ЖАҢАЛЫҚТАР
Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан Погода в Казахстане


     E-mail адрес: admin@kangly.kz

Бірегейлену жолымен — бірігуге !

Құрметті ағайындар! Құрметті туыстар!

Қалың жұртшылыққа мәлім, Қазақстан тәуелсіздігінің 23 жылы ішінде осы мемлекеттің құдай берген құрылтайшылық құқығына ие қазақ халқы өзін өзі танумен айналысып келеді. Рулық, тайпалық  психология мен сана  біртіндеп ұлттық  психология мен ұлттық санаға  айналуы  өте-мөте маңызды. Қызыл империя билігінің жетпіс жылы ішінде  ұлттық менталитетінің  шежірелік сипатынан  ажырап қала жаздаған  халық бүгінгі   мемлекет саясатын  қолдай отырып,  дәл қазір  өткеніне алаңдайды, ата бабаларының  ұмыт болған аты-жөнін жадында жаңғыртқысы келеді. Сондықтан қазақ халқы үшін  бүгін  «Бірегейлену жолымен —  бірігуге!» ұраны, яғни ру-тайпалардың идиентификациялануы өте маңызды. Өйткені шежіре тарихтарымызды ретке келтіріп алмасақ, ол енді бір  20-30 жылда мүлде жоғалуы  ықтимал. Бірігуіміз үшін де өткенімізді білуіміз керек.

Осыдан жарты жыл бұрын  Алматы қаласы мен Алматы облысында тұратын қаңлы тайпасы  өкілдерінің басын құрайтын заңды тұлға «Бәйтерек-Келдібек» қоғамдық қоры дүниеге келді. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқын  қырық бес тайпа құрайтын болса солардың бірі – ҚАҢЛЫ тайпасы. 5 мың жылға жуық  тарихы бар,   қазақ халқын құрасқан көне де қастерлі Қаңлы тайпасының тарихымыздағы орны айырықша. Тарих — әділеттілікті ғана қалайды. Жаңадан құрылған Қор қаңлы тайпасының өткені  мен шежіресін зерттеу арқылы қазақ халқының  тарихын  мен шежіресін толықтыруды көздейді.      

          Қазақ тұрмысының көрнекті зерттеушісі М.Тынышбаев келтірген деректерге қарағанда 1917 жылы Сырдария өңірінде 160 мың түтін, Әулие Ата маңында 20 мың түтін, Жетісуда  10 мың түтін қаңлы болған екен. Бұл ұзын саны бір миллиондай адам деген сөз. Алайда 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс,  1921 жылғы, 1929-1932 жылдардағы ашаршылық,  1937 жылғы саяси қуғын сүргін,  1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы бәрін қосқанда 4 миллиондай қазақты құрбан етсе,  бұл нәубеттер жарты миллионнан астам қаңлының  көзін жойды. Тарихымызда да ақтаңдақтар көп. Ғалымдардың да, зерттеушілердің де  міндеті сол ақтаңдақтарды жойып, ақиқатты қалпына келтіру. 

    2009 жылы 6-маусымда Қор тарапынан  Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт  жерінде қаңлы әруақтарына арнап Ас берілді. Алда атқарылар шаруа шаш етектен.  Біз Сізді осы мақсатта қор жұмысына жәрдем береді деген үміттеміз. Тарихшылардың дәлелдеуінше қазақ тарихы қаңлы тарихынан бастау алады. Қор тарихшылардың, зерттеушілердің, бұқара қауымның назарын осы мәселеге аударғанды жөн көреді.

     Қордың ашылған жаңа сайты мүбәрәк болсын!

    Біздің тарихымыз – ортақ, Әнұранымыз – ортақ,

    Елтаңбамыз – ортақ, көгілдір байрағымыз – ортақ.

    Біз әрқашан да біргеміз!