Тарихтан деректер
Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан Погода в Казахстане


     E-mail адрес: admin@kangly.kz

Жуантөбе Қаңлы мәдениетінің көне ескерткіші

 

       Тарихтың қызықты бір ескерткіші – Қаңлы мемлекетінің басты діни орталықтарының бірі – ерте ортағасырлық Жуантөбе қаласы. Ол қазіргі Көлтоған (Мамаевка) елді мекенінің оңтүстік шығысында, Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында, Арыс өзенінің оңтүстігіне қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан. Бұл аудан б.з.б. ІІ ғасыр мен б.з.V ғасырының ортасындағы кезеңде Орталық Азияның көне тарихында маңызды роль атқарған жартылай отырықшы көшпенділердің неғұрлым қуатты төрт иеліктерінің бірі (Үйсін, Қаңлы, Яньцая, Юеджи) – ерте орта ғасырдағы Қаңлы мемлекетінің жерінде. Қаланың биік тұсында (төбеде) жазық төртбұрышты келген қамал орны бар. Оның кіретін қақпалары солтүстік-батыс бұрышында. Қамалдың биіктігі шамамен 15–16 метр, іргесі 165х130см, жоғары алаңы 80х70 м. Қамалды айналдыра ор қазылған. Қаланың жалпы аумағы 11–12 га, ордың сыртқы ені 360х350 м.
«Жуантөбе» деп қойылған атына лайық қаланың биік қамалы Арыс өзенінің сол жағалауындағы жайпақ еңіс және қамалды айналдыра қазылған терең ордың әсерінен неғұрлым еңселі көрінеді. Бұл тарихи ескерткіш ғалымдар мен тарих зерттеушілерін қашанда қызықтырып келген. Жуантөбе жөнінде алғаш жазба дерек қалдырған ғалым – оған 1893 жылы келген Н. Л. Остроумов. Ескерткіш ХХ ғасырдың 50-ші жылдарынан зерттеле басталды. 1986 жылы А. Н. Грищенко қазба жұмыстарын кеңінен жүргізді. Одан алынған материалдар бойынша зерттеушілер бұл ескерткішті VІ–VІІІ ғасырларға жатқызады. Қамалға және қазылған орға жүргізілген қазба деректер оны б.з ІІІ–V ғасырларына жатқызады. Мемлекеттік «мәдени мұра» бағдарламасы бойынша археологтар Р. Шербаев пен С. Дудков  К. М. Байпақовтың жетекшілігімен қамал-да қазба жұмыстарын жүргізді. Қамалдың солтүстік-шығыс бұрышындағы жоғарғы қабаттар аршылды. Сондай-ақ солтүстік бөлігінде стратиграфиялық тік қазба жасалды. Онда ертедегі қабаттар мен қоса қалалық фортификация ашылды.

