Тарихтан деректер
Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан Погода в Казахстане


     E-mail адрес: admin@kangly.kz

Сүлеймен Сұлтан туралы ақиқат

 

002or     001

          Сүлейман падишах ХV ғасыр                                                                                   Султан Сүлейман фильмінен кадр

1.Сүлеймен сұлтанның арғы тегі – қаңлы   

     «Хабар» телеарнасы арқылы «Сулейман Великолепный» деген атпен  беріліп жүрген «Ғажайып ғасыр» түрік сериалы бұл күндері көреремендер жүрегін жаулап алған. Онда Азия, Еуропа, Африка құрлықтарын бағындырған Осман империясының көрнекті өкілі Сүлеймен сұлтан билік жүргізген кезең, оның кейін Хюррем деген атқа ие болған украиналық Анастасия деген сұлумен арасындағы  махаббат, сарайішілік талас-тартыстар баяндалады. 

       Сүлеймен Осман империясының оныншы билеушісі. Империяның негізін Осман (қазақша – Оспан) қалаған болса, кейін оның ұрпақтары  Орхан (1281-1360 жж), Мұрат І (1319-1389 жж), Баязид Ілдірім (Найзағай) –1357-1403 жж), Мехмет І Челеби (1375-1421жж), Мұрат ІІ (1403-1451 жж), Мехмед ІІ (Константиопольді алған жеңімпаз  Фатих сұлтан – 1432-1481 жж),  Баязид ІІ (1447-1512 жж), Жауыз Селім І (1467-1520 жж) басқарды. Билеушіні сұлтан, кейін падишаһ деп атайтын болған.

Қызық болғанда Сүлейман сұлтанның әкесінің аты да Селім, Сүлейменнен кейін таққа отырған баласының да аты Селім.

     Сүлеймен 1494 жылы 6- қарашада Трабзон қаласында дүние есігін ашыпты. 26 жасында, 1520 жылы билікке келді. Арабстан түбегін қаратқан соң 1538 жылдан бүкіл мұсылман әлемінің халифына айналды. Билік басында болған 46 жылдың  33 жылын ат үстінде, жорықтарда өткізген. Кейінгі зерттеушілер оның ат үстінде 48 мың шақырым жол жүргенін анықтапты. Сол жорық жолында 1566 жылы 72 жасында аурудан қайтыс болды. Ыстамбұл қаласында өзі салдырған «Сүлеймание» мешітінің ауласында жерленген.

 Сүлеймен сұлтан Осман империясының тарихындағы ең ұлы император. Еуропалықтар оны «Ғажайып Сүлеймен» деп атаса, қарауындағы халық заңдардың орындалуын қатаң қадағалауына байланысты «Сүлейман қануни» яғни әділ Сүлеймен деп атады.

     Ілкі тарихына көз салсақ, Сүлеймен сұлтанның арғы ата бабалары қазақ топырағынан шыққан. Көрнекті ойшыл әрі ғалым Шәкірім Құдайбердіұлы өзінің  «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген еңбегінде  Осман империясының негізін қалаған Осман ғазидің арғы тегі Сүлеймен би, оның баласы Ертұғрыл ғази  қазақтың қаңлы тайпасынан шыққандығын айтады.  

    «1219 жылы Шыңғыс ханның әскері орта Азиядағы елді шауып быт-шыт қылғанда, әр ел толқынып ауғанда жоғарғы айтылған қаңлының Қайы хан дегеннің халқы елу мың үйдей қаңлы ауып Рум жеріне барды. Біраздан соң соғыс басылған кезде Қайының баласы Сүлеймен елін алып қайта келе жатқанда, Евфрат дариясына суға кетіп өлген соң Сүлейменнің баласы Тоғрул төрт жүз үйдей еліменен Арыз маңында қалыпты. Өзі батыр болып, маңайындағы елдерді алып жүргенде Кония падишасы Ғалалиддин деген Шыңғыстың баласы Шағатайдың әскеріменен соғысып жатқанын көріп, Ғалалиддинге болысып көп қайрат көрсеткен соң, Ғалалиддин разы болып, Аскуд, Қараша тау, Тұманшы деген жерлерді беріп, Ертоғрулды әскербасы қылыпты. 1272 жылы 90 жаста Ертоғрул өліп, орнына баласы Ғұсман (Осман – ред) әскер басы болды. Бұл әкесінен де мықты болып, әр жерді алып, Қараша Хасар деген жерді алғанда Ғалалиддин Ғұсманды өз алдына бөлек бек қойды. Онысы 1282 жылы еді. Мұнан он бір жыл соң Тәбриздегі Шыңғыс нәсілінен хан болып тұрған Ғазан хан Рум жұртын шауып, әрбір кішкене хандықтарға бөліп жібергенде Ғұсман да өз еркі өзінде бір хан болып қалды 1300 жылы» деп жазады ол. Осман империясы міне, солай пайда болған.  Осы деректерге басшылыққа алсақ,  Османлы империясын о баста қазақтар, дәлірек айтқанда қазақ халқын құраған негізгі тайпалардың бірі қаңлылар құрғандығы талас тудырмайды. 

