Тарихтан деректер
Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан Погода в Казахстане


     E-mail адрес: admin@kangly.kz

Қаңлының ағаш арбасы
Әлемдік өркениеттің өкше ізі қазақ даласынан бастау алғандығын алдымен өзіміз мойындауымыз керек

«Қаңлыдан ұл туды дегенше,
ағашқа күн туды десеңші»
(Қазақ халқының ежелгі мәтелі)

Қаңлылар VІ ғасырда әлемде бірінші болып, төрт дөңгелекті арба жасап, өз тұрмыстарына кеңінен пайдалана бастады. Сол кездегі өркениеттегі өнертапқыштық дүниежүзінің төрт бұрышына тарап, бүкіл адамзат игілігіне айналды. Бұл жаңалық бүгінде жан-жақты дамыған көлік құралдарының алғашқы қарлығашы болатын. Дүниежүзіндегі бірінші мектеп біздің дәуірімізге дейін V ғасырда тарихшы Тит Ливийдің ұйымдастыруымен ежелгі Римде дүниеге келгендігін жақсы білеміз. Ал, Қазақстанның оңтүстігіндегі Отырар жерінде Қаңлы мемлекетінің жазу графикасы біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда пайда болғанына әлі де күмәндана қараймыз.
Күмәнданатын ештеңесі жоқ. Бұл нақты деректі Ресейдің белгілі ғалым-тарихшысы Л.А.Коханова және басқа шетелдік беделді ғалымдар растап отыр. Қытай тілінде шыққан «Қазақ мәдениеті тарихы» кітабын оқысаңыз, көптеген тарихи шындыққа көзіңіз жетеді. 643-712 жылдары өмір сүрген қаңлы Шайхы ном кітабын қытай тіліне аударып, хан елінің ұлы ұстазы атанады. Қаңлы шайхылары мен монахтарының Қытайға будда дінінің әкелінуіне зор үлес қосқандығын осы елдің белгілі ғалымы Су Беи хай және басқа тарихшылары жан-жақты жазды. Дін тақырыбы қозғалған соң айта кететін тағы бір ақиқат пен шындық бар. Қаңлылар 777 жылы түркі тілдес тайпалардың арасында бірінші болып, ислам дінін қабылдаған ел. Олардың ислам дінін уағыздауды таратуда, мойындатуда сіңірген еңбегі, негізгі ислам дінін таратушы қожалардан кем емес.
Әлемдегі ұлы ғұламалардың бірі әл-Фарабидің туған жері – Отырардағы кітапхана – әлемдегі ең үлкен екінші кітапхана болғандығын бүкіл дүниежүзі жақсы біледі. Негізінен қаңлылар тұрған бұл қалада сәулетті мешіттер, медреселер, күмбездер болды, жер асты су құбырлары жұмыс істеді. Алтын, күміс, мыс қорытылып, ақша шығарылып, сауда жұмысы жақсарды. Сол кездің өзінде ауылшаруашылық саласы мен өнеркәсіп кеңінен дамыды. Қаңлылар дүниежүзінде алғашқылардың бірі болып шарап жасаудың үздік технологиясын ойлап тапты. Осы игі істермен қатар, ғылым, өнер, мәдениет, әдебиет, сәулет өнері, медицина салалары өркен жайып, Отырардың атағы дүниенің төрт бұрышына белгілі болды. VІ ғасырда Отырар қаласының маңындағы Қарабие қорғанынан табылған бір адамның бас сүйегіне операция жасалғаны туралы деректер бар. VІІ ғасырға жататын бір қорымнан табылған қаңқаның бір аяғы тізеден төмен кесілгендігін, бірталай жыл ағаш аяқ пайдаланғандығын ғалымдар дәлелдеп берді. Яғни, қаңлылар ХІІІ-ХІV ғасыр бұрын адам бас сүйегі мен аяғына операция жасауды меңгеріп, жүзеге асыра бастаған. Ерте дәуірдің өзінде Қаңлы мәдениетінің қарыштап дамығанын қолдағы бар деректер дәлелдей түседі. Қытай тілінде жазған Қаңлы ақыны Потодын 10 томдық шығармаларымен тұтас хан еліне танылған ғалым, ақын, сазгер болған. (Батыс өңір аз ұлт жырларынан таңдамалар, Қытайша 4-бетін қараңыз). Біздің заманымыздың 232-348 жылдары жасалған, ақын 117 жыл ғұмыр кешіпті. Ол үлкен оқымысты ғұлама адам болған. Зерттеу жұмысымен бүгінгі Кашмир, Үндістан өңірін аралаған, ақынның көптеген өлеңдері сол кездегі Қытайдан шыққан атақты «Гаузуннама» деген кітабында жарияланды.
Сондай-ақ, Қаңлы Хату әрі ақын, әрі сазгер, әрі ғалым болып, 589 жылы 10 томдық шығармасы жарық көрген. Оның көптеген өлеңдері, ғылыми еңбектері өз дәуірінде жоғары баға алды. Оның «Чаң-Ән аймағы» деген өлеңі алыстап кеткен заманды көз алдыңа елестетеді.