      2005 жылы дөңгелек ордың солтүстік бөлігін қазған кезде Қаңлы мәдениетінің соңғы кезіне жататын храм кешені табылды. (б.з. V–VІІІ ғғ.). Кешеннің жалпы архитектуралық жобасын бірнеше жабық ғимараттарды айнала периметрі бойынша бірқатар анфилад ғимараттар орналасқан орталық деп сипаттауға болады. Ғимаратты жалпы мінәжат орны деп санауға болады және пайдаланғаннан бері тек бірнеше рет қана жеңіл өзгеріске түскен. Тік қазба сәулет құрылысының 4 деңгейін айқындады. Жоғары қабаты VІІІ–ІХ ғасырларға жатады, мұнда тек тұрмыстық тіршілік іздері қалған. Мысалы, қазан-пештің сыртына қаланған керамикалардың, қыш құмыралардың сынықтары. Қазан-ошақтың қасынан сары тастан жасалған диірменнің үстіңгі бөлігін қоятын тұғыр табылды. Бұл тұрғын үйдің табаны қосарланып қаланған шикі кірпіш. Бірінші қабаттың шегінде диірмен тасының астынан көмір мен күл, ошақтың сыртына қаланған керамика сынықтары бар. Қазан-ошақтың өзі қосарланған екі кірпіштен қаланған, ошақтың түбіне хұм мен хұмшалар қаланған. Керамика кешенінде сондай-ақ, ірі қыш құмыралар мен арасына шамот қосып, саздан иленген сұр түсті ыдыс-аяқтардың сынығы бар. Олардың кейбіреулерінің сыртқы бетінде түзу және толқынды сызықтар, тырналған ою мен садақ және жебенің суреттері бар. Оған қоса қос бұтақ түріндегі қалың қабырғалы қақпақ табылды. Олардың формалары және қашалып салынған оюлар Отырар – Қаратау мәдениетінің ескерткіштеріне ұқсас. Бұларды VІІ ғасыр кезеңдеріне жатқызуға болады.
2005 жылы үйдің екінші деңгейі толық қазылып бітіп, ішінара үшінші деңгейі ашылды. Бұл деңгейдің ерекшелігі ондағы үй қабырғасы арасына шикі кірпіш салынып, ірі де берік үлкен құймалармен түйілген болып шықты. Храм залының ортасындағы биіктеу жерде ошақ пен құрбан шалатын орын табылды. Онда көмір мен күлдің үйіндісі, құрбандыққа шалынған малдың сүйектері бар. Орталық залдан өзге қазылған үйлердің барлығынан дәл залдағыдай құрбан шалатын орындар бар болып шықты. Бірнеше үйлерден бүтіндей бір ошақ пен оның астына қойылатын ер-тоқым пішіндес дүние табылды, оның да құрбан шалу салтына қатысы бар. Керамикалық материалдар мұнда аз болғанымен, олардың сапасының өте жоғары екендігі байқала-ды. Мұның өзі өндірістік технологияның жоғары деңгейін көрсетеді. Күйдірілген қыш құмыралар баршылық. Олар әр алуан көлемде. Бірнеше құмған мен леген табылды. Олардың бір ерекшелігі, барлығының дерлік қабырғаларына ақ түсті ангобтың үстіне қызыл-қоңыр бояулы нүктелер салынған. Қолдан иленіп кептірілген қыш ыдыстардың түсі қызыл-қоңыр. Бұл керамикалық кешен оның V–VІ ғасырларда жасалғанын анықтайды, бұл кезеңде асханадағы антикалық ыдыстардың орнына тұрмыстық-шаруашылық ыдыстары пайдаланыла бастаған. Сүт құятын құмыралар мен дән сақтайтын құмшалар, ілмек сапты дөңгелек шөңкелер көп. Құмыралар, көбіне шағын мөлшердегі кішкене ыдыстар. Оларға отқа төзімді болу үшін шамот көбірек қосылған.
Стратиграфикалық қабаттың үшіншісіне жататыны қыш құмыраның түбі мен төменгі жағы. Оның түбіне бірінің үстіне бірі қошқар мүйіз оюы өрнектелген. Композицияның жиектері өсімдік өрнектерімен өрілген. V–VІ ғасырлар туындысына жататын мұндай ыдыстар Қаңлы мәдениетіне шығыстық этникалық мәдениеттің ықпалын көрсетеді. Өмір мәңгілігін бейнелейтін қошқар мүйіз оюдың болуы ностратикалық кезеңдерге сілтеме жасайды.
Бұл ескерткіштің жоғарыдағыдай бөл-шектеріне қарап, оны қаладағы орталық мінәжат орны деп түйін жасауға болатын сияқты.
Орталық Азияның ортағасырлық қала-ларын зерттей келе, көптеген ғалымдар араб шапқыншылығы алдында Орта Азияның аса діндар болмағанын айтады. Алуан тайпалы, әлеуметтік жағынан ала-құла болған Орта Азия қалалары бірінші кезекте әртүрлі салт-дәстүр мен сенімдердің тоғысқан орны болған. Біз зерттеп отырған, басқаларға ұқсамайтын өзгеше архитектуралық құрылымда ең бірінші көзге түсетіні – от жағатын қазан-ошақтың көптігі. Ал отты қасиеттеу, отқа табынуды зороастризммен байланыстырады. Бірақ зороастризмдік мінәжат орындарында әулиелердің отты қастерлеп ұстайтын арнайы орындары болуға тиіс еді, біздің ғимарат залында ондай орын жоқ. Г. А. Тернованың зерттеулері назар аударуға тұрарлық. Ол от, тақ, құрбандық алтарьларын, мінәжат ететін орындарды қарастырады. Зороастризмді зерттей келе, ол қазіргі