Тұлғалардан тағылым
Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан Погода в Казахстане


     E-mail адрес: admin@kangly.kz

ga3

    ТҰЛҒАЛАРДАН ТАҒЫЛЫМ 

СЫР СҮЛЕЙІ – ҚАҢЛЫ ЖҮСІП 

     Алаштың анасы атанған Сыр өңірі - ежелден мәде¬ниет пен өнердің, ғылым мен білімнің ордасы, құтты мекен, қасиет дарыған өлке. Сыр өңіріндегі өнердің даму тарихы түркі халықтарына ортақ тұлға Қорқыт Ата ғұмыр кешкен VIII-IX ғасырлардан бастау алады. Одан бері, Орта ғасырларда тек Сыр өңірінің ғана емес, тұтас түркі халық¬тарының өнері мен мәдение¬тінің дамуы¬на ұшан-теңіз ықпал жасаған әдебиет¬ші, тарих¬шы, ақындар болса, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында Сыр бойындағы әдеби мектептің негізін қа¬лау¬шы Сыр сүлейлері Балқы Базар, Нысанбай жырау, Қарасақал Ерімбет¬, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, т.б. еді. Осындай сөз зергерлерінің арасында Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлының орны ерекше.

     Қаңлы Жүсіп Қадірбер¬генұлы 1873 жылы қазіргі Қызылорда облысы Сырдари¬я ауданы Асқар Тоқмағам¬бетов ауылында дүниеге келген. Ата-бабалар¬ы Тәшкен, Әулие Ата маңынан түрлі себеп-термен қоныс аудар¬ған. Бұның қай жылдары екені бізге бел¬гісіз. Бірақ Қаңлы Жүсіптің өзі Сырдың төл перзенті¬. Бұлай деуімізге себеп¬ ел аузында қалған мына бір аңыз: Қаңлы Жүсіптің шешес¬і Зылиха көп уақыт бала көтермейді. Содан көп¬шілік¬тің кеңесімен Іңкәр¬дария бойындағы «Мүлкілән әулие» басына барып сыйына¬ды. Жеті күн шырақ жағып, ұйықтамай тілек тілеп отырады. Бір күні әулие: «Саған¬ үшкірленген біз, бір атым бояу бердім», - деп аян береді. Осыдан кейін ақынның шешесі Шәкен, Айша, Жүсіп, Нақып, Жақып атты перзентте¬р сүйіпті.

      Ақын алғаш ауыл молдасы Темір қожадан дәріс алады, 1890 жылдары Бұхарада мектеп, медреседе діни сауатын толықтырады. Орысша да сауатты болған. Сыр бойын зерттеуші Тынышбек Дайрабай Қаңлы Жүсіптің Тұрым бидің песірі болғандығын айтады. Ал 1912 жылы «Туркестанский край» газетін¬дегі Бермағамбет Жанғабыловтың адам өмірі туралы жұмбағын шешіп жауап қайтарған Қаңлы Жүсіп:

    Шешуі осылай шығар жұмбағыңның,

    Көрінген нұсқасындағы ишараттан.

    Болысы Қараөзектің молда Жүсіп,

    Бақтыяр тайфасында Қаңлы заттан,-

 дейді. Ақынның өз аузынан шыққан сөзге қарағанда бір кездері Қараөзек болысы болғанға да ұқсайды. Сондай-ақ, Нақып Қожамен айтыс кезінде Нақы¬п Қожа үшінші қайтарған жауабында Жүсіпке:

    Болдың ба, Жүсіп інім, біліп айтып,

    Сен айтсаң, біз қаламыз қалай жатып?

    Көп болса көтеріңкі би шығарсың

    Сөзіңді байқап сөйле, тілің тартып.

немесе

     Оразбай әуелде өзі айтып келген,

    «Келдім,-деп, Жүсіп биді ашулантып».