 

Чаң – Әннің жолы тар, иір-қиыр,
Бұтақталып жан-жаққа таралады.
Кестелеген қорамсақ ернеуінде
Дөңгелектер шиқылдап ән салады.
Улында (жер аты) көп тақуа,
сөзуарлар,
Топ-тобымен жасақтар жар салады.
Жастар қалай түсінсін қарт сардарды,
Тек ашумен толады бар шанағы…
Ақынның бұл өлеңінен жасақ басқарған сардар екендігі, қаруларын арбаға тиеп, соған ән салдырып, шеру тартып жүргендігі айтылады. Өлеңнен қаңлылардың жауынгер халық болғандығын аңғаруға болады. Қытай тілінде жарық көрген Батыс өңірі аз ұлт жырлары таңдамалар кітабында 1255-1300 жылдары өмір сүрген қаңлы ақыны Бұқым туралы деректер көптеп кездеседі. Ақынның Бұқымның «Умашан бастауынан өткенде» деген өлеңі былай басталады:

Кәусар бұлақ бастаудың суы тұнық,
Сусындайды жолаушы бетін жуып.
Баяндайды ол жүргінші халайыққа,
Әлмисақтан бергіні тарих қуып.
Қытай деректеріне сүйенсек, қаңлы Сәрсен 1295-1345 жылдары өмір сүріп, соңында көп әдеби мұра қалдырған ақын. Қаңлы Бұқұмның ұрпағы Сәрсен-Зсан, Наунау деп те атанған. Ғұлама небәрі 51 жасында Пекинде қайтыс болады. Өмірінің ақырында қатты жоқшылық тартып, жерлеуге кебін табылмаған. Ол сондай-ақ, өз дәуірінің белгілі хаткері, көркем жазу шебері болған зиялы жан. қытай көркем жазуының негізін салып, ережесін жазып кеткен сан қырлы өнерлі жанды қытай халқы осы күнге дейін ұмытпай, есімін қастерлейді. Солтүстікте Сәрсен – Зсан, оңтүстікте Жаумынжау – екі дегдар, қос гауњар атанған.
Қаңлылардың мәдениеті өте жоғары дамығанын көне деректер жан-жақты дәлелдей түседі. Қаңлы қыздарының «Арыстан биін» билегеніне арнап, қытайдың Таң дәуіріндегі ақыны Бай Жуй-и «Биші бикеш» жырын:

