Тұлғалардан тағылым
Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан Погода в Казахстане


     E-mail адрес: admin@kangly.kz

ga3

    ТҰЛҒАЛАРДАН ТАҒЫЛЫМ 

 


 

 

 

 

 

 
Қайырхан

     Ентелеп келген жаудың ентігін бес ай бойы қаланың сыртында, бір ай бойы қамалдың ішінде басқан, монғолдармен өліспей-беріспейтін шайқастың ең жоғары жанкештілігін көрсеткен Отырардың билеушісі Қайыр ханның ерлігі заманында алысқа тараған. Ағыны күшті су толқынындай толықсып келген монғолдың ең таңдаулы жасақтарын басқарған Шағатай мен Үгедей нояндарының жер қайысқан қолы отырарлықтардың ерлігі таңғалдырды. Отырар бұған дейін кітапханасының қорымен  әлемді өзіне тәнті етсе, отаршылдарға қарсы шайқаста ерлігімен ерекшеленді.Ғалымдары, ақын-жазушылары көп  қаланы жаулап алуда монғолдардың маңдайы алғаш рет тасқа тиді. Намыстың көкжалына мінген монғолдар үсті-үстіне тас және от атқыш қаруларын қолданып, қамалдың дуалдарын бұзуға, қайыспас  ұландардың жігерін құм етуге ұмтылғанымен, алты ай бойы жеңіске жете алмады. Мұндай қарсылықты олар бұған дейін еш жерде кездестірмеген. Рас,  Рашид ад-Диннің жазуынша  мұндай қайсарлықты бұдан кейін олар  Қайыр ханның туысы Құмар-Тегін басқарған үргеніштіктер ғана көрсетті. Үргеніш ұзақ уақыт жауға берілмей, оларды үлкен қырғынға ұшыратты. Тек ұзақ жылдар осы қалада тұрып, билік жүргізген Түркен Хатунның  қамалдан шығып кетуі және қолбасшылар арасында іріткінің болу себебінен бұл қала да жермен жексен болды. Монғолдар Отырарда қайтпас, қайсар ұландарды, соғыстың өздері білмейтін әдістерін көрсеткен батырларға амалсыздан таңдай қақты.                              

     Тарихта «Отырар ойраны» деген атпен белгілі болып қалған бұл шайқастың басты батыры Қайырхан болатын. Сол жылдарда, одан кейін де Отырар ойранының басты қаһарманы да, себепкері де Қайырхан деп айтылды. Бұл көзқарас бүгінгі күнге дейін өзгерген жоқ. Шын мәнінде қазақ жерінде өткен осы қантөгісті шайқастың басты қаһармандары қазақ халқының негізін қалаған тайпалардың бірегейі--қаңлы ұландарының ерлігін сол кезде Батыс, Қытай, Монғол төмендеткісі келсе, одан кейін тарихымызды тұмшалау үшін орыс империясы Отырарда болған  ұлы ерлікті айтпау, айтқызбау үшін жалған тарих жасауға  ұмтылғаны анық. Бұл жөнінде Әбіш Кекілбаев: «Қайырханның атына батыс тарихшылары тарапынан айтылып жүрген әңгіме – әлі де болса оның баяғыдағы саяси дұшпандары айтқан қаңқудың сарынан шыға алмаушылық болып табылады» дейді. Шын мәнінде осы мәселеге біздің кейбір ғалымдарымыз бен жазушыларымыз назар аудара бермейді. «Тарихы жоқ» деген халықтың Отырардай қалалары, Қайырхандай хандары, қайыспас, қажырлы, батыр ұландары бар екендігін жасыру, олар үшін тиімді болғанын  назарға алмай келеміз.

