Тарихтан деректер
Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан Погода в Казахстане


     E-mail адрес: admin@kangly.kz

ga3

  ТАРИХТАН ДЕРЕКТЕР 

 Маңғыстау – Хун – Қаңлы жазуы

   Қазақ халқы өз бастауын Хундардан (Құндар, Кундар, Хуннулар, сюннулар, т.б.) алып, көне түркілерден өрбіген. Қазіргі қазақ елі негізінен қырықтан астам ру-тайпалардан құралып, бүгінгі байтақ Қазақстан аумағында табан аудармай өмір кешкен. Отандық ғұлама ғалымдарымыз осы тұжырымға тоқтаған. Бұған әлем жұртшылығының көзін жеткізуде. Бұл тұжырымның растығын қолда бар материалдар, деректер, тарихи құжаттар барған сайын қуаттауда. Осындай баға жеткісіз көздердің бірі көне түркі күл (руна) жазулы еңбектер болып отыр. Отанымыздың әр түкпірінен көне түркі күл жазулары табылып жатыр. Маңғыстау өлкесінің тарихи ескерткіштері ерекше құнарлылығымен жұртшылықты, әлем ғалымдарын баурап алып келеді.

    Мысалға, «Ерсарының қайрағы» атымен облыс түгілі алты алашқа танымал тарихи нысанды алайық. Өзім «Ерсарының қайрағын» өткен ғасырдың 60-жылдардың аяғынан бері білемін. Неше түрлі аңыздар айтылатын. Соның біріне қарағанда түбегімізде Ерсары есімді елі мен жерін сыртқы жаудан қорғаған алып батыр өткен. Осы алып атаның қайрағы қайсыбір сапырылыста белінен түсіп қалған. Қайрақ бүгін таңда Жаңаөзен қаласы мен оның іргесіндегі Қызылсай ауылы арасында жатыр. Ал бұл тарихи жәдігердің аса маңызды ғылыми маңызы барын көбіміз ойлап, нақты қолдау жасауды қаперге алмадық. Бар болғаны – ғасырлап топырақта шөгіп жатқан, биіктігі бір жарым метрлік «Ерсарының қайрағын» жергілікті азаматтар техника күшімен тұрғызып қойды.

    Сөйтіп жүргенде республикалық «Ақиқат» журналында (2004 ж. №11, № 12) жоғарыда аталған тақырыппен мақала жарық көрді. Бұны оқып, қатты қуандық, әрі таң қалдық.

    «Ақиқаттың» бұл игі ісін ұйымдастырушы, әрі бастамашысы талантты ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Темірхан Медетбеков арысымыз болар деп сендік. Өйткені Темірхан ініміздің 30 жылдық ғұмыры Маңғыстауда еңбек етумен өтті. «Ерсары қайрағына» байланысты аңыз-әңгімелерді бір кісідей білетін-ді. Талантты ақын-жазушыларымыз: Эрнест Төреханов, Аманхан Әлімов, Мереке Құлкенов т.б. назар аударғандарына сенеміз. Осындай елжанды, ұлтжанды азаматтар аман болғай.

    «Ақиқаттағы» ғылыми-зерттеу еңбектің авторы, ғылым докторы О. Бекжан жазғанындай, «Ерсарының қайрағын» Қ. А. Яссауи атындағы Ғылым Орталығы Түркология ғылыми-зерттеу институты ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты Зікірия Жандарбек, Түркия азаматы, филология ғылымының кандидаты Али Аббас Чинар т.б. зиялы топ өкілдері арнайы іссапармен Маңғыстауға келіп, бір ай бойы «Ерсарының қайрағындағы» көне түркі күл (руна) жазуының қыр-сырын ашу үшін тер төкті. Алла сәтін салған болар, зерттеуші ғалымдар әрісі құндар (хун, ғұн, хунну, сюнну, т.б.) тарихына белгілі үлес қосты. Бұл айтылғанға тоқталмас бұрын «Ерсарының қайрағы» туралы мақала арнаған басылымдарға тоқталсақ дейміз. Осы арада Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының рөлін айтқан жөн.

     Сонымен, журналда: «Ерсарының қайрағы» түркология ғылымына жаңалық қосты. Жазулар тас бағанның – «Ерсарының қайрағының» жоғары жағында көне түрік әліпбиімен ірі етіп, терең ойылып жазылған. Үш таңбадан тұрады. Транскипциясы: Қаңқ елі. Аудармасы: Қаңлы елі (тура мағынасы: Қаңқ елі)»,– деп бастайды автор. «Қаңлы ру атауының түпкі түбірі – «қаңқ» сөзі екені Маңғыстау жазуындағы мысалдан айқын аңғарылып отыр. «Қаңқ» сөзі Енесей ескерткіштерінде жиі қолданылады... «Қаңқ» сөзінің басты мағынасы Хун (хунну, сюнну, сиуңну, ғұн, гун) этнонимінің түпкі төркіні болып табылады... Көне түркілер және олардың ата-бабалары – Құңқтар өздерін күннен тараған сәулелер, оттармыз деп санаған, жат жұртқа да солай түсіндірген... Уақыт өте келіп, құңқ атауы қалып, түрік атауы орныққанын байқаймыз...