Биші бикеш ойқастап,
Оңға-солға бой тастап.
Жауған қардай қалықтап,
Құйындай құйғып шарықтап, –
деп бастайды.
Қытай қаламгері Лу Ян біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-ғасырда Жанчян хан патшалығының астанасы Чаң Әнге Кусаннан қобыз, барабан, били (түтікше музыка аспабы), пипа (бес ішекті аспап) сияқты музыка аспаптарын ала барған. Таң дәуіріндегі тоғыз бөлімді би музыкасының бір бөлімі осы Кусан би музыкасы болатын. Ол хан ордасында ойналудан тыс ауыл-қыстаққа дейін таралып, осыған орай арнайы тартымды жырлар, өлеңдер жазылады. Осының өзі қаңлылардың қобызды бұдан 3-4 мың жыл бұрын музыкалық аспап ретінде пайдаланғанын айғақтап тұр. Біздің дәуірдің ІХ-Х ғасырында, ұйғырлар Шыңжанға келіп қоныстана бастайды. Одан бұрын мұнда њұндар, қаңлылар, ұлы йуздер мекендеген.
Хан елінің тарихын жазған қаңлы Теміртасты, Бояутайдың баласы ғалым Тайбұханы, қаңлы Калел, Таутұн, Бұқаларды үлкен мақтанышпен айтамыз. Калел, Тайбұха сияқты шеберлер тұтас Шыңғыс хан патшалығының мәдени-ағарту, ғылым-техника жұмыстарын басқарғаны жөнінде деректер көптеп кездеседі. Ляу, Жин, Сун хандықтарының тарихын осы ғұламалардың жазып шыққанынан қытай ғалымы Су Бейхай қытай тілінде шыққан «Қазақтың мәдениет тарихы» деген кітапта жан-жақты талдап жазады. Қаңлылардың өркениетке қосқан үлесін қосқанда әлемдік ғылым мен мәдениеттің шоқтығы белесіне көтерілген Әбу Нәсір әл-Фараби, Ғаббас Сайд әл-Жауњари, Ысқақ әл-Фараби, Сымайыл әл-Жауњари, Ахмет әл-Фараби, Ахмед Яссауи, Әбілқасым әл-Фараби, Әлбіүгнеки, Смаил әл-Отырариді ерекше атап өткен жөн. Отырардан шыққан Қаңлы Әбу Нәсір әл-Фараби әлемдегі екінші ұстаз, ғұлама ғалым екенін қайталап жазып жатудың қажеті жоқ. Қаңлылардың тарихы туралы біздің жыл санауымыздың 500-ші жылдары өмір сүрген қытайлық Жан Шан шынайы дүниелер жазып, баға жетпес деректер қалдырды. Ол сол кезде Үйсін мемлекетіне елшілікке жіберіліп, Ауғанстан арқылы өтіп, Қаңлы мемлекетіне келеді. Қаңлылар Қытай елшісін көршілес Үйсін мемлекетіне жеткізіп салады. Елші осыдан 2000 жылдан астам бұрын жазған жолжазбасында Қаңлы мен Үйсіндердің мемлекеті бөлек болғанымен, діні, тілі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бір екендігін жазады. Сондай-ақ, грек жињангері Геродот өзінің «Тарих» деп аталатын еңбегінде 490 жылдарғы қаңлылардың өмірі мен тарихы туралы көптеген тың деректер жазып, құнды дүниелер қалдырды. Жапонның белгілі тарихшысы Ширатори да қаңлы тарихын көп зерттеген оқымыстылардың бірі. Ол өзінің ғылыми еңбегінде: «Хан патшалығы кезінде қаңлылар мекендеген жердегі елдің салт-дәстүрі қазіргі қазақтардың салт-дәстүрінен ешбір алшақтамайды. Бұдан байырғы қаңлылардың қазақтың түп ата тегінің бір бұтағы екендігіне ешбір күмән тумаса керек. Өкінішке орай, қазақ ұлты ХV ғасырда ғана қалыптасты, соған сәйкес аталған дәуірдің алды-артында ғана «Қазақ» деген ұлт аты өмірге келді дейтін жаңсақ пікір бар», – деп өте құнды пікір жазды. Қытайдың көрнекті тарихшысы әрі жазушы Су Би Хай да қаңлы тақырыбына көп қалам тартып, тұжырымды зерттеу жүргізген белгілі оқымыстылардың бірінен