 

            Қайыр ханның қолбасшылығымен болған қазақ жері ұландарының ұлы ерлігін тұмшалау үшін Отырар қаласының әкімі Шыңғыс ханның бес жүзге жуық саудагерін өлтіруі соғыс отын тұтандырды дегенді айтады. Осыны алға тартып, Қайыр ханның ғана емес, қазақ жерін қорғаған ұландарымыздың ерлігін жоққа шығарғысы келеді. Отырар қаласына шабуыл жасаған, 1219 жылға дейін монғол нояндары Қытайды және Қиыр Шығыс пен Алтай өлкесін мекендейтін аз ұлттарды басып-жаншып жеріне, еліне иелік жасағаннан кейін ол батысқа қарай алаңдап, сол кезде Европаның елдеріне шапқыншылық жасауда алдында кесе көлбеңдей тұрған Хорезм мемлекетін басып алу арманы еді. Бұл туралы Шыңғысханды зерттеп жүрген Монғолия тарихшысы Эренжен Хара-Даван «Чингис-хан как полководец и его наследие» деген еңбегінде Хорезм шахы Мухаммедтің бұйрығымен Отырарға келген 450 саудагерді өлтіруі шын мәнінде Шыңғысханның Батысқа шабуылын тездетті дегенді айтады. Көптеген ғалымдар мен тарихшылардың, жазушылардың айтуынша  Шыңғысхан батысқа шабуылын ол оқиға болса да, болмаса да тоқтатпайтыны анық еді. Ол алдымен 450 саудагерді өлтірген Қайыр ханды Хорезм  шахының ұстап беруін талап етті. Ол қаңлылардың көсемдерінің бірін Мұхаммед шахтың көмегімен өлтіруі арқылы, біріншіден, Хорезм мемлекетінің негізін қалайтын өзге қаңлылардың, атап айтқанда сол кезде  елде үлкен билікке ие болып отырған  Әмин Мәлікке қыр көрсету болса, екіншіден  мемлекет басшыларының арасына ірткі салу болатын. Жалпы Шыңғысхан бұл әдісті барлық шайқастарында пайдаланған. Сол кезде «Шыңғысханның біреудің үмбетін жазалауға тырысқаны да халықаралық құқыққа томпақ келетін оғаш қылық еді», - деген Әбіш Кекілбаев: «оны бұндай қылыққа итермелеп тұрған, шынына келсек, Қайырхан емес, Шыңғыс ханның өзі еді. Өзімен дәрежелес падишаға «ұлым» деп хат жазған сол еді. Ол әлі жаулап алмай тұрып «бағыныштымысың?» деп басынғандық еді. Бұл қай дербес мемлекет үшін де заңсыз соғыс ашқанға бара-бар озбырлық саналатын». Әлем алдында өзінің қаныпезерлігін жасыру үшін К.Маркс айтқандай  «Дикий гений» неше түрлі әдіс-айланы пайдаланғаны сөзсіз.  Соғысуға себеп табу үшін Шыңғыс хан өз саудегерлерін өзі қырып тастауы да әбден мүмкін. Бұл ойды «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматов және орыс ғалымы М. Иванин, тағы басқалар қуаттаса, зерттеуші Мұртаза Бұлұтай  Туркияда жарық  көрген «Ислам энциклопедиясында» белгісіз автор  Қайыр хан туралы жазғанда саудагерлерді оның өлтірмегенін алға тартады. Бұл пікірді араб саяхатшысы Ибн Батута да растайды дейді. Айта берсе мұндай кереғар пікірлер өте көп. Қайсы дұрыс, қайсысы бұрыс оны бүгінде дөп басып айту қиын. Алайда алдына қойған мақсатына жету үшін қолбасшылар талай айла –шарғыларға барғаны анық. «Бейбіт саудагерлерді Қайырхан өлтірді» деген пікірлерді  елдің санасына сіңіруде дәл сол кезде көп жерді торлаған Шыңғыс ханның жансыздарының  еңбегінің нәтижесі емес» деп кім айта алады. Ал айналасын соғыс өртіне орап жатқан елдің саудагерлерінің арасында «жансыз жоқ еді» дегенге сенуге бола ма?!  Бұл туралы атақты тарихшы, Шыңғысханды  зерттеуші И.П. Петрушевский былай дейді: «Іс жүзінде бұл соғыстың бастамашысы Шыңғыс хан  болды. Ол оны барлық кінәні Хореземшахқа артып сап, өзін мұсылман тұрғындары алдында исламның жауы емес қылып көрсете алатындай етіп әзірлей білді».Бірақ бір нәрсе анық, оны ешкім де, ешуақытта жоққа шығара алмайды! Ол--отырарлықтардың, оның билеушісі Қайыр ханның ерлігі! Оның ерлігі  ұрпаққа мәңгі үлгі-өнеге!