шіркеулердегі шырақ жағу салты да сол ертеден қалған деп есептейді. Әдетте өшірмей от сақтайтын бірнеше қараңғы бөлмелер болған. Мінәжат салтын өткізетін зал, нан пісіретін арнайы бөлме, қасиетті суларды қоятын және отын қоятын орын болуға тиіс. Біздің қазбада шамасы от сақтайтын орын болса керек – үлкен қазандық орнатылған бөлме бар. Қалған іргелес екі бөлмені ас ішетін жер деуге болады. Ал тұйық дәлізге жалғас қараңғы тұйық бөлме қойма болуы мүмкін. Б. А. Литвинский Окса ғибадатханасынан қараңғы бөлмелерден малта тасты құдықтар тапқан. Олар Греция және Шығыс ғибадатханаларында да бар. Сәңгіртөбе ескерткішінде үлкен залдың ортасынан отқоймамен қатар еденнің өзінен күл мен құм және малта тастарды жинаған 24 шұңқыр табылды. Олар Жуантөбеде табылған шұңқырларға ұқсас. Егерде храмды зерттеушілер малта тастардың өзі қасиетті суларды сақтау үшін дайындалған десе, біз оған мұндай орындарда ішіне сүт қатқан қасиетті ішімдіктер де даярланған дер едік. Қазба кезінде екі үлкен ыдыс табылды. Оның бірі мүйіз тәріздес болса, екіншісі сиырдың басын бейнелейді. Тұмсығының тұсында су ағатын екі тесігі бар. Мұны діни көзқарастардың дамуындағы мал шаруашылығына маңыз берілген ауыспалы кезеңге жатқызуға болады. Егер ерте кезде Сыр бойының орта тұсында қой құрметтелсе, VІ–VІІ ғасырларда ірі қара малдың қасиеті артық бағаланған.
Монотеистік салтқа дейін әруақтарға табыну ерекше дәстүр саналған. Исламға дейін Оңтүстік Қазақстан аумағында және оның көршілес аймақтарында өлгендердің сүйегін сақтайтын қыштан жасалған арнайы астау болған. Ғалымдардың жекелеген топтарының айтуынша, сүйектерді арнайы астауда сақтау іс жүзінде б.з.б. ІІ ғасырда басталған. Бұрынғы дәстүр бойынша өлік жыртқыштардың жеміне тасталған, одан бертін келе мәйітті өртейтін болған. Өртенген өліктің күлін бөлек алып сақтаған. Ғибадатханада  қыш табыт (астау) қойылатын, оның қасынан адамдар айналып өте алатындай арнайы биіктеу орын дайындалған. Мұндай орын Жуантөбе храмынан да табылып отыр. Ол залдың ортасына орын тепкен және үш жағынан айналып өтетіндей жіңішкелеу жол бар. Қасиетті саналатын орындардағы мұндай залдар қай діннің болсын ғибадатханаларында бар. Мұның өзі түпкі салт-дәстүрдің тамыры бір екенін көрсетеді.
Жуантөбенің ендігі бір ерекшелігі – қаланың топографиялық бітімінде. Мыңдаған жылдар қаңырап иен қалса да, соңғы жүзжылдықтарда тіршілігі қайнап жатқан қазіргі заманғы селоның қасында тұрса да, өте жақсы сақталған. Қаланың тұтас жоспарында бір ғана мақсатты көздегені байқалады. Қазіргі заманғы аппаратуралардың көмегімен жасалған зерттеулер бойынша, қамалдың солтүстік-батыс нүктесі бекіністің оңтүстік-шығыс нүктесімен симметриялы байланыста. Тең төртбұрышты болып келген қамал ортаңғы алаң арқылы екіге бөлінген. Қамалдың жалпы архитектуралық бітімі аттың тағасына ұқсайды. Тағаның артқы бөлігі, яғни, бос қалған жер қаланың кіреберіс қақпасы. Одан тағаның алдыңғы тұтас бөлігіне қарай түзу желілер тартылған.
Храм қысқы күннің шығу нүктесін есепке алып, соған орайластырылған тәрізді. Сонда бұл ескерткіш орнын Оңтүстік Қа-зақстанда Жуантөбе тәрізді із қалдырып, шығыстан батысқа қарай шауып өткен күн сәулелі салтаттының символы деуге болар еді. Бұл нысанды оның тек аттың тағасына ұқсас бітіміне бола емес, көне авесталық аңыздардың негізінде алып отырмыз. Осылайша жобалағанда Жуантөбенің қақпасы қараған бағыт – оңтүстік-шығыс, яғни, қысқы күннің шығатын нүктесі. Сол желінің жалғасы солтүстік-батыс бағытқа – жазғы күннің батуына тұспа-тұс келеді. Сонда күнді қыста қарсы алып, жазда арнайы мерекемен шығарып салғанымыз тәрізді болмақ.
Енді осынау қоғамдық орын, мінәжат ғимаратының қызметін тоқтату себептеріне келейік. Хронология бойынша, ол араб әскерлерінің қырғын шабуылына тап болды. Ал ислам дінінің өзінен бұрынғы бұтқа табынушылықты біржолата қиратып, оның ішіндегі дүние-мүлкін аяусыз тонауға салып келгені белгілі. Сондай шабуылдың болатынын білгендей, Жуантөбенің қабырғасы, әсіресе, іргетасы шикі кірпіштермен екі метрге дейін қалың етіп қаланған. Мұндай храмдар, әрине, бөгде дінділердің басып кірген кезінде тіршілігін тоқтатуы тиіс. Алайда тәңірге, от пен суға табынған ескі сенім халықтың арасында ғасырлар бойы жалғасып келе жатыр.