саналады. Ол «Юан хандығының тарихы» кітабында жарияланған Қытай патшасы Узонның баяндамасын негізге ала отырып, сол кездегі империя гвардиясының ішінде арнайы «қаңлы қолы» болғандығын, бұл жасаққа қаңлы батыры Асабұқа басшылық еткендігін, олардың батырлығы мен ерлігін жан-жақты жазды. Ал, қытай жињангері Жан Чян біздің дәуірімізден бұрынғы ІІ-ІІІ ғасырларда Қаңлы мемлекетіне саясат жасап, шынайы тарихи деректер жазды. Осының бәрі бүгінде баға жетпес тарихи құндылықтарымызға айналып отыр. Рим империясын талқандап, көп ғасырлық тарихы бар Константинопольды басып алған Осман түріктері өздерінің арғы тектері Орта Азия екендігін жақсы біледі. Осындайда қазақтың ұлы ақындарының бірі Шәкәрімнің: «…1219 жылы Шыңғыс ханның әскері Орта Азиядағы елді шауып, быт-шыт қылғанда, қаңлының Қайыхан деген ханы елу мыңдай қаңлыны алып, Рим жеріне барады. Соғыс өрті басылып, Қайыханның баласы – Сүлеймен елін алып, қайтып келе жатқанда, Евфрат дариясына суға кетіп өлген соң, Сүлейменнің баласы Тоғрұл төрт жүздей үйімен Арыз маңында қалыпты… деп жазғаны еріксіз ойға оралады. Ал, түрік тарихын жан-жақты зерттеуші ғалым Зеки Уәлиди Тоған өзінің көптомдық тарихи зерттеуінде XІІІ ғасырда Осман империясын құрған Осман сұлтанның тегі – қаңлы тайпасынан шыққан қаңлы руы екенін атап көрсетеді. Жоғарыда аталған деректерді қазақтың алғашқы тарихшыларының бірі М.Тынышбаев, орыстың көрнекті ғалымы Н.Аристов, француз ғалымы К. Д’осстон және басқа да ғалымдардың жазған еңбектері нақты дәлелдейді. Бұл пікірді Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі Ә.Қайдаров және басқа да көрнекті ғалымдар айтып та, жазып та жүр. Осы деректі осыдан біраз жыл Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің проректоры, түріктің көрнекті ғалымы Ю. Әбірахманның аузынан да есіткеніміз бар. Яғни, Осман түріктерінің түпкі тегі қазақ халқының көне тайпаларының бірі – қаңлылардан шыққандығы туралы айғақтар көп.
Ыстамбұлда арғы тегі қаңлы Осман империясының тұрғызған таңғажайып ғимараттары көптеп саналады. Бүкіл түркі дүниесінің мақтанышына айналған, Ыстамбұлға ерекше көрік пен айбат беріп тұратын Сұлтан Ахмет мешіті – түркі және ислам әлеміндегі ең атақты ескерткіштердің бірі. Мешіттің сыртқы көрінісі қандай сән-салтанатқа бай болса, іші де әдемілік пен сұлулыққа толы. Сонау алыстап кеткен 16 ғасырда өмір сүрген түріктің ұлы сәулетшісі Мехмед Аганың қас шеберлігіне бас иіп, таңғажайып сұлулық әлеміне еніп жүре бересің. 1661 жылы біткен Сұлтан Ахмет мешіті қайталанбас архитектуралық шешімімен, сән-салтанатымен, әсемдігімен – бүкіл әлем жұртшылығын осы күнге дейін таңқалдырып келеді. Топкары сарай мұражайы да туристердің ең көп келетін тарихи орындарының бірі. 600 жыл бойы салтанат құрып, көп мемлекетті билеген Осман империясының сұлтандары осында тұрған. 