    2. Сүлейменнің жорықтары    

    Сүлеймен I өзінің билігін  әкесі шынжырлаулы күйде қапаста ұстап келген мысырлық ақсүйектертұтқындарды азат етуден бастады. Еуропалықтар бұл хабарды естіп қуанып жатты. Сүлейменнің әкесі Селім өте қатал, қанқұмар адам болатын. Сондықтан жұрт арасында Жауыз Селім атанған. Сүлеймен әкесі  тәрізді аса қанқұмар болмағанымен империя етегін  кеңейтуге, өзге жерлерді басып алуға, сөйтіп жеңістерге жетуге құмар болды.

      Таққа отырған бойда келесі 1521жылы оның әскері Дунай өзеніндегі мықты бекініс Шабацты қаратып, Белградты алды. 1522 жылы Жерорта теңізіндегі  иоаннит-рыцарлардың алынбастай көрінген Родос аралын қамалдарымен, қасындағы ұсақ аралдарымен бірге Османлы иелігіне айналдырды. Зор шығындарға ұшырағанына қарамастан бұл жеңіс жаңа жорықтарға жол ашты. Түріктің әскери флоты Жерорта теңізінде, Қара теңізде, Қызыл теңізде қаһарлы күшке айналды.  

       Сүлеймен падишаһ 1526 жылы Венгрияға қарсы  100 мың адамдық армиясын аттандырды.  Мохач түбіндегі шайқаста түріктер  Лайош II армиясын тас талқан етті. Корольдің өзі қашып жүріп батпаққа шөгіп өлді. Османлы империясы 15271528 жылдары Боснияны, Герцеговинаны, Славонияны басып алды. Сол жылы Трансильвания билеушісі, венгр тағынан үміткер Янош Запольяи Османлы империясына бағынатынын мойындады. Оны қорғаймыз деген желеумен Сүлеймен  1529 жылы тамызда австриялықтарды қуып шығып, Венгрия астанасы Буданы басып алды. 1529 жылы қыпкүйекте падишаһтың 120 мың адамдық әскері  Вена қаласын қоршады. Түрік әскерінің алдыңғы легі Баварияға жетті. Тек азық-түліктің жетіспеушілігі, әскер арасында жұқпалы аурулардың тарауы  сұлтанның Балкан түбегінен кері қайтуына мәжбүр етті.  Сүлеймен әскерінің қуаттылығы соншалық ол христиандық Еуропаның ең күшті елдерінің біріккен армияларына қарсы таң қаларлық соққылар беріп жататын.

1533 жылы ол Сефевид мемлекетіне қарсы соғыс бастады.

Иран әскерінің өзбектерге қарсы жорыққа кеткенін пайдаланып, 1533 жылы өзіне Әзірбайжанды қаратты. Тебризді басып алды. 1534 жылы Ұлы Уәзір Ибрагим пашаның әскерімен қосылып, оңтүстікке бет алды да бір айдың ішінде Бағдадты басып алды. Бұдан кейін оған Басра, Хузистан, Луристан және Парсы шығанағының оңтүстігіндегі шағын кнәздіктердің билеушілері түгел бағынатын болды.