     С.Кляшторный «Тарман (Торбан) Отырар қаласының бұрынғы аты, ол Қаңлы мемлекетінің астанасы» деген пікір білдірген... Қаңлы елінің үшке бөлінуіне сәйкес, оның орнында дүниеге келген оғыз мемлекеті де үшке бөлініп, үш оғыз аталғаны аңғарылады. Яғни, көне түркі қағандарының өздеріне бағындырып жүрген үш оғыз елі Сыр бойындағы көне Қаңлы мемлекетінің мирасқоры Оғыз мемлекеті деуге болады»...

     «Қаңлы, оғыз мемлекеттері, түркі қағанаты, түргеш елі, сондай-ақ құңқтардан тараған қоңырат, алшын рулары мекендеген жер, ел атаулары Түрік атауымен байланысты болып келетіні мәлім»...

     Талантты ғалым Орынбай Бекжанның аталмыш, еңбегінен жекелеген үзінділер келтіріп отырмыз. Үзінділер түгелімен «Маңғыстау – Хун – Қаңлы жазу этнонимінің түбі бір нәрсе – қазіргі Қазақстан» деген тұжырымға жетелейді. Былайша алғанда Алатау мен Қарт Каспий – Маңғыстау, Алтай мен Еділге дейін ұланғайыр дала төсін арғысақтар, арғытүріктер, арғықазақтардан шыққан алты Алаштың басын қосып, біздің қадим заманғы бабаларымыз өмір кешкен. Олар осынау байтақ далада әрлі-берлі қоныс аударғаны болмаса, түпкілікті мекен еткен. Осы ойды тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков тамаша етіп бейнелеп берді.

    «Қазақ халқы – еліміздің төсімен шауып өте шыққандардан емес, сондағы ғасырлар бойы осы аймақты табан аудармай қоныстанған тұрақты, автохонды ру-тайпалардан халық болып құралды, ел болып өсіп шықты. Олардың алғашқы бастауында Сақтар, Сарматтар, Ғұндар, Үйсіндер, Қаңлылар тұрғанын ұмытуға болмайды... Қазақстан аумағынан прототүркі сақтардан, үйсіндерден, йупандардан (юсбандардан) сары үйсіндерден (түргештерден) құралған «Оноқ» (ежелгі үйсіндердің жалғасы), Бестүрік Дулу (Дулаттардан және т.б. үйсін тайпалары) және Бес Нүшебе (қырғыздар, үйсіндер елі, ежелгі дайлар мен кейініректегі Оғыздардан құралған Адайлар, Сірлер мен Қилсақтардан құралған Қыпшақтар, Аорыстардан, Қыпшақтар мен Аландардан құралған Алшындар, ежелгі Қарақаңлылардан, Оғыздардан және Қаратүргештерден құралған Қаракесектер бірлестігі (Алты ата Әлім, баяғы Арағұндардан кейініректегі басмылдардан Арғындар, Байырқу конфедерациясынан және Сегіз Оғыздар конфедерациясынан шыққан Наймандар және Тоғыздардан бастау алатын Керейлер мен Қоңыраттар, Он қуттардан шыққан Уақтар және т.б.», Байырқу бірлестігінен және Меркілерден шыққан Жалайырлар. Ежелгі қаңлы одағында болған Шанышқылылар және т.б. және кейінгі қазақ деген ру-тайпаларының басым көпшілігі басқа жақтан көшіп келгендерді емес».