1453 жылы римдіктерді жеңіп, абыройы асқақтаған Фетих Сұлтан Мехмед Осман императордың қасиетті тәжін осында алып келіп, бүкіл әлемге танылады. Бүгінде мұражайға айналған сарайда 4 аула, бірнеше бөлім бар. Олардың бәрі жер бетіндегі ең ұзақ өмір сүрген Осман империясының күші мен құдіретін, сәні мен салтанатын паш етеді. Алып патшалықтың тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін жан-жақты көрсететін теңдесі жоқ, құнына баға жетпейтін жәдігерлік дүниелерді Топкапы сарайынан көре аласыз. Түрік президенті Ататүріктің жарлығымен сан ғасырдың куәсі болған, небір ұлы сұлтандар мен ғұламалардың ізі қалған салтанатты сарай 1924 жылы мұражайға айналып, алғаш рет түркі халқына, шетелден келген қонақтарға есігін айқара ашты. Бүкіл адамзаттың рухани астанасының алғашқы ірге тасын Қайы Қаңлының ұрпақтары – Осман империясының қалағандығын ұмытпауымыз керек.
Соңғы кездері адамзат өркениетінде ерекше орын алатын Шумерлер мемлекеті, шумерлер туралы көп жазылып, көп айтылып жүр. Итальян, ағылшын, неміс, еврей және басқа халықтар да өздерінің түбін, теңдесі жоқ мәдениеті мен рухани байлығын шумерлерден іздейді. Дегенмен, дүниежүзінің ең беделді, білікті деген, қара қылды қақ жаратын ғалымдары шумерлердің түркі тілдес халықтарға туыс екендігін тайға таңба басқандай дәлелдеп берді. Жақында «Ана тілі» газетінде «Шумерлер – түркілермен тектес халық» атты көлемді мақала жарық көріп, оқырмандардың назарын өзіне аударды. Сөз жоқ, белгілі жазушы, профессор Әбілфайыз Ыдырысов шумерлердің тарихын, олардың адамзат өркениетінде алатын орнын, түркі тілдес халықтарға туыстық жақындығын жан-жақты зерттеп, талдап жазған. Тарихшылар мен лингвистер үнсіз қалып, аша алмай жүрген сырды жан-жақты ашуға белгілі ғалым, қаламгер батыл қадам жасайды. Өкінішке қарай, шумерлер мен түркілерді байланыстыратын маңызы зор, тарихи құндылығы терең, кейбір деректер мақаладан тыс қалыпты. Қалың оқырманға оны жеткізуді жөн, жөн емес-ау, парыз санап отырмыз. Ефрат пен Тигр алқабында қалыптасқан көне (б.д.д. ІV-ІІІ ғ.ғ.) Шумер мемлекетінің мәдени дәстүрі қатар жатқан қос өзен Сейхун мен Жейхун аралығында дәуірлеген Құшан, Канғюи-Қаңха Хорезм мемлекеттерінің дәстүрімен байланыста болғандығын кезінде орыстың белгілі ғалымы С.П.Толстов жазған еді. Ал, Еуропаның белгілі ғалымдары Ф.Хоммел және А.Фалькенштеин өткен ғасырдың өзінде шумерлердің арғы аталары қаңлы болды деген пікір айтқан еді. Шумерлердің ежелгі тарихын көптен бері зерттеп жүрген қазақтың талантты ақыны О.Сүлейменов пен белгілі ғалым С. Аманжоловтың бұл туралы пікірлері ашық айтылмаса да, жоғарыда аталып өткен әлемдік өркениетте өзіндік орны бар шетелдік ғалымдардың тұжырымдарымен тұспа-тұс келіп жатады.
Біз бұл бір жақты пікір дегеннен аулақпыз. Оны жан-жақты түбегейлі зерттеуді ғалымдардың еншісіне қалдырайық. Шынайы пікірге толы талас әрқашан да шындық пен ақиқатты тудырып жатады. Ал, қазақтың халық болып қалыптасуына өзекті ұйтқы болған негізгі тайпалардың бірі – Қаңлылардың Шумерлер сияқты адамзат өркениетінің өркендеуіне қосқан үлесі шексіз екені бәрімізге де белгілі ақиқат.

Бекболат ТАСБОЛАТҰЛЫ,

 профессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары

академиясының корреспондент- мүшесі.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы, Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының Бас директоры.