     1533 жылы Хайр-ад-Дин Барбаросса Османлы флотының қолбасшысы, капудан-паша болып тағайындалды. Ол 1534 жылы Тунисті басып алды. Көп ұзамай ол Корфу аралын,

Эгей теңізінде Венецияға қарайтын Занте, Эгин, Чериго, Андрос, Парос, Наксос Османлы портасына (Османлы үкіметіне) бағындырды.  1538 жылы  28-қыркүйекте  түрік флоты Превез түбінде Венесия императорының  ең керемет адмиралы  Андреа Дориа басқарған теңіз күштерін түгелге жуық суға қарық қылды.  

     Сүлеймен I  сол жылы Молдованы басып алды,  Днестр мен Прут өзендерінің төменгі ағысы бойын империясына қосып алды. 1538 жылы түріктер Оңтүстік Арабстан мен Үндістанға теңіз жолымен жорық жасады. Құрлықтағы шайқастарда Сүлеймен әскері жеңістен жеңіске жетіп отырды. 1540 жылы сұлтан Венецияның Хайраддин басып алған аралдарын, Морее,  Наполи ди Романо мен Мальвазияны өз қармағына толықтай қаратып, Венесияны жыл сайын 30 мың дукат контрибуция төлеуге мәжбүр етті. Жерорта теңізінде түріктер толықтай қожалық ете бастады. 

     Бұдан соң 1548 жылы Тебриз қаласын төртінші рет қайта басып алды, Исфаханды қаратты, Нахичевань, Оңтүстік Шығыс Анатолия, Ирак, Батыс Гүржістан осман империясының қоластына қарады.  

     Османдықтардың Испания мен Австрияға қарсы  Франсиямен бірлескен одағы нәтижелі болды. 1541 жылы Хайраддин Барбаросса испандықтардың Алжирге қарсы қарсы жасамақ болған үлкен жорығын тойтарды. 1543 жылы түрік флоты франсуздардың Ниццаны, 1553 жылы Корсиканы жаулап алуына көмектесті.

    Османлы империясы мен Мәскеу кнәздігінің арасында да османлыға бағынышты Қырым жері үшін қырғиқабақтық жалғасып жатты. Тек Қырым емес 1524 жылы Қазан ханы Сафа Герей де Сүлейменге бағынатынын мойындаған. Тіпті Московия басқыншылығынан қорыққан Сібір хандары дипломатиялық, әскери көмек берер деген үмітпен Сүлеймен қоластына кіруге талпынды. Алайда бұған жер қашықтығы мүмкіндік бермеді. Кейін екі ғасырдан соң  орын алған орыс-түрік соғыстары Османлы империясын Қырымдағы иеліктерінен бас тартуға мәжбүр етті.  

     Сүлейменнің кезінде османлы империясының шекараы кеңейе берді. Тыным таппай жорықтарда жүретін түрік флоты Триполиді басып алды, бүкіл Либияны бағындырды. 1553 жылы  түріктер Мароккоға ұмтылды, 1555 жылы Суданды, 1557 жылы  Эфиопияның басты порты Массауаны, 1559 жылы бүкілЭритерияны бағындырып, Қызыл теңізді толықтай бақылауына алды.  1538  жылы бүкіл мұсылман әлемінің билеушісіне айналып халиф атанды. Өмірінің соңында сұлтан Сүлеймен I мұсылман әлемінің ең ұлы, ең күшті билеушісіне айналды.

    1566 жылы 1-мамырда  Сүлеймен I өзінің өміріндегі соңғы он үшінші әскери жорығына аттанды. Сұлтан әскері  7-тамызда Шығыс Венгриядағы  Сигетвара қаласын қоршауға алған болатын. Ғажайып Сүлеймен  5-қыркүйекке қараған түні өзінің жорық шатырында қайтыс болды. Көз жұмарынан бірнеше сағат бұрын өзінің Бас Уәзіріне: «Жеңіс барабанының ұлы дүрсілі әлі де естіле қойған жоқ» депті.      