    Ғалым Талас Омарбековтің аталмыш тұжырымдарының растығын Ерсарының қайрағындағы сынтастағы көне түркі күл жазулары артығымен дәлелдеп отыр. Маңғыстау жартыаралын кейбіреулер қалмақтардың, келесілері түрікмендердің мекені деген ойды малдауға тырысады. Өзге ұлттар мен елдердің бұл ұланғайыр аумақты тарих көшінде уақытша мекендеп өтулері мүмкін. Ал негізінде Маңғыстау арғытүріктерден шыққан арғықазақтардың мекені болған. Бұйыртса, бола да бермек. «Хунды (Хузды) Ғұзбен (Оғызбен) салыстыруға болмайды, өйткені, тарихи оқиғаларды баяндау реті бұзылады. Осыған орай Хун (Құн) тарихының Оғыз, тарихынан әлдеқайда бұрын өткенін айтса да болады». (Қ.Халид, «Бес тарих», 206 бет, А., 1999)Демек, қазақ деген ұлы халықты құраған 40-тан астам рудың бірі тұтас алғанда қазіргі Батыс Қазақстанды, соның ішінде Маңғыстау даласын жоғарыда аталған қалмақ және түрікмен ру-халықтарынан бұрынырақ мекендеп келген деуге негіз бар. Кімнің кім екенін танытып берген көне жәдігеріміз «Ерсарының қайрағы», сені қайтейін!             Ғылым О.Бекжан атап көрсеткеніндей, тарихта Қаңлы мемлекеті өмір сүрген, оның орнына Оғыз мемлекеті дүниеге келген. Бұл Оғыз бен Қаңлының бір елдің екі атауы екенін білдіреді. Сыр бойындағы көне Қаңлы мемлекетінің мирасқоры. Оғыз мемлекеті деуге болады.         Сөйтіп, Қаңлы, Оғыз мемлекеті, түрік қағанаты, түргеш елі, құңқтардан тараған қоңырат, алшын рулары. Кәрі Каспийдің шығыс бетін Алатауға дейінгі өңірді мекендеген болып шығады. Осы ойды «Ерсарының қайрағы» қуаттап тұрған жоқ па?

    КСРО Ғылым академиясының ғалым докторы С.П.Толстовтың ұзақ жыл жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірнеше кітапта баяндап берді. («Ежелгі Хорезм» М.1948, По следам древнехорезмиской цивилизация», М-Л., 1950, «По древним дельтом Оксарта и Яксарта», М.1962, т.б.) Қысқа қайырмасқа мүмкіндік болмай тұр. Ғалым өз зерттеулерінде Қызылорда қаласының оңтүстік-батысында 200 шақырым жерде орналасқан Түгіскен ежелгі қауымдықтан табылған мәліметтер мен деректерге ерекше қайталап соғады.

   Түгіскен қауымдығында 38, Уйғарақ обасынан 70 қорған қазылып зерттеліпті. Бұл көне жәдігерліктердің бәрі өзінің архитектуралық шешімі жөнінен Орта Азия мен Қазақстандағы өзге әріптестерінен оқ бойы озық тұратынын атап көрсеткен. (Қарақалпақ АССР тарихы, Ташкент, 1974, 29-31 беттер).

    Бұл жерде әңгіме б.з.б. VII-V ғасырлар көші жайына ойысатынын ескерсек, егеменді еліміздің ғұлама ғалымдарымыздың қазіргі қазақ халқының Алатау, Алтай мен Каспий теңізі арасындағы ұлан-байтақ даланы ежелден қоныс етіп келе жатқанын әдемі бейнелеп тұрғандай.

    Ендігі маңызды мәселе – «Ерсарының қайрағы» сияқты баға жеткісіз тарихи жәдігерліктерімізді қастерлеп сақтауда. Сол арқылы қазақтың ежелгі елдер тобына жататынын әлемге насихаттай білуде. Әйтпесе, Маңғыстауды біреулер – қалмақтың, былайғысы – түрікменнің жері деген сияқты іріткі тастаушылық пиғылдарға тиісті тойтарыс бере алмаушылықтан құтыла алмаспыз. Бір ғана мысал. «Например, слово «Казахстан» – это просто «Казакстан», то есть «Казачья стоянка», стан, место, где распологались казачьи силы по охране границы» (220 бет) деген тұжырымды оқығанда сондай күй кешерің хақ. Қараңыз, «Заговор против Россиской истории», М., 2003, Издательство «АНВИКК», переиздан с оригинала 2001 г.

    Басылым авторлары бұндай пікірді қазаққа деген бөтен көзқараспен айтты дей алмаймыз. Бірақ қазақтың әр баласының қолында осындайда сүйенер ғылыми құралы болғаны абзал. Әрі «Ерсарының қайрағына» бірегей ескерткіш көтеріліп жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Елімізге шетелдік туристер ат ізін салмай тұрмас. Егер олар мұндай ескерткіштерді көзбен көріп, жүрекпен сезсе, Қазақстанның, қазақтың ұлы ұғым екеніне ерте ме, кеш пе көкейге түйер-ау. Байтақ Қазақстан аумағы, соның ішінде Маңғыстау өлкесі арғысақтардың, арғықазақтардың түп табаны болғанын отандық ғалымдар дәлелдеп келеді. Осының бірі – жоғарыда келтірілген «Маңғыстау – Хун – Қаңлы» жазуы.

 

Тәжіназар ШАДЫҚҰЛОВ

журналист, жазушы

«Ақтау ақпарат» газеті

03 Тамыз 2012 ж.