             Не керек Отырардың көп қақпаларын торулап, ішке ене алмаған монғол отаршылары сатқынның көмегімен бес айдан кейін ішке енді. Сол кезде де Қайырхан жаудың көп қолына аз күшпен қарсы тұрып, бір ай бойы жан аямай шайқасты. Отырарға дейін талай қалаларды жермен жексен етіп, халқын қойдай бауыздаған монғол шапқыншыларының қатыгездігін естіп-білген Қайырхан сарбаздарын мәңгі өшпес ерлікке бастай білді. Ол сонымен бірге Хорезм шахтан көмек келеді деп сенді. В.Г.Янның «Чингизхан. Пропавший караван» кітабында шахтың Отырарға көмек ретінде жіберген 20 мың әскері Шыңғыс ханның жансыздарының ірткі салу жұмысының салдарынан, жау жағына өтіп кеткенін айтады. Көмектің келетініне сенімін үзбеген Қайырхан өзі бас болып, Отырардың әрбір мұнарасын алынбас қамалға айналдырды. Бұл жөнінде қазақтың және  әлемнің белгілі жазушылары шығармаларын да, түсірілген фильмдер де  жан-жақты  суреттелген. Қаланың көшелері мен үйлері өлікке толды. Отырарға сырттан келетін су құбырлары жабылды. Азық таусылды. Адамдар аштан қырыла бастады. Соғыстың соңғы сәтіне дейін Қайырханның Мухаммед шахтан көмек келетініне сенетін тағы бір жағдайы бар еді. Мухаммед шахтың шешесі Түркен Хатун Қайырханның туған әпкесі болатын. Өзін әлем падишасымын деп санаған Түркен апасының да қарамағында сарбаздары бар екенін Қайырхан жақсы білетін. Оның үстіне Хорезм шахтың тұрғындары да, негізгі сарбаздары да өзінің бауырлары қаңлы және қыпшақ тайпаларынан жасақталған еді.

   Ғалымдар Қайыр ханның  тегі айналасында да пікір таластырады. Ортағасырлық тарихшылардың жазып қалдырған жазбаларында Қайырханның тегі қаңлы екені айтылған. Бұл туралы атақты ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы мен шығыстанушы ғалымдар Ислам Жеменей, Асқар Әбдуәлиев «Көне Тараз» кітабында былай дейді: «ХІІ ғасырда хатқа түскен Қожа Ахмет Иассауидың немере туысы Қойлақи аударған шежіре кітабы «Насаб-намада» Қайырханның ата тегін қаңлы еді деп атап өтеді. Осы дерек тарихи шындыққа дөп келеді. Өйткені, б.з.б. ІІІ ғасырдан б.з. VІІ ғасырына дейін Сыр бойын тұтас жайлаған қаңлы державасы болатын-ды. Сол қаңлылардан шыққан текті ұрпақтың бірі Қайырхан болуының да жөні бар». Сонымен бірге, осы ғалымдар және өзгелер ХІІІ ғасырда Отырар және оның айналасын қыпшақтар мекендемегенін алға тартады.  Әмір Жалғабаевтың «Отырар ойраны» кітабында былай деп жазады: «...450 саудагерден құралған сауда керуені Отырар қаласына келгенде Отырар әкімі Иналық Қайыр хан (сүйегі қаңлы) оларды Шыңғысхан жіберген тыңшы деп күмәнданып, бақылауға алады да, молда-мүптилерді шақырып, олардан не істеу керек туралы ақыл-кеңес сұрайды. Олар: «Мұсылман пендесі екендігін ұмытып, діні мен ділін кәпірге (монғолдарға) сатып, тыңшылық істесе, Алла тағала ондайларға рахым қылмайды, басы алынып, жаны жаһаннамаға жіберілуі тиіс, деп пәтуә айтады. Іле-шала (Қайыр хан) Хорезм ханы – Мұхаммед шахқа жағдайды хабарлап адам жібереді». Міне, осы жазбалардан да Қайырханның сүйегі қандай тайпаға жататындығы, қалыптасқан жағдайға байланысты қалайша шешім қабылдағандығы анық айтылған. Бұл деректерді басқа да ғалымдар нақтылай түседі. Мәселен, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы шығарған қазақ ру тайпаларының тарихы туралы ХІІ томда былай дейді: «Шыңғысхан әскері Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға басып кіруге мүмкіндік алады. Бұл аймақта мекендеген қаңлы, қыпшақ және т.б. тайпалар саяси жағынан Хорезм шахқа бағынышты, Мәуереннахрмен тығыз қарым-қатынаста болған еді.  Бұл аймақтағы қаңлылардың саяси өмірдегі рөлі мен ықпалы да айтарлықтай болған. Себебі, осы кезеңде деректердің кейбіреулері Хорезм шах Мұхаммедтің анасы Түркен Хатунды   қаңлы тайпасынан еді». Мұхаммед Хорезм шахтың анасының, оның туған інісі Қайырханның да қаңлы тайпасынан шыққандығы туралы ортағасырлық дерек-мәліметтері кейінгі зерттеушілердің еңбектерінде негіз болған. Мәселен, М.Тынышбаев «Мұхаммед Хорезм шах тұсында Түркістандағы гегемония қаңлыларға тиесілі болды. Хорезмшахтың анасы Түркен Хатун қаңлыдан шыққан. Оның інісі, Отырар бекінісінің (қаласының – авт.) бастығы Қайырхан кейбіреулердің пікірінше, Шыңғыс ханның шапқыншылығының негізгі себепкері болған. Хорезмшахтың Шыңғыс ханға қарсы негізгі күш қаңлылардан құралған», - деп жазады.