  Ғажайып Сүлеймен  ақындарды, суретшілерді, архитекторларды жақсы көретін, өзі де өлең жазатын. Өте мықты темір ұстасы болды, зеңбіректер құюға тікелей өзі қатысатын, зергерлікті де тәуір көретін.  Оның кезінде керемет сарайлар, көпірлер, мешіттер салынды. Парақорлықты жек көретін, өз мүмкіндігін асыра пайдаланған шенеуніктерді қатты жазалайтын. ГеоргВебердеген батыстық тарихшы «Жалпы тарих» деген кітабында: «Күшпен әкелінген қолөнер шеберлерін босатуы, мектептер салуы, заңдардың орындалуын қатаң қадағалауы сияқты игі істерімен Сүлеймен халықтың құрметіне бөленді, алайда ол аяусыз тиран болатын: оның күдікшілдігі мен қаһарынан ешкімді туыстығы мен сіңірген еңбегі арашалап қала алмайтын» деп жазды.              

     3. Ибрагим-паша тағдыры

    Ибрагим-паша Паргалы (1493-1536 жж) қазіргі Грекияның аумағында Парга деген жерде балықшы отбасында дүниеге келеді. Зерттеушілердің бірі оны грек десе, екінші біреулері итальяндық деп тұжырымдайды. Жас кезінде оны теңіз қарақшылары ұрлап кетіп, осман империясының шахзаделері білім алатын Манисадағы сарайға құлдыққа сатып жібереді. Ибрагим сол жерде тақ мұрагері, өзінің құрдасы Сүлейменмен танысады, екеуі жақын дос болып кетеді, бірге білім алады. Ибрагим көптеген тілдерді білетін, жан-жақты білімді, әскер өнерін жетік меңгерген жігіт болып өседі. Бала кезінде-ақ мұсылман дінін қабылдайды. 1520 жылы Сүлеймен әкесінің орнына таққа отырған соң досына үлкен қызметтер мен атақтар береді.  

      Ибрагим  керемет әскери қолбасшыға, келіссөздерді ұтымды жүргізетін дипломатқа айналады. Көптеген жорықтарда, шетелдіктермен келіссөздерде өзінің таңданарлық шеберліктерін көрсетеді.  Сондықтан да қызмет жағдайында тез көтеріліп, жауапты орындарға тағайындалып жататын. Бірде Ибрагим айналасындағы басқа уәзірлердің қызғанышын, көреалмаушылығын, дұшпандығын  туғызбау үшін  өзін қызметте тым жоғарылата бермеуді сұрайды. Шынында да бұл орынға қызығушылар аз емес  болатын.

     Сүлеймен оның әскери алғырлығы мен империяға берілгендігін, ынсаптылығын жоғары бағалайтын. Сондықтан бірде өзі падишаһ болып тұрған кезде Ибрагим ешқашан өлім жазасына тартылмайтынын айтып уәде береді. Уәзір болып тағайындалғаннан соң   Ибрагим осман империясында көрнекті саясаткерге айналады. Оның билігі Сүлейменнен бір кем емес еді. 1524 жылы ол Сүлеймен сұлтанның қарындасы Хатиджеге (Хадишаға) үйленеді. Өзінің туған әке-шешесін тауып,  оларды Ыстамбұлға, қасына алдыртады.  Сұлтанахмет алаңындағы оның сарайы әрі берік қамал, әрі еңселі құрылыс болады. Қазір бұл сарайда түрік және мұсылман өнерінің мұражайы орналасқан. Керемет жетістіктерге жетіп жүрген Ибрагим күндердің күнінде парсы еліне жорық барысында өзіне өзі Сұлтан Сераскир деген құрметті атақ беріп жібереді. Мұны өзіне теңескісі келген әрекет деп ұққан Сүлеймен падишаһ қатты намыстанып, оны ары қарай билікте ұстау қауіпті екенін сезеді. Түрлі оқиғалар тізбегінің салдарынан Ибрагимді өлтіру жөнінде үкім шығарылады. Баяғыда Ибрагимді ешқашан өлтірмейтіндігі туралы өзі берген уәдені айналып өтудің амалдарын қарастырады. Ақылдасқанда дін басшылары «ұйқылымен өлі тең», сондықтан жазықты адам сіз ұйқтап жатқанда жазаға тартылу керек деп пәтуа шығарады. Үкім шыққанан кейін Сүлеймен досын қимай жеті күн бойы Ибрагиммен бірге оңаша түстеніп жүреді. Жетінші күні түнде (1936 жылғы 15-наурызда) алдын ала жасырылған төрт мақау жендет пашаны ұйқтап жатқан жерінде тұншықтырып өлтіреді.  13 жыл Бас уәзір болған пашаның жол бойындағы бейітінің басына ешқандай белгі қойылмаған. Дүние-мүлкі османлы мемлекетінің қармағына алынады. 