     Көпсініп күндегенің өтірік пе,

     Дабысқа шыдай алмай жалғыз жатып?,-

дейді. Өлең жолдарынан аңғара¬тынымыз Қаңлы Жүсіптің ел арасында Жүсіп би деп те аталғандығы. Қалай болғанд¬а да орысша, мұсылманша сауатт¬ы Қаңлы Жүсіптің ел билеу ісіне араласқаны шындық. Ал молда Жүсіп атануына келсек, ақын ел ішінде молдалы¬қ етіп, жаназа шығарып, жан баққан адам емес. Діни сауатт¬ы адам ретін¬де халық қойған есім болса керек.

     Қаңлы Жүсіп кезінде бірқатар Сыр сүлейлерін өзіне ұстаз тұтқан. Сыр бо¬йына тән ақындық дәстүрді жалғас¬тырушылардың бірі. Сондай-ақ, өзі де ұстаз бола білген ақын. Сыр өңірінен шыққан қырғи тілді ақын Асқар Тоқмағамбетов Жүсіп Қадірбергенұлын аса қадір тұтып, құрметтеген. Соның бір дәлелі ақын қайтыс болғанда он сегіз жастағы Асқар ақынның:

     Кім қалар дейсің дүниеден,

     Марқұм да Жүсіп бұл да өткен.

     Cайраған бақта бұлбұлдай,

     Отырған жерін гүл еткен,-

 деп, қамыға жырға қосуы.

      Исламды адамгершілік пен иман¬дылық, ар, жан тазалығы деп ұққан Сыр бойы ақындары адамгершілік, гуманистік, имандылық ой қорытуларын діни ұғымдармен жанастыра отырып беруге тырысты. Құран Кәрім сүрелерінен, аят, хадистерден алынған үлгі, өсиет, ғибрат сөздерді философиялық астарлы ойды беруге, қарапайым халықтың ислам дінін шынайы, имандылық тұрғысынан терең мән бере қабыл¬дауына (түсінуіне) ықпал жасау үшін пайдаланды. Мұсылман дінін дәріп¬тейтін дастандар жазды.

      Осы бағытта жыр толғаған ақынның бірі Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлы болатын.

      Ақын өз өлеңдерінде адамгершілік идеясын діни тұрғыдан түсіндіруді мақсат¬ тұтты. «Қызметкер тілім сөйлеп қал», «Құдіреті хақ субханның», «Насихат сөз», «Той бастау» сияқты өлеңдері¬нен оның осы идеясы анық аңғарылады. Сондай-ақ, ақынның мысал өлеңдеріндегі түйіндеулер, айтыстарындағы ой аңғартулар да діни тұрғыда берілген. Ал «Абыраһаның бастан кешкендері» дастанын қазақ әдебиетіндегі діни дастандар қатарына жатқызамыз.

      Қаңлы Жүсіптің туындыларын зерделей отырып, оның діни-танымдық шығармаларында Құран Кәрім аяттары мен Мұхаммед пайғамбар Хадистерін насихаттағанын, адамгершілік, имандылық рухында жыр толғап, азаматтық пікір туындатқанын аңғарамыз. Ақынның адам өмірі турасындағы ойлары да мұсылмандық тұрғыда қалыптасқан. Адалдық пен тазалық, кісі ақысын жемеу¬, ел үшін еңбек ету – имандылық, Алла тағала осындай пенделерін сүйеді деген тұжырымға әкелді.

      Қаңлы Жүсіп шығармашылығында көзге оқшау көрінетін және оның ақындық арынын танытатын басты жанр – айтыс. Оның ішінде, Сыр бойы ақындары дәстүрге айналдырған – жазбаша айтысу өнері.

      Жазба айтыс дәстүрі әдебиетімізде ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде кең өріс алды. Бұл тұста екі ақынның жазып айтысу салтына қоса, көптеген ақындардың бір тақырып төңірегінде ой жарыс¬тыруы, топтасып айтысу дәстүрі де орын алды.