            Сондай-ақ, бұл пікірді В.В.Бартольд та қолдайды. Оның айтуынша ортағасырлық авторлардың бірі Джувейни Хорезмшах Мұхаммедтің анасы қаңлы тайпасынан екенін айтады. Тәжік халқының ұлы тарихын жазған академик  Б. Ғ. Ғафуров «Тәжіктер» атты ғылыми еңбегінде  Түркен Хатунды  қаңлыдан шыққан  көсемдердің  қызы деп жазған. Сол кезде қаңлылар мен қыпшақтардың тұтастығы дами бастаған болатын. Сондықтан да Махмұт Қашқари «Дивану луғат ит-түрік» еңбегінде «қыпшақ тайпасының жақсы-жайсаң ұлықтары қаңлылар еді» деп жазуының да себебі осы болса керек. Бұл пікірді Хорезм мемлекеті туралы үлкен ғылыми еңбек жазған орыс ғалымы С.П. Толстов та қуаттайды. Мәселе оның қай тайпадан шыққанында емес. Академик Әбдуәлі Қайдар ағамыз «Бұл деректі келтіріп отыруымыздың тағы бір себебі--кейбір тарихшыларымыздың «Қайырханның тегі қаңлы еді» деп айтуға ауызы бармай, «оның тегі қыпшақ болуы мүмкін», «ол түркі тайпаларының бірінен шыққан» деп, сан саққа жүгіртіп, тарихи шындықты бұрмалап  айтудан жалтара беруі. Қазақ тарихы үшін дәл осы деректің қажеті болмауы да мүмкін, бірақ қандай тарих жазылмасын, оның шындықтан алшақтап, бұрмаланып айтылуы оның өзіне нұқсан келтіреді» деген пікірімен келіспеске болмайды. Кім болса да  Қайырхан қазақ халқын қалыптастырушы  ірі тайпаның  ұлы екені рас. Оның ерлігін екінің бірі қайталай алмаған. Сол кезде зерттеушілер Қайырханның иелігіндегі ел бірлігінің өте жоғары болғанын айтады. Сондықтан да кейбір ғалымдар сол заманда қаңлы мен қыпшақ егіз ұғым екендігін алға тартудың астарында осы бірліктің мықты болғанын көрсетсе керек. Ал қытайлық ғалымдар мұндай пікірмен тіпті де келіспейді. Олар қаңлы мен қыпшақ бір шаңырақтың астында болмаған дегенді айтады. Тарих сахнасына қаңлыларға қарағанда қыпшақтар кеш шыққанын алға тартады.