        4. Сүлемен падишаһтың әйелдері

       Енді оның отбасына келейік. Сүлейменге ұл туып берген алғашқы нақсүйерінің  аты Фюлане. Ұлдың аты Махмұт, ол бір жасында 1521 жылы 29-қарашада шешек эпидемиясынан шетінеп кетті.  Фюлане сұлтан өмірінде ешқандай рөл ойнаған жоқ, 1550 жылы қайтыс болыпты. Екінші нақсүйері – Гюльфем Қатын.  Ол да 1521 жылы Фюланемен жарыса Мурад деген ұл туған, ол да шешектен шетінеді.  Гюльфем бұдан кейін бала көтерген емес, алайда ол ұзақ уақыт сұлтанға жақын, сенімді дос бола білді. Сүлейменнің бұйрығы бойынша ол 1562 жылы тұншықтырылып өлтірілді.   

      Падишаһтың үшінші нақсүйері  черкеш қызы Махидевран сұлтан болды, жұрт арасында ол Гүлбахар деген атпен белгілі. Махидевран сұлтан Сүлейменнен 1515 жылы Шахзаде Мустафа деген ұл,  Разие сұлтан деген қыз тапты. Мұстафа сұлтанның заңды мұрагері болатын. Алайда арадағылардың айдап салуымен 38 жастағы шехзаде 1553 жылы өлтіріледі. Разие Хюррем сұлтанның ұлы Шехзаде Баязидпен қатар  1525 жылы дүниеге келген. 1570 жылы қайтыс болады. Махидевран сұлтан 1581 жылы қайтыс болады, ол шехзаде Мустафаның Бурсадағы кесенесіне жерленген.

      Сүлейменнің төртінші әйелі –Анастасия (кейбір деректерде – Александра) Лисовская, оны гаремде Хюррем сұлтан деп атаса, еуропалықтар Роксолана депті. Хюррем мен Сүлейменнен 1521 жылы Мехмед, 1522 жылы Михримах (қыз), 1523 жылы Абдалла, ал 1524 жылы Селім, 1526 жылы Баязид туған. Бірақ сол жылы Абдалла қайтыс болып кетеді. 1532 жылы Хюррем сұлтанға кенже ұлы Жаһангерді сыйлайды.

     Хюрремнің шын аты жөні Анастасия Лисовская екенін білдік. Ол Украинаның Ивано-Франковск жерінде православ священнигінің отбасында туылған. Түріктердің шабуылы кезінде тұтқынға түсіп, түрік сұлтанының гареміне сатылған. Өзінің көркемдігінің, ақыл-парасатының арқасында тұтқын күңнің деңгейінен Осман империясының ең қуатты сұлтанының сүйікті әйеліне, патшайымға  айналады. Сүлейменді шексіз сүйген Роксалана мұсылман дінін қабылдап, қырық жылдан астам уақыт империяның мәдени, саяси өмірінде айтарлықтай рөл атқарған. Гаремдегі 300-ден астам әйелдің бірде бірі Хюррем жеткен биікке жете алмады.  Сондықтан да болар ол «империяның әйел билеушісі» атанды.    

     Анастасия ешкімге ұқсамайтын, алғыр ойлы, мінезі өткір, ақыл-парасаты биік болыпты. Өзінің жаңа жағдайына біртіндеп көндігіп, көңілді әндерімен, қағытпа әзілдерімен, пысық мінезімен басқалардан ерекшеленді. Ол әрқашан күлімдеп, көңілді, шаттықта жүреді екен. Түріктің «Хюррем» деген аты да «қуаныш әкелер» деген мағына береді. Хюррем падишаһтың гаремін басқарды.