      Сыр бойындағы ең ірі және уақыты жағынан да ұзаққа созылған айтыстың бірі - Қаңлы Жүсіп – Нақып Қожа – Кете Жүсіп арасындағы айтыс. Бұл айты¬стың көлемі 2000 жолдан астам. Айтыс алғашында 1908 жылы Қаңлы Жүсіп пен Нақып Қожаның арасында басталады. Өріс ала бара бірін-бірі көрмеген Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіп¬тің сөз таластыруына айналып, 1915 жылы барып аяқталады. Екі Жүсіпке арағайындық сөз айтып айтысқа арагідік Тама Кеңесбай, Жаппас Аппаз, Тұрмағамбет, Керейт Даңмұрын, Найман Мықан, Арғын Мансұрлар да қа¬тысқан. Тұрмағамбеттің тоқтау сөзімен аяқталған.

      Қаңлы Жүсіп ХІХ ғасырдың соңғы жылдарында дүниеге келгенімен, оның ақындық толысу кезеңі ХХ ғасырдың алғашқ¬ы жылдары. Ал ХХ ғасырдың басын¬дағы қазақ поэзиясын, әсіресе, поэ¬зиядағы заман көрінісі туралы сөз бол¬ғанда оны ХІХ ғасырдағы саяси-әлеу¬меттік өзгерістерден тыс қарас¬тыра алмасымыз анық. Өйткені суреткер – белгілі дәуір перзенті. Оның твор¬чест¬восы сол өмірдің сәулесі, көрінісі. Сондықтан жазушы шығармалары өз дәуі¬рінің әлеуметтік тіршілігінен, арпа¬лы¬сынан оқшау болуы мүмкін емес. Бірде-бір шынайы суреткер өз зама¬ны¬ның сая¬си-әлеуметтік мәселелеріне үн қоспай, қатыспай, араласпай қалмақ емес.

       ХХ ғасыр басы қазақ халқы үшін алмағ¬айып халді басынан кешірген кезең болды десек те болады. Ғасыр басын¬а орыстың отарлау саясаты шектен¬ асқан қысым болып жетті. Осы кезеңд¬ердегі әдебиет өкілдерінің санасындағы рухани сілкініс халықты ояту сарынына айналды. Жаңа дәуірдің есігін азат ел ретінде ашайық деген үн, асқақ рух кең даланы кернеді. Ал ақындар халықты оятудың астарлай айту, мысалмен жеткізу сияқты сан түрлі амалдарын тапты.

       Сыр бойы ақындары арасында сол кезеңдердегі саяси-әлеуметтік оқиға¬ларды, қоғамдағы болып жатқан өзгерісте¬рді, сондай-ақ, замана қайшылықтарын шынайы суреттей білген ақынның¬ бірі – Жүсіп Қадірбергенұлы. Ақын қаламынан туған «Ту көтер тұтас болып да¬рал¬анбай», «Заман», «1916 жыл», «Ерле¬рім хикаясын еттім дастан» сияқты¬ саяси-әлеуметтік лирикалары мен «Бір¬лік туына», «Сауранбайға» атты арнауларын осы тақырыптағы шоқтығы биік шығармалар қатарына жатқызуға болады.

       Артында бірнеше мың жолдық айтыста¬ры мен толғау өлеңдерін, арнау¬лары мен мысал өлеңдерін, дастандар қалдырған, әдебиеті тарихында өзіндік орны бар сөз зергерлерінің бірі, Сыр сүлейі – Қаңлы Жүсіп Қадірберген¬ұлының туғанына биыл 140 жыл толып отыр. «Қамшының сабындай» қысқа ғұмырын ақын өзінің туған халқының азаттығы мен бостандығына, елінің ауызбіршілігі мен тыныштығына ар¬нады. Осы жолда жыр төгіп, ұлттық сананы¬ оятуға қалам қарымын жұм¬сады. Сондықтан да ақын есімі ешқашан ұмытылмақ емес.

Ернияз ОМАРОВ

ақынның ұрпағы

Қызылорда қаласы мен

Сырдария ауданының Құрметті азаматы

медицина ғылымдарының кандидаты, профессор