            Жалпы қытайлық ғалымдардың, тарихшыларының деректерінде қазақ халқының негізі болып табылатын тайпалардың бірі қаңлының сол заманда алған орнын төмендету анық байқалады. Оның түрлі-түрлі себептері бар. Біздің жыл санауымыздың алғашқы ғасырларында тарихшылардың аузына ілінген қаңлы тайпасының тарихы тереңде. Сол кезде Қытай жеріндегі шағын-шағын ұлыстарда саясатты жүргізуші және мәдениетін дамытушы қаңлы тайпасының өкілдері болғандығы тарихтан белгілі. Мұны Қытай ғалымдары қазір де жоққа шығармайды. Қаңлы тайпасының сол кездегі қоғамдағы рөлін төмендету арқылы қытайлықтар өздерінің ойшылдары мен қолбасшыларының беделін көтеруге ұмтылыс жасағаны анық. Мұны Шыңғысхан туралы көп сериалды қытайлықтар түсірген фильмнен де көруге болады. Ұлан ғайыр жерде бірнеше мемлекеттердің, ірі-ірі ұлттардың басын қосып, Хорезм хандығын құрған Мұхаммед шахтың, Түркен Хатунның, алты ай бойы Отырарды отаршылдардан ерлікпен қорғаған Қайырханды ақылсыз, бейшара етіп көрсетуге тырысады. Осы фильмде Шыңғысханның әрекеті Қытайдан жеткізілген данышпандардың ақылымен жүзеге асты дегенді көрермендердің санасына сіңіргісі келеді. Хорезмде Шыңғысханның туған жерін қорғаған қаңлыларды қойша бауыздағанын көрсетеді. Қытайлық ғалымдардың шын мәнінде Шыңғыс ханға іш тартатыны түсінікті. Себебі, Шыңғысханның Қытайға шапқыншылығы нәтижесінде түптеп келгенде Қытай бір тудың астында біріккен үлкен империяға айналды.

            Шын мәнінде Шыңғысханның шапқыншылығына дейін ұлан-ғайыр жерді алып жатқан бірнеше мемлекеттерде қаңлылардың ықпалы жоғары болды. Сондықтан да Шыңғысхан олардың беделін төмендетіп, өзін алғашқы күннен қолдаған қазақ халқының құрамындағы өзге тайпаны биікке көтеруге ұмтылыс жасады. Тарихшы, ғалым Талас Омарбеков осылай дейді. Отырарды жаулап алғаннан кейін оның әкімі Қайырханды Хорезмді жеңгеннен кейін Түркен Хатунды бүкіл халықтың алдында масқаралап, олардың бейшара күйін елге көрсетті. Қайыр ханды иттермен бірге зынданда ұстаса, Түркен Хатунға өзі жеген тамақтың қалдығын тастады. Бұл туралы тағы да Әбіш Кекілбаевтың «Талайғы Тараз» кітабында айтылған ойларға жүгінейік. «Шыңғыс хан оны айыбына лайық жазалаған жоқ. Өзінің оған деген ызасына сәйкес жазалады. Түркен Хатунның саяси әрекеттеріне, адамгершілігіне оң баға беру, әрине, қиын. Алайда, оның атын сыртынан сатып, өтірік үндеу тасталғаны, сөйтіп, оны өз халқына қарабет қылып көрсететін қиянат жасалғаны, қазіргі заман тілімен айтқанда, Шыңғыс ханның үлкен «джентельмендігі» емес еді. Бұл – нағыз саяси көзбояушылық еді. Сондай-ақ, Шыңғыс ханның патшайым Түркен Хатунға көрсеткен теперіштерін де ұлылықтың көріністеріне емес, жай ғана пендешілікке жатқызған жөн. Бұл арада Ескендір Зұлқарнайын еске түседі. Оның Дарий патшаның отбасы мен ханымына көрсеткен адамгершілігі ойға оралады. Ал Шыңғысхан ше?.. Қарақорымға қайтып кетейін деп жатқанда ол Хорезмшахтың әйелдері мен Түркен Хатунды жұрттың алдына зорлап шығарып, опат болған Хорезмге жоқтау өлең айтқызуға ұмтылады. Тұтқында жүрген патшайымды желкелетіп алдына алып келгізіп, дастарқандағы өз жегенінен қалғанды «же» деп күштейді. Бұл да ұлы падишадан гөрі жай әншейін жұмыр бастыларға тән пендешілік еді. Ел билеген ханымды тұтқын екен деп, қаңғырып жүрген қайыршыдай жалба-жұлба киіндіріп қоюы да – пендешіліктен басқа ештеңе емес еді. Ал соның бәрін көзімен көрген шахтың хадимі Баяр ад-Дим Халалдың «бүйтіп жүргенше Жәлелетдинге қашып кетейік», - деп азғырғанына ермей: «Жолама жаныма... Құрт көзіңді!... Ай-Шешектің баласының алдына барып жақсылық көргенімше, осылай Шыңғысханның есігінде жүріп өлгенім әлдеқайда жақсы!» - деп қасарысқан (З.Буниятов... 150-бет) Түркен Хатунның қылығы – нағыз тектілік еді». (Мақалада  Әбіш Кекілбаевтың «Талайғы Тараз» кітабында келтірілген  деректерді пайдаланғанымызды айта кетуді жөн санадық. авт.)

