұр. Ол Жамал Қаршидың жоғарыда аталған еңбегімен таныс болғанда нақты жазар еді. Бұл арада айтар жай — Шыңғыс хан және оның ұрпақтары билеген заманда ұлы империяның территориясын аралаған атақты парсы тарихшысы Рашид-ад-Дин қаңлылар Жетісудан Ертіске дейін үстемдік құрды деп жазса, бұл қаңлылардың Хорезмшахқа қарасты және Дешті Қыпшақ құрамындағы қаңлыларға қатысы жоқ дербес қаңлы мемлекеті туралы айтып отыр. Ал, Болған ана жерленген Кеңгір өзенінің атауы туралы өз топшылауымызды да айта кетсек, бұл В. Бартольд пен Мәшһүр Жүсіп Көпеев деректеріне және басқа да мағлұматтарға қайшы келмес деп ойлаймыз. Қаңлылар мемлекетінің ертедегі атауларының бірі — Канғар екендігі белгілі. Біздіңше, Кеңгір өзенінің атауы осы Канғар сөзінің жіңішке аталуынан шыққан. «Қара Кеңгір», «Сары Кеңгір» деп өзендердің аталуы «Қара Қаңлы», «Сары Қаңлы» атты қаңлылардың аталарының атымен аталуыда мүмкін. Кеңгір сөзінің түбі Кангар болуы әбден мүмкін.  Жалпы қаңлы мемлекетінің бір шеті Сарыарқа бойында да болғандығы тарихи деректерден белгілі. Тіпті Сарыарқа өңірінен қаңлыға жаз жайлау, қыс қыстау бөлуде Болған Ана әкесімен жүзшайқасқаны туралы да аңыздар бар.

     Болған Ана және ол туралы зерттеулер бір қаңлы тайпасының ғана емес, қазақ халқының тарихына тікелей қатысты екендігі күмәнсіз. Ең әуелі Болған бикенің әкесі Жошы ханның шешесі қазақ халқының құрамындағы қоңырат елінен болса, өз анасы  Бектумыш —  керейлердің ханы Тұғырылдың қызы, ал жұбайы тағы да халқымыздың құрамындағы аса ірі тайпа қаңлылар болса, Болған Ананы таза монғол деп айта алмаймыз. Оның үстіне Болған бике мұсылмандық жолды ұстанғандығы да тарихи деректерде, ел аузындағы аңыздарда сақталған, оның басына әулие ана ретінде ұл сұрап, қыз сұрап барған келіншектердің және сырқатына шипа іздеп барғандардың түнеуі де қазақы әдеттен туындағандығы еш күмән келтірмейді.

   Болған Ана күмбезін ұрпақтары Жошы хан мазарынан 100 шақырымындай жерде тұрғызған. Тарихи жазбаларда күмбездің сырты ақ түсті болған деген мәліметтер бар. Қазір ол ақ түсінен айырылып, күйдірілген қызыл кірпіші ғана қалған.  Күйген кірпіштерде 20 шақты ру таңбасы, арабша жазулар бар. Оның басында 1771 жылы Еділ бойынан қашқан қалмақтарды қуған орыс әскерінің капитаны Н. Рычков та, өз ғұламамыз Шоқан Уәлиханов та, атақты археологымыз Әлкей Марғұлан да, басқа да көптеген экспедициялар болып, түрлі деректер қалған. Қазір Қара Кеңгір мен Сары Кеңгір тоғысар Сарысу өзендерінің тұсындағы биіктегі үлкен қорымда Болған Ана мен Шыңғыс ханның екінші әйелі Құлан қатынның кесенелері алыстан көз тартады. Бұл жерден үш жүздің басы қосылып, ұлы бірлікке қол жеткізіп, таңбаларын тасқа қашаған өңір де алыс емес. Ғасырлардың куәсі болған күмбездер тозғанымен әлі асқақ. Қазір жезқазғандық Кенжал Балкенов пен Батырбек Мырзабеков бастаған өлкетанушылар кесенені жаңғырту үшін жергілікті атқарушы органдардың алдына мәселе қоюда. Сөз жоқ.  Болған Ана мавзолейі күрделі жөндеуді, ал оның өмір жолы, өнегесі одан әрі зерттеуді қажет етеді. Бұл қираған күмбез Президентіміз Н. Назарбаев жариялаған «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес қалпына келтірілсе, құба-құп. Жезқазғандықтар, қарағандылықтар осы бағытта әліне қарай әрекет етуде. Ал, тарихымызды терең тану үшін ірі жұмыстар керек. Міне, Болған Ана ұрпақтарының Ұлытау-Жезқазған сапары осы игі іске қозғау салу мақсатымен жүзеге асырылды. Игі іс жалғасын табатындығы күмәнсіз. Алда Болған Ана мен оның замандастары туралы тың туындылар жазылатыны анық.

    Соның басы «Болған Ана» ғылыми өлкетану экспедициясының  Ұлытау өңіріне барып, Болған Ананың  рухына тәу етуінен бастау алатыны анық. Бұл сапарға жазушылар - Бақытяр Әбілдаұлы, Толымбек Әлімбек,  Мақұлбек Рысдәулет, тарихшы   Бақыт Мырзабеков, ел ағалары Ералы Дадабаев, Болатбек Қайыпбекұлы,  Ақан Сәсембиев және өзге де кәсіпкерлер мен журналистер барды.

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ

жазушы