         

      5.  Гарем – тәрбие орны

    Гарем сөзі арабшадан аударғанда «тыйым салынған орын» деген мағынаны береді. Бұл іс жүзінде сұлтанның әйелдері, күңдері мен балалары тұратын мекен. Кейде оны Дар-ус-саадет  «Бақыт ордасы» деп те атаған. Бұрын Осман империясының билеушілері әйелдікке көрші христиан мемлекеттері басшыларының қыздарын алатындықтан  гаремде көбіне күңдер ұсталған көрінеді. Баязид ІІ кезінен бастап сұлтандар әйелді гарем ішінен таңдайтын болған. Жеңімпаз Мехмед ІІ кезінде Ыстамбұлда үлкен Топкапы сарайын салдырған соң  ары қарай гарем сонда орналасқан. Гаремге падишаһ иелік еткен, баласы сұлтан болған әйел валиде атанып іште билік жүргізген. Гаремге Ұлы уәзір (қазіргіше айтқанда Премьер-министр ред), қауіпсіздік бастығы, хазнедар-ұста  жауапты болған, гарем ағалары –әтек құлдар қызмет еткен.  

      Сұлтан гареміне күңдер қайдан келген дейсіз ғой. Ол қиын болмаған. Қыздарды  бес-алты жасар кезінде сатып алып, бәлиғатқа толықтай жеткенше өсіріп, тәрбиелеген. Құран оқуды, музыкалық аспаптарда ойнауды, билеуді, ер адамға қызмет етуді үйрететін болған.   Шығыс елдерінің билеушілері Осман империясымен жақындасу, өздерін қауіпсіз ету үшін, жергілікті тұрғындар    бәлкім әйелдікке таңдап алар деген үмітпен қыздарын падишаһ гареміне өз еріктерімен келісім-шарт арқылы жіберіп отырған. Өйткені онда  қыздар киім тігуді, шілтер тоқуды, дәмді тамақтар жасауды, үй ұстауды, көркем мінез қалыптастыруды үйренетін болған.

     Бой жетіп қалған кезінде Бас уәзір сынап көреді, егер әлдебір дене кемістігі, мінез құлқында жағымсыз жақтары болса  қыздың құны күрт кеміген. Әкесіне төленетін ақы да азайтылған. Падишаһ әйелдікке таңдауы ықтимал болғандықтан өзі сұлу, тартымды, ақылды қыздар  ортада өзін ұстауға, діни білімдерін жетілдіруге ұмтылған. Гаремде падишаһқа ұнап, оның нақсүйеріне айналған әйел екінші қабатқа көшірілген. Егер жүкті болса «икбал» аталып оған барлық жағдайлар жасалған. Алдына 15 түрлі тағам тартылған. Мұрагер перзент туған әйел «қатын-әфенди» атанған. Падишаһтың сүйікті әйелін «хасеки» дейді екен. Сүлеймен падишаһтың әйелі Хюррем ең алғашқы «хасеки».     

       Егер гаремде тоғыз жыл тұрып, бірақ  әйелдікке таңдалмаған болса сұлтан ондай қызға жасауымен үй сыйлап, бөлек шығарып, тұрмысқа шығуына көмектескен.

             6. Династия трагедиясы  

    Тарихшылар арасында әлі күнге дейін Хюрремнің Ұлы Уәзір Ибрагим-паша Паргалының қазасына қатыстылығы талас тудырып келеді. Кейбір зерттеушілер Паша өз билігін құзіретінен асыра пайдаланып, династия келешегіне қауіп төндіретін болған соң өлтірілді десе, енді біреулері ол  Франсиямен өте тығыз байланыста болғандығы үшін айыпталып, өлім жазасына кесілді дейді.  Бәз біреулердің тұжырымында бұл Хюррем сұлтанның айла-шарғысының салдары делінеді. Алайда «Ғажайып Сүлеймен» фильмінде көрсетілгендей емес, шариғат билігі үстемдік құрған ол заманда  жағдай басқаша болатын.  

Хюррем сұлтан Бас уәзір қызметіне қойған Рүстем-паша Мекриге (15441553 жж) өзінің  17 жастағы қызы  Михримахты береді.  Рүстем-паша болса Хюррем сұлтанға  билеуші алдында Мұстафаның сербтермен одақтаса отырып әкесіне қарсы әрекет етіп жатқанын дәлелдеуге көмектеседі (мұндай сыбайластық болған-болмағаны әлі күнге белгісіз). Сүлеймен болса Мұстафаны көз алдында жібек жіппен буындырып өлтіртеді, онымен қоймай одан туған немерелерін түгелдей жер жастандырады. Бұл 1553 жыл болатын. 