   Шыңғысханның пендешілігі мен жауыздығын айтып жеткізу қиын. Ол өзге елдерді жаулап  алуда екі кезеңде екі түрлі әдіс қолданды. Тарихшы В.В Трепавловтың айтуынша  1207-1218 жылдары түркі халықтарымен одақтасу саясатын жүргізді.  Осы кезде ол Алмалықтың ханы қаңлы Озар мен оның баласы Сунақ-тегінмен  құда-құдандалы болды. Бұл саясатты оның ұрпақтары кейін де жүргізді. Мәселен, Жошы үлкен қызын Болған бикені қаңлыға беріп, достасты.  Мұхаммед Қайдар Дулати өзінің ұлы ұстазы санаған қазақтың тұңғыш тарихшысы, қаңлының ұлы Жамал Қаршыдай оқымыстыны  Алмалықтың билеушісі бауырына тартып, өзгеше шен-шекпен берді. Бүкіл империяда  ешқандай кедергісіз  жүріп-тұруына рұқсат етілді. Ал, 1218-1223 жылдар аралығында жергілікті халықты жаулап алып, қырып жіберу саясатын ұстанды. Сол кезде Орталық Азия мен Алтайда ең ықпалды, беделді қаңлылармен де екі түрлі саясат жүргізді. Бірінші жоғарыда айтқандай олармен құда болса, кейін оларды аяусыз жою саясатын ұстанды. Отырарды, Үргеншті, Ходжендті, Самарқанды, Бұқараны, Бенекетті, жаулап алғаннан кейін  өзіне қатты қарсылық көрсеткен монғолдарды жеңуге болатындығын айдай әлемге дәлелдеген, өзінің ата жауы меркіттерді арасына сіңірген қаңлы сарбаздары мен әміршілерін халықтың алдында қойша бауыздауды әдетіне айналдырды. Мысалы ұлы тарихшы Рашид ад-Диннің жазып қалдырған деректері бойынша  Шыңғысхан Самарқанды жаулап алғаннан кейін 30 мың қаңлы әскерін 20 әмірімен қоса бауыздады. Осы тарихшының еңбегінде Шыңғысханның талай қанқұйлы істері айтылған. Ал, тарихшы, ғалым Талас Омарбеков  2009 жылы Қазығұртта өткен ғылыми конференцияда монғолдар тікелей Шыңғысханның бұйрығымен өздеріне өршілене қарсылық көрсеткен қаңлының қыз-келіншегін тырдай жалаңаш етіп шешіндіріп, бір-бірімен шайқастырып, одан соң бауыздағанын  айтты.  Ол кісінің қандай дерек көзіне сүйеніп айтқанын анықтай алмадық, бірақ көптің алдында білгір тарихшы бекерден-бекер мұндай деректі айтпасы анық. Жаулап алған жерінде қыз-келіншектерді зорлау монғолдардың әдетіне айналған. Оған мысал өте көп. Бұл деректі тарихшы З. М. Буниятов та растайды. Ол  әйелдерді қызыл қуырдақ етіп турап тастағанын айтады. Шыңғыс ханның жауыздығы туралы дерек жеткілікті. Ол өздерімен аталас меркіттерді түгел қырып жібергенін ұмытуға бола ма? Сол сияқты Сібірдің ормандарында жүрген талай ұлтты жер бетінен жойып жібергені де белгілі. Айта берсек жүрек шошырлық мұндай мысалдар баршылық. Оның соғысы тек тонаушылықты мақсат еткенін талай ғалымдар мен тарихшылар ашына жазған. Шыңғыс хан «соғыс ғана ұлы билікке жеткізеді» деп ойлаған, соны мақсат еткен. Соған қарамастан оны  «ұлы» деп айтып, ақтап алып, атын асқақтатқымыз келеді.

