ЖАҢАЛЫҚТАР
Ежедневные курсы валют в Республике Казахстан Погода в Казахстане


     E-mail адрес: admin@kangly.kz

Қаңлы Қараш биге – құрмет

      4-маусым күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Тескенсу ауылдық округінде Қаңлы Қараш бидің 190 жылдығына арналған салтанат пен Ас беру шарасы өткізілді. Салтанатқа Қазақстанның көп-теген облыстарының өкіл¬дері, сондай-ақ Өзбекстан, Қыр¬ғыз¬стан, Түркия елдерінен келген қонақтар қатысты.
     Алматы – Нарынқол тас жолының бойында Тескенсу ауылының шығыс жағындағы 2 шақырым жерде «Қаңлы Қараш би» меммориалдық кесенесі маңында жұмыртқадай ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, сахна орнатылыпты. Кесененің солтүстік батысы ат спорты ойындары өткізілетін орын ретінде белгіленілген. Салта¬натқа үш мыңдай адам қатысты. Жиын Қаңлы Қараш би баба аруағына бағыштап Құран оқудан басталды. Бұдан соң Алматы облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының әртістері әзірлеген «Сарбұқа мен Шадай» атты сахналық көрініс тамашаланды.

       Салтанатты Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинали Ысқақ құттықтау лебізбен ашты. Бұдан соң Қазақстан Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі, профессор Марат Тоқашбаев Қаңлы Қараш бидің өмірі мен халыққа сіңірген еңбегі туралы баяндама жасады. Теңізбайұлы Қараш – ХІХ ғасырдың ортасында Алатаудың етегінде Түргеннің сайы мен Бақай тауының аралығында билік құрған, патшалық билік орнаған кезде Бақай болыс¬тығын құрып, оны ұзақ жылдар басқарған би, шешен тұл¬ға. Қаңлы Қараштың атын шығар¬ған әділдігі мен туралығы екен. Түргенде би болып тұрған кезінде сол жақтың бір шалы елді жамандап келгенде: «Осы елдің қарайған төбесі мен болсам – бұл ел менің төңірегімді былғамай қайда барады. Елді жамандама!» – деп тыйған екен. Қараш бидің көрші отырған басқа ру-тайпалардың өкілдерін де бауырына тартқаны, көшіп келгендердің қоныстануына жағдай жасағаны жұрт арасында әлі күнге аңыз етіп айтылады. Оның Жетісудың генерал-губернаторы А.Г.Колпаковскиймен жақсы қарым-қатынаста болға¬ны, қазақ ауылдарын казак-орыс басқыншылығынан қорғап отырғаны, Эрмитажға бірталай этнографиялық құндылықтарды жііберіскені де тарихи деректер.

   Өлкенің өркендеуіне Қараш бидің өзі ғана емес Бақай бау¬райындағы оның алыс-жақын туыстары ілгерілі-кейінді осы өңір¬дің гүлденуіне айтулы үлес қосты. Бүгінгі ұрпақ Бау¬бек¬ұлы Шелек бабаның, Жетісу облысынан Алашорда үкіметінің мүшесі, депутат болған Садық Аманжоловтың, Жетісуда кеңес өкіметін ор¬натуға белсене атсалысқан Ах¬мет¬жан Шымболатовтың, Димаш Ахметұлындай ұлт перзентін дүниеге әкелген Зәуре Байырқызы Аманжолованың, Күреңбелде шаруа қазақтарды қорғап «банды» атанған Төлен¬діұлы Құндақбай батыр¬дың, өңірде кеңес шаруа-шылық¬тарын құрысқан Ыбырайым Мыр¬забекұлының, Сәтпай Жа-нысбаевтың, Кеңес Ода¬ғының Батыры Жүнісбай Қайыповтың, соғыстан кейін ұзақ жылдар Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарын басқарған Алханбек Мә묬кеев¬тің, Қазақстан үкіме¬тінің мүшесі болған Атымтай Қисановтың, Еңбекшіқазақ ауданын басқарған Құдайберген Орын¬бетовтың есімдерін құр¬метпен еске алады.
      Бұдан кейін Алматы облыс¬тық Ардагерлер кеңесінің тө¬ра¬ғасы Ермек Келімсейіт, Оң¬түстік Қазақстан облысынан келген мейман, еңбек ардагері Нұрмұхаммед Әжметов, Өз¬бекстаннан келген меймандар атынан Дамир Қалдыбаев, Еңбекшіқазақ ауданының құр¬метті азаматы, еңбек ардагері Аянбек Дауытқұлов құттықтау лебіздерін білдірді. Жиынды «Бәйтерек-Келдібек» қорының төрағасы, ел ағасы Елеусіз Сұл¬танғазиев қорытындылап, құр¬метті қонақтарға арнайы шапан жапты. Қонақтарға қордың де¬меу¬шілігімен шығарылған «Қаң¬лы Қараш би» кітабы таратыл-ды.
      Ары қарай жиналған жұрт «Оты¬рар сазы» оркестрінің кон¬цертін тамашалады. Ас ары қарай бәйге, көкпар сияқты ат спор¬ты ойындарымен жалғасын тапты.


Меліс СЕЙДАХМЕТ,
«Президент және Халық»