     Мұстафа өлген соң Сүлейменнің Хюрремнен туған Селім деген баласы тақ мұрагеріне айналады. Алайда 1558 жылы Хюррем қайтыс болған соң, Хюремнің Баязид деген бесінші  баласы 1559 жылы іштей қызғаныштан көтеріліс жасамақ болады, алайда оны әкесінің әскері талқандайды. Иранға қашып барған жерінен сол жақтың әміршісі  шахТахмасп I ойланбастан 400 мың алтын ақшаға баласын ұстап береді. Баязид 1561 жылы бес ұлымен (ең кішісі үш жаста еді) бірге өлтіріледі.

    Хюррем қайтыс болған соң Сүлеймен басқа әйел алмаған көрінеді.

          7. Фильмдегі бұрмалаушылықтар

      Фильм продюссері    Тимур Саджи түсіру тобының алдына тарихи оқиғаларды қаз қалпында беру мақсаты қойылмағандығын айтады. «Бұл көркем туынды, сондықтан авторлар өз қиялына қарай түрлі персонаждар мен жағдайларды қосуы айып емес» дейді ол.  

      Фильмдегі рөлдерді Сүлеймен падишаһ – Халит Эргенч, хасеки Хюррем сұлтан – Мерьем Узерли (неміс актрисасы), Махидевран Султан –  Нур Феттахоглу,  Ибрагим-паша – Окан Ялабык, Хатидже сұлтанСельма Эргеч, Шехзаде Мұстафа –  Мехмет Гюнсюр, Михримах Султан –  Пелин Карахан, Нигяр-қатын – Филиз Ахмет, Бурак Озчивит – Бали-бей, Селим Байрактар – Сүмбіл аға болып ойнайды.   

      Фильм авторлары «Ғажайып Сүлеймен» сериалы арқылы Османлы империясын еуропалықтар ойлайтындай артта қалған, жартылай жабайы ел емес, кезінде аса қуатты толық қанды империя болғандығын дәлелдеуді мақсат еткен тәрізді. Падишаһтың әділдігі, ақыл-парасаты, қолбасшылық қабілеті, махаббаты мен жүрек тебіренісі арқылы еуропалық көрермен бойында Османлы империясына құрмет  сезімін оятады. 

    Бүгінде әлемнің 70 елінде көрсетіліп жатқан сериал іс жүзінде көптеген тарихи шындықтарды бұрмалайды.  Сүлеймен заманындағы өмір тіршілікті тым еуропландырып жіберілген. Ол кезде әйелдердің, әсіресе гаремдегілердің тіпті ашық-шашық жүруі мүлдем жат нәрсе. Жалаң бас жүру аса ұят саналған. Шариғат жолын ұстанатын елде әйелдердің әлгіндей еркіндіктеріне жол берілмейтін. Ол кез түгілі қазірдің өзінде иманды, арлы әйелдер ондай қадамға бармайды.

    «Ғажайып ғасырда» тұрмыстық тұрғыдан да орын алған көптеген ағаттықтар бүге-шігесіне дейін сыналып жатыр. ХҮІ ғасырда падишаһ жалғыз тамақтанады екен, фильмде еуропалық мәнер басым, кейіпкерлердің  киімдері мен жиһаздары да сол тарихи кезеңге сәйкес келмейді.

      Түркияда бұл сериал көрсетіліп жатқан кезде наразы болған көрермендер бірнеше рет көшеге шығып демонстрациялар өткізген. Өйткені олардың айтуынша сериал авторлары Сүлеймен сұлтан образын  қатты бұрмалаған. Империяны кеңейтіп, гүлдендірген жауынгер падишаһ мұнда қызба тиран, ешкімді аямайтын қанішер, араққұмар әрі қатынқұмар етіп көрсеткен.  Бұл шындыққа үйлеспейді дейді олар.

 

Марат ТОҚАШБАЕВ,

журналист