   Бір адамды өлтірген адамды қылымыскер  дейміз.  Ал мыңдаған адамдарды қырып, жойған Шыңғысхан «жасампаз,халық ұлы» бола ала ма? Олай болса, орыстарды және оның одақтас өзге де халықтарды қырып-жойған Гитлерді  коммунизмге қарсы шыққанын алға тартып, ақтап алу  оңай емес пе?! Сонда оны да ұлы жасампаз саясатшылардың қатарына қосқанымыз дұрыс бола ма?! Адамның қанын шашып,  өзінің шексіз билігін орнатқанды «ұлы тұлға» деп асқақтатып, туған жерін, елін,  Отанын ерлікпен қорғағанды   «бейшара» деп аласартқанымыз қалай?  Жалпы осы мәселелер жөнінде пәтуаға келетін кез келді. Шыңғыс ханның шапқыншылығы туралы біз қандай ұстаным ұстауымыз керек? Жерімізді қанға бөктірген, қанқұйлы ісін жоққа шығарып, «ол қазақ еді» деп мақтануымыз керек пе? Мұны да ғалымдар мен саясаткерлер анықтап беретін уақыт жетті. Бүгінгі ұрпаққа не деуіміз керек? Бізге, қазаққа  кім жақын, Шыңғысхан ба, әлде Қайырхан ба? Қайсысын батыр ұланымыз дейміз? Бірақ бір нәрсенің анық екенін ешқашанда естен шығармау керек: отаршылдың езгісінде, табанында, құлдығында болмау үшін, Отанын қорғап,  жан беріп, жан алған адамның ерлігі мәңгілік!  Отырарлықтардың, оның ішінде оның ханы, билеушісі Қайырханның ерлігі жайлы Әбіш Кекілбаев, Әнур Әлімжанов, Хасен Әдібаев, Дүкенбай Досжанов, Әбдуәлі Қайдар, Мұхтар Шаханов, Қалаубек Тұрсынқұлов, тағы да басқа  қабырғалы қаламгерлер өздерінің шығармаларында тамсана жазғанын  қалайша ұмытамыз.

    Біздің бүгінгі мақсатымыз—Қайырхандай өшпес  ерлік иесін ұрпаққа өнеге ету.  Оның атын тарихта Ер Тұлға ретінде мәңгі халықтың жадында  қалдыру. Халқымыздың ұлы батырларының бірі екенін тану әрі таныту. Сондықтан да Қайыр хандай батырға үлкен ескерткіш орнатып, оның ерлігін бүгінгі ұрпаққа өнеге ету аса маңызды. Қалаларымыздың көшелеріне оның атын беру де күн тәртібінде тұрған мәселе. Отаршыларға қызмет еткендерді  құрметтеп, елді мекеннің, көшенің атын бергенде Қайырхандай тұлғаның ұмыт бола беретіндігі немесе ерлігінің тәлкекке түсуі түсініксіз.  Тарихты бір адам  немесе бірнеше адам жасамайды. Тарихты бүкіл халық жасайды. Ал сол халықты ұлы істерге бастаған ұландарына  іс-әрекетіне қарай құрмет көрсетіледі. Қазақ жерін, елін қорғауда жанын аямаған, ерлік біздің қанымызға сіңген қасиет екенін әлемге танытқан Қайыр ханды бір рудың, тайпаның ұлы деп қарауға болмайды.Ол ерлігмен білімнің ордасы атанған, кітапханасының қорымен әлем ғалымдарын өзіне тәнті еткен Отырарды, оның басты құндылықтарын сақтап қалу үшін шайқасты. Халқын мәңгілік ұлы ерлікке бастай білді. Қажет десеңіз түркілердің  қайыспас, қайсар, ержүрек ер, елі үшін жанын беруге дайын ұлан көп екенін айдай әлемге танытты! Сондықтан Қайырханның, ол басқарған Отырар халқының ерлігі ұрпаққа ұран, елге мұра! Отырардың мәдениетін асқақтатып, дүниежүзінде кітап қоры жағынан екінші кітапхананың Отырарда болуы Қайырханның кім екенін ашып көрсетсе керек. Шыңғысхан жаулап алудың  шебері болса, Қайырхан туған жерін, рухани байлығын қорғаудың сиволына айналғанын қалайша жоққа шығаруға болады.